Қарапайым мемлекеттік инвестор
«POLITERM» ЖШС жобаны инвестициялауға тиіс «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ әрекетінің салдарынан Ақмола облысы Макинка қаласында минералды-мақталы тақталар мен базальт жыныстардан жасалатын төсеніштер өндірісі бойынша зауыт тұрғыза алмай жүргеніне үш жыл болған. Мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.
«Мәселе Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің (ТДҰА) 2010 жылдан бері инженерлік-техникалық құжаттаманы бермегендігінде болып отыр, осының салдарынан толыққанды жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтай алмадық. Бүгін осы себептен жобаны аяқтауға және оны пайдалануға беруге қажет ақшалай қаражат тапшылығы туындап отыр. ТДҰА және «Бәйтерек» тарапынан жобаны осы жылғы қаңтар айының соңына дейін қаржыландыруға уәде берілген болатын. Кейін жобаның екінші тоқсан соңына дейін қаржыландырылатыны жайлы тағы бір хат келді. Олардың тарапынан әлі күнге дейін ешқандай әрекет жасалған жоқ», - деп «POLITERM» ЖШС басқарма төрағасы Жасұлан Мұхамеджанов отырыс алдында журналистерге жағдайды сипаттап берді.
Оның айтуынша, жоба құны 5,6 миллиард теңгені құрайды, алайда шығынның өзі осы күнде 500 миллион теңгеге жеткен.
«Тапшылық орын алып отыр – бұл жобаның қымбаттауы емес, тапшылық екеніне назар аударғым келеді. Егер бізге бастапқыда инженерлік-техникалық құжаттама ұсынылған болса, аталмыш жобаның шынайы құнын басынан-ақ білер едік. Ал бүгінде, мемлекеттік сараптамадан кейін аталмыш жобаны аяқтау үшін 1,6 миллиард теңгедегі тапшылық анықталып отыр», - деп атады Жасұлан Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, жобаның экономикалық тиімділігі салалық басшылықтың оң бағасын алған, оның ел экономикасы үшін де, жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан да лайықтылығы мойындалған.
ҚР ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард теңге көлеміндегі қарыздық қаражат тартылғанын хабарлады. «POLITERM» ЖШС «Өнімділік 2020» ҚР Мемлекеттік инвестициялық даму бағдарламасы бойынша және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тұрғызылатын Ақмола облысы Макинка қаласындағы зауыт құрылысының жобасын жүзеге асыру барысында шешімдерді қабылдау және келісу кезінде «ТДҰА» АҚ тарапынан қиындықтарға ұшырап тұрады.
«Нәтижесінде еліміз үшін бірегей инвестициялық жоба үш жылдан бері іске асырылмай келеді», - деді ол.
«Сонымен бірге, «ТДҰА» АҚ қатысатын басқа да инвестициялық жобалар бойынша да осыған ұқсас түйткілдер орын алып отырғанын атап өтуді жөн санадық. Алдын-ала қоғамдық мониторинг өткіздік, бес инвестициялық жоба зерттелді. Өкінішке орай, аталмыш инвестициялық жобалардың қисынды түрде аяқталып, пайдалануға берілгені жайлы ақпарат таппадық», - дейді Олег Савеленко.
«ТДҰА» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өміржан Тәшімов бүгінде жобаны қаржыландырудың 1,6 миллиард теңге мөлшеріндегі тапшылығы жөніндегі мәселенің қаралып жатқанын атады.
«Тапшылықты қаржыландыру мәселесі қаралады, және де, іс жүзінде, оны басқару органы – директорлар кеңесінде қарауды көздеп отырмыз. Сұралып отырған тапшылық сомасын сараптаулар толыққанды растап отырған жоқ, тапшылықтың нақты сомасын барлық мемлекеттік сараптаманы алғаннан кейін ғана түсінуге болады», - деді ол.
Өміржан Тәшімов сонымен қатар қалған инвестициялық жобалар бойынша агенттікте түйткіл жоқ екенін және мемлекеттік компания тарапынан барлық міндеттеменің толығымен орындалғанын айта кетті.
Қақтығыс тараптары сөйлеп болған соң ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбарасы Рустам Жүрсінов жағдайға деген өз көзқарасын баяндады. «Ерекше жағдай орын алып отыр. Бизнес – бұл қандай да бір игілік өндіру, онда екі серіктес қандай да бір өнім жасап шығады. Мұнда серіктестің бірі ештеңеге қарамастан жобаны алып шығуға тырысуда, ал екіншісі «Анауым жоқ, мынауым жетіспейді», - деп қарап отыр. Түсінсеңіздер, бұл кәсіпкерлік қызмет, ал сіздер мемлекеттік дей тұрғанмен, акционерлік қоғамсыздар», - деді басқарма төрағасының орынбасары.
«Маркетингтік жоспар жоқ, сараптама жоқ», - дейсіздер. Кешіріңіздер, бірақ құрылтай шартына қол қойып отырып, инвестициялық шешімді қабылдап қойған болатынсыздар. Ол үшін біреу жауапкершілік алды ма? Қазір міндеттемелеріңізді орындамай, республика үшін бағалы жобаны тәуекелге қалдырып отырсыздар. «Мемлекеттік табыс комитетіне сараптамаға бердік» дейсіздер. Қай тұрғыдан зерттемекшісіздер? Шын мәнісінде, қаржыландыру мәселесін шешу ойларыңызда жоқ... Алайда егер жобаға көмектеспесеңіздер, тек тежейтін болсаңыздар, одан шығасыздар. Бизнесте былай: не бірге жүресің, не серіктесіңе бөгет жасамай, өз үлесіңді сатасың», - деп мәлімдеді Рустам Жүрсінов.
Блогер Ғалым Байтүк отырыстан соң журналистерге жағдай төңірегінде түсінік беріп, ірі инвестициялық жобаларға қоғамдық бақылау жасалуы қажет деген ой айтты.
«Президенттің «100 нақты қадам» Бағдарламасындағы басты тармақтардың бірі қоғамдық кеңестер құру болып табылады. Қазір құны миллиард теңгеден асатын барлық ірі жобаларға қоғамдық бақылау енгізу керек деп ойлаймыз. Бұл не директорлар кеңестерінің мүшелері, не қандай да бір қоғамдық кураторлар болсын. Кейде қиын жағдайлар орын алады, көптеген кәсіпкерлер өздерін қорғай алатын құрылымдарды білмей жатады. Сондықтан да кәсіпкердің жұртшылық қолдауын сезінгені аса маңызды», - деді ол.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымов қорытынды жасай отырып, «POLITERM» ЖШС түйткілі бойынша қарарды жариялады.
«Біріншіден, «POLITERM» ЖШС инвестициялық жобасын толық көлемде жүзеге асыруға жәрдем көрсету мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және ҚР инвестициялар және даму министріне, инвестициялық омбудсмен Әсет Исекешевке өтініштер жолдауды ұсыну. Екіншіден, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ҚР Бас прокуратурасымен бірге «ТДҰА» АҚ қызметіне ҚР заңнамасын сақтау мәніне тексеру жүргізуді ұсыну», - деді ол.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: