«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кооперациялық қозғалыс жаппай кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді – сарапшы

2018 жылғы 05 Мамыр
- Жетісу облысы
6863 просмотров

Талдықорғанда кооперативті кәсіпкерлік бойынша әйелдерге арналған семинар өтті

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің аймақтарда кооперативті кәсіпкерлік негіздеріне ауқымды оқыту бойынша бастамасы қарқын алуда.

Айта кетелік, биыл сәуірде Алматы облысы Іскер әйелдер өңірлік кеңесінің кеңейтілген жиынында «Атамекен»  ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының басшысы, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова өңірдегі әйел кәсіпкерлерді салалық қауымдастықтарды құруға үндеген болатын. Биыл Іскер әйелдер кеңесі әйел кооперациясы дамуына ден қоймақ.

«Облыстар кооперациялық қозғалысты дамытуы үшін мемлекет белгілі бір деңгейде KPI қойды. Біз назарымызды Агроөнеркәсіп кешеніне бұрып отырмыз. Кооперацияның мүмкіндігі орасан.  Жалпы әлемдік кооперциялық қозғалысқа 700 млн адам жұмылдырылған. Сервис саласында дамыған инфрақұрылым жайында айтатын болсақ, мәселен Италия, Франция мемлекеттерінде мұны кооперация орындап отырғанын естен шығармау керек. Бұл үдеріс жергілікті атқарушы органдары үшін тиімді, өйткені кәсіпкерлік қоғамдастық осы бағыт үшін жауапкершілікті көтеріп, оның ынтымақпен атқарып келеді», – деді Лаззат Рамазанова.

Талдықорған қаласында кооперациялық әлеуетті жандандыру мақсатында кооперацияны құру және жүргізу бойынша семинар ұйымдастырылды. Дәрісті айтуылы бизнес-тренер, Ұлттық кооперативтер және басқа да экономикалық қоғамдастықтар қауымдастығының президенті  Қазыбек Шайх оқыды.

Семинар-тренингке облыстың 60-тан астам қыз-келіншегі қатысты.

Қазыбек Шайхтың айтуынша, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік реттеу факторлардан басқа психологиялық мәселелер де кедергі келтіреді. Өйткені кәсіпкерлер өз еңбектерінің белгісіз «кепілденбеген нәтижесі» туралы қорқыныштан арылуға мәжбүр. Осы ретте төмен бизнес-сауаттылық пен бизнес бастаудағы алғашқы капиталдың болмауы да теріс әсер етеді.

«Кәсіпкерлер аз шығын талап ететін және тез нәтиже әкелетін кәсіпкерлік болса, оған тез әрі оңай кіріседі. Қорқыныш  факторы кәсіпкерлік бастауға қатты құлшынған адамдарды да тоқтатады. Сондықтан кооперативтер жаппай кәсіпкерлікті енгізуде нәтижелі әдіс болып табылады. Мәселен, КСРО құлап, нарықтық экономика басталарда кооперативтер алғашқы табысты кәсіпкерлерді қалыптастырды», – деді Қазыбек Шайх.

 Халықаралық дәрежедегі сарапшы кооперацияның кедейлікпен күрес және жұмыспен қамтудағы ерекшелігіне тоқталды. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылдағы қарарында кедейшілікті қысқарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграциядағы кооперативтердің ерекше рөлін атап өтті.

 «Кооперациялық қозғалыстың дамуы нағыз серпін болып, қызметке анағұрлым көп адамды жұмылдыруға, халыққа оңтайлы формаларда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға  мүмкіндік береді. Әр ұйымдасқан кооператив өз айналасында эко-жүйе құрады, онда бірнеше шағын және орта кәсіпорын белсенді дами алады», – деді Шайх.

 Сарапшының пікірінше, кооперация қозғалысына әйелдердің атсалысуы оларға үйде отырып жұмыс істеп, отбасы мен балалардан қол үзбей кәсіби өсуге, сонымен қатар қаржылық дербестікке жол ашады.

Қазыбек Шайх практикалық ұсыныстармен бөлісіп, қатысушылар арасында іскерлік ойындарды өткізді.

Семинар аяқталысымен тыңдаушыларға курстан өткені туралы сертификаттар табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер