«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер

2015 жылғы 27 Мамыр
- Алматы қаласы
16641 просмотров

«Бибіхан» ательесі мен Палата арасындағы қарым-қатынас тарихы әріден келеді және табыспен жалғасуда. Ұйым Әлия Демеуханқызының жаңа биіктерге жетуіне және бизнесін одан әрі дамытуына көмектесіп келеді.

Тігіншіден кәсіпкерлікке дейін

Ол өз қызметін сонау ауыр 90 жылдары Жамбыл облысы Қаратау қаласында бастаған болатын. Сол жылдары ол жұмыс жасаған фосфатты кендер өндіру жөніндегі өнеркәсіп кәсіпорны жабылып қалады. Өмір сүру өте ауыр болды әрі отбасын асырау керек.

«Сол жылдары жағдайым өте ауыр болды: кенеттен күйеуім қайтыс болды, қолымда үш балам бар… жұмыспен бірге хоббиім болған еді – түрлі нәрселер тігетінмін. Бала кезімнен ерекше киіндім, киімдерді өзім тігіп киетінмін, ателье ашу арманым болатын», - дейді Әлия Бектілеуова.

«Содан жергілікті табиғи үлбірден тон жасайтын «Прогресс» фабрикасына жұмысқа тұрдым. Бірақ онда жұмыс жасау қиын болды – біресе жарық өшіп қалады, біресе шикізат жеткізілмей жатады… Тіршілік жасау үшін, Алматыға келдік, жеке тон өндірісін ұйымдастырдық. Шикізатты өзіміз сатып алдық, тонды өзіміз тігіп, Ресейге саттық. Бірақ ол кезде бәсекелестік қатаң болатын, өткізу жағынан, рэкетпен және басқаларымен түйткілдер туа бастады. Апайым екеуміз әрі қарай қалай өмір сүретінімізді ойластырдық. Ол маған тігінмен айналысуға кеңес берді. Бұл ойға шүбәмен қарадым: «Базар тұрғанда кім менен сатып алады?».

Бірақ достар мен туыстар Әлияның талантын біле тұрып, қолынан бірнәрсе келеріне сенімді болады. Ол да ақылға беріліп, жайымен тіге бастайды. Алғашқы клиенттер пайда болады, сосын біртіндеп олардың қарасы көбейке береді. «Ұзынқұлақтың» көмегі тиеді.  Қазір Әлия Демеуханқызының шағын екі цехы бар. Кез-келген дүниені тігеді - ерлер, әйелдер, балалар киімін - жейделер, костюмдер, кеудешелер, көйлектер… Бір сөзбен айтқанда, киюге келетіннің барлығы.

«Концерттік костюмдер тіге аламыз, тулар да тапсырып жатады. Өзім пішемін, жас қызметкерлерге үйреттім. Барлығы 8 адам жұмыс жасаймыз, менің бөлімшемде 6 адам. Жақында екінші нүкте аштық, онда қызым мен жиенім жұмыс жасайды. Жаңа үлгілер жасаймыз», - дейді кәсіпкер.

Ынтымақтастық тарихы

«Жеке кәсіпкер» мәртебесін 2006 жылы алады. Өндірісі кеңейген соң екінші өткізу нүктесі пайда болғанда қосымша бухгалтерлік есеп қажет болады. Содан Әлия Демеуханқызы қажет көмек алуға болатынын естіп, алғаш рет Алматы Кәсіпкерлер палатасына келеді.

«Былтырдан бері Кәсіпкерлер палатасынан қызмет алып жүрміз. Бала кезімнен Сән үйін ашу арманым еді. 2006 жылы жер алып, құрылысты бастаған болатынмын. Бірақ оған қаражатым жетпеді. «ДАМУ» бағдарламасымен кредит алдым, және де қаражаттың жартысын игеріп қойдым. Сән үйін салу үшін бизнес-жоспар дайындауым қажет болды, содан қайтадан Кәсіпкерлер палатасына жүгіндім. Ол жерде жоспарды жылдам әрі тегін жасап берді. Мен үшін бұл үлкен көмек, дұрыс экономикалық есептеулер жүргізу қиын болды, оның үстіне, бар уақытым өндіріске кетеді», - деді Әлия Бектілеуова. – «Қазір Палатаға тағы көмек сұрап келіп тұрмын – кедендік тазарту жөнінен, және де кейбір заңгерлік мәселелерде сауалдар туындап жатыр. Осы мәселелермен жақында ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгіндім. Болашақта да осы ұйыммен ынтымақтастықта болғым келеді, себебі мұнда шынайы көмек көрсетіледі әрі жөнді кеңестер беріледі».

Тігін цехы иесінің ендігі жоспары – Алматыда мобильді тапсырыс қабылдау орындарын ұйымдастыру және өңірлік нарыққа шығу.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер