«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болат Палымбетов: «Бизнесмендер қажет кезде көмек көрсете алатын институттардың бар екенін білуі қажет»

2017 жылғы 12 Қаңтар
13519 просмотров

Бизнес-омбудсмен қызметі елімізде 2016 жылдың ақпан айында ғана пайда болғанымен, бүгінде аталмыш институт іс жүзінде тиімділігін дәлелдеп үлгерді деуге болады. Осы орайда Қазақстандағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі алғашқы уәкіл Болат Палымбетов мырзаны әңгімеге тарттық.

- Болат Әбілқасымұлы бірден төтесіне көшсек, соңғы уақытта кәсіпкерлер арасындағы даулар тұтас қоғамның талқылауына шығып жататын жайлар жиілеп кетті. Екі жақтың наразылығы, бір-бірін кінәлауы, осының бәрі әлеуметтік желіде, БАҚ бетінде таралады. Жағдайды қайсыбір жолмен ретке келтіруге бола ма, қалай ойлайсыз?

Сөзіңіздің жаны бар, кейінгі кезде мұндай дүние жиілеп кетті. Оқыс оқиғалар әлеуметтік резонанс тудырады, себебі кәсіпкерлер аштық жариялау, митингке шығу сияқты төтенше шараларға барады. Оған жеткізбеуге болады деп санаймын. Себебі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – өзекті мәселелерді құқықтық алаңда талқылауға арналған таптырмайтын орын. Мұндай алаңда көптеген мәселелерді шешуге болады. Даулы сәттер де болады, оған келісемін, бірақ кез-келген жағдайда мәмілеге келген жөн. Көпшіліктің алдында, оның үстіне БАҚ немесе сот органдарын тартып, талқылау ешкімге де керек емес артық әуре-сарсаң.

Барлық түйткілдерді сотқа дейін тарқатуға болады. Оның үстіне аталмыш алаң барлық өңірлерде ұсынылып отыр. Ал мұндай бірегей алаңның Қазақстанда ғана бар екенін атап өту керек. Істі ушықтырмай бітімге келуді көздейтін медиация саласының елімізге сіңісіп кетеріне сенімім мол.

Ұлттық палата ұйым ретінде, Қазақстан кәсіпкерлерінің бірлестігі ретінде қалыптасты деп сенімді түрде айтуға болады. Кәсіпкерлер қазіргі уақытта ұсыныстарымен және түйткілдерімен басқа органдарға  жүгірмей, мақсатты түрде «Атамекенге» келеді. Олар ұсыныстарын жүзеге асыруда әрі түйткілдерін шешуде дәл осы органның көмектесе алатынын біледі, яғни Палата олардың сенімінен шығып отыр.

- Ел ішін аралап шыққаныңызды білеміз. Облыс әкімдерімен, облыс прокурорларымен, бастысы, кәсіпкерлермен кездестіңіз. Кездесулерге тілек білдірген кәсіпкерлердің барлығы келді. Жалпы, қандай әсер алғаныңызды білгіміз келеді

Иә, Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтық. Бірақ өңірлерге бармастан бұрын, келіп түскен шағымдарды құрылымы бойынша мұқият талдаудан өткізіп алдық. Астанаға келіп түсетін жер қатынастары, құрылыс, сәулет және т.б. салалардағы кәсіпкерлер құқықтарына қысым көрсетуге жасалған шағымдардың 90%-ын дерлік жергілікті деңгейде шешуге болады. Яғни кәсіпкерлер өз өңірлерінде жауап таба алмағандықтан, мемлекеттік органдарға жүгінеді.

Кәсіпкерлер түсірген шағымдар жайлы айта келіп, олардың барлығының бірдей болғанын, әрі өңірлер басшыларына жеткізілгенін баса көрсеткім келеді. Мысалы, жер телімдерін алу түйткілі барлық өңірлерде дерлік  Бас жоспар мен толық жоспарлау жобасына сәйкес келмеу салдарынан болып отыр.

Біз әкімдік сайтына Бас жоспарды жариялауды ұсындық. Жалпы, барлық облыстарда жер телімдері аукциондар арқылы өткізіле бастады, бизнес өкілдері түрлі комиссиялар құрамына кірді. Бірқатар әкімдіктер сайттарында елдімекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша ақпарат орналастырылып қойды.

Өңірлік деңгейдегі түйткілді мәселелер негізінде көбінесе заңсыз шешімдер мен қаулылар шығаратын жергілікті атқару органдарының заңсыз әрекеттерімен байланысты.

Кездесулер кезінде барлық облыстардың басшылары кәсіпкерліктің өз өңірлерінде дамытылуына мүдделі екендерін байқатты және жергілікті бизнесмендердің мәселелері бойынша кездесуге дайын. Олар ниеттерін істерімен де растап отыр.

- Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттігі мен құзырының арқасында мемлекеттік органдармен айтарлықтай тығыз жұмыс жасайды. Осы жұмыс барысында мемлекеттік органдардың ашықтығына қандай баға берер едіңіз?

Жоғарыда айтылғандай, барлық өңірлердегі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен кездесулер өткіздік. Сондай-ақ Жоғарғы сот Төрағасымен және Бас прокурормен бірқатар кездесулер өткізілді.

Аталмыш кездесулер барысында бизнестің ең өзекті түйткілдері талқыға салынып, мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар кешені жасалды. Мысалы, мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнеске қатысты тексерулердің қысқартылуын көздейтін бизнеске жасалатын қысымды төмендету жөніндегі Жол картасы бекітілді.      

Мемлекеттік органдар осы уақытқа дейін бизнес түйткілдерін шешуде белсенділік көрсетіп келді. Мемлекеттік органдар елдегі кәсіпкерліктің дамуына барынша атсалысып келеді деп айта аламын.

- Шетелде осындай омбудсмен институттары қызмет жасай ма?

Бүгінгі таңда омбудсмен институты 50-ден астам елде бар: президенттік республикаларда (Финляндия, Франция, АҚШ), парламенттік республикаларда (Швейцария, Австрия, ГФР), конституциялық монархияларда (Дания, Норвегия, Швеция, Испания, Австралия, Нидерланд, Ұлыбритания, Канада).  Әу баста, 1809 жылы, омбудсмен институтының негізін Швеция парламенті қалаған. Посткеңестік кеңістігінде бизнес-омбудсмен институты Украинада, Грузияда, Ресейде қызмет жасап жатыр. Ағымдағы жылдың маусым айында РФ бизнес-омбудсмені Борис Титовтың шақыруымен Ресей бизнес-омбудсмендерінің VІІ Бүкілресейлік конференциясына қатысып қайттым.

Бизнес-омбудсмен мақсаттарының бірі – шетелдік мемлекетте қиын жағдайға тап болған қазақстандық кәсіпкерлерге жәрдем көрсету. Бұл ретте негізгі түйткілдер шетелдік серіктестер тарапынан тауарлар жеткізу жөніндегі міндеттемелерді және қаржылық міндеттемелерді сақтамаумен байланысты.

Бизнесмендер қажет кезде көмек көрсете алатын институттардың бар екенін білуі қажет. Кездесудің негізгі мақсаты да дәл осында еді. Қазақстандық бизнесмендер шетелде құқықтары бұзылып жатқан жағдайда, шетелдік органдар тарапынан әрекеттеріне заңсыз килігу орын алып жатса, біздің тарапымыздан тиісті қолдау алатындықтарына сенімді болуға тиіс.

Конференцияда екі мемлекет аумағында бизнес үшін жағымды жағдайды сақтап тұруға қатысты қол жеткізілген келісімдер негізінде кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдердің алдағы ынтымақтастығын құру мақсатында меморандумға қол қойылды.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер арасындағы ынтымақтастықтың мемлекеттік әрі өңірлік деңгейде де жалғасын табарына сенемін. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер