«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасы 2017 жылы жалпы құны 2млрд.427млн.теңгені құрайтын жобаны сүйемелдеген

2018 жылғы 11 Қаңтар
- Қызылорда облысы
5508 просмотров

Бұл туралы Палатаның Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Салават Құлмахан айтты

«Мәселен, былтыр Кәсіпкерлер палатасынан кәсіпкерлер 2187 қызметті тегін алған болса, бір жылда 7327 азаматқа кәсіп ашу және өзге де кәсіпкерлік саласына қатысты 15143 кеңес берілген.   Айта кету керек, 2017 жылы біздің кеңесшілеріміз жалпы құны 2 млрд.427 млн.теңгені құрайтын 372 жобаны сүйемелдеген. Біздің өңірімізде «Бизнес кеңесші» оқу курсы аса зор сұранысқа ие. Біз өткен жылы жоспар бойынша 804 адамды оқыту керек болатынбыз, бірақ сұраныстың көптігінен 1555 қызылордалық курс аясында біліктілігін көтерді», - дейді Салават Құлмахан.

Қазіргі таңда кәсіпті нәсіп етемін деген адамға жұмыс жетеді. Нарықтың осы заңдылығын игерген жанның бірі – Жадыра Құлмырзаева. Ол жастайынан тігін өнерінің қыр сырын игеріп, ине жіпке біршама жақын болып өскен. Дизайнер мамандығын игергені де сондықтан болар. Алғашында шағын тігін цехын ашып, өзінің жеке кәсібін бастаған бойжеткен, енді осы цехты кеңейтуді жоспарлайды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шағын несиелеу жүргізетінін естіген ол, кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінеді. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері Жадыраға қаржы институтынан несие алуға қажетті құжаттарды әзірлеп береді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы «Қолдау» бағдарламасы аясында 1 млн. 600 мың теңге несие алған жас кәсіпкер, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар екі шағын цехта бөлініп жұмыс жасайды. Тігіншілердің өніміне сұраныс та жоғары.

«Тігін ісімен 3-4 жылдан бері айналысамын. Әрі қарай дамыту үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кеңес алдым. Бизнес жоспарымды жасап берді. Осы жобамен Қордан ақша алып, екінші шеберханамды ашып отырмын», - дейді жеке кәсіпкер Жадыра Құлмырзаева.

Шағын тігін шеберханасында  мектеп формасы, арнайы жұмыс киімдері, кешкі көйлектер тапсырыспен тігіледі. Он қолынан өнері тамған тігіншілер ескі киімдерді өңдеумен де айналысады. Ісмерлерден үйрену үшін бұл жерге колледж студенттері де келіп, тәжірибеден өтеді.

Жадыраның екінші тігін шеберханасында қыз жасауы дайындалады. Мұнда тігілген ұлттық нақышпен өрнектелген қыз жасауы, оюланған жастықтар, төсек жабдықтары тұтынушылардың көңілінен шығып отыр. Жас та болса бас боп жүрген кәсіп иесінің алдағы жоспары да ауқымды, ол екі шағын шеберхананы біріктіріп, үлкен тігін орталығын ашқысы келеді. Терезе  перделерін тігу де ойында бар.  Қазіргі уақытта тігін цехы кент халқының  сұранысын қанағаттандырып отыр.  Сондықтан, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге мол мүмкіндік бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер