«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Орынды талап дау тудырмауы тиіс

2016 жылғы 24 Қараша
- Шымкент қаласы
4827 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған мақта тиелген вагондарға қатысты күрделі жағдай Кәсіпкерлер палатасының араласуымен оң шешім тапты

Қазақ мақта қауымдастығы Кәсіпкерлер палатасына бірнеше мақта компаниясының басындағы проблеманы шешіп беруді сұраған. Қауымдастық өкілдері 4 мың тонна жүгі бар вагондар Мақтаарал бекетінде қалып қойғанына шағымданады. Сөйтсе, мақта тиелген вагондар екі аптадан бері аталған бекетте шынында тұрып қалған екен. Бекет қызметкерлері бәріне басшылық жауап береді деп, мәселеге қатысты мардымды ештеңе айтпаған. Өкінішке қарай, вагондардың аяқасты тоқтауы, келісімшарт талаптарын бұзып, мақта талшығына тапсырыс берушілерді қолайсыз жағдайға ұшыратқан.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы дереу «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Шымкент бөлімі басшыларының, бекетте қалып қойған жүк қожайындары болып саналатын мақта компаниялары өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізген.

Онда, Қазақстанда бүгінгі таңда мақта талшықтарын сақтау, тасымалдау, таңбалау және қаптау бойынша мемлекеттік стандарттың жоқ екені белгілі болды. Осыған орай, бүгінге дейін КСРО Мемлекеттік комитетінің 1986 жылғы мемлекеттік стандартына сүйеніп келген. Ал, ол өз кезегінде, өзінің заңды күшін жойған.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Шымкент бөлімі басшылары, егер компания келесі талаптарды орындаса, вагондарды жөнелтуге рұқсат беретіндіктерін жеткізді: 

1. Халықаралық теміржол жүк хабарламасы келісіміне сәйкес, вагонның техникалық талаптарға сай болу керек;

2. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бекіткен көлем эскизі, оны тиеу нұсқамасы бар болуы керек;

3. Қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту өткізіліп тұруы тиіс.

Қазақ мақта қауымдастығы төрағасы Сайын Бақтыбаев, талаптардың барлығы орынды деп отыр. Себебі, мақта талшықтары – жеңіл өртенетін өнім және өртену қаупі зор санаттың 4-тобына жатады. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі төңірегіндегі талаптардың болуы жөнді дейді маман. Егер, жүктің уақтылы келмеуінің бар себебі осы болса, онда мақтаны жеткізушілерге аталған талаптар орындау қиын емес деді жиналысқа қатысушылар.

Осылайша, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жүк тасымалдаудың Шымкент бөліміне, жоғарыда аталған талаптарды жүк тасымалдаушылар орындағаннан кейін, мақта талшықтарын бірден тиісті орнына жөнелту туралы өтінім білдірген.  Бұдан бөлек, Палата сарапшылары Қазақ мақта қауымдастығымен және ҚТЖ-мен бірге, ҚР бойынша мақта талшықтарын сақтау, тасымалдау, таңбалау және қаптау жөнінде мемлекеттік стандарттарды әзірлеу бойынша байланыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Бірер күн бұрын мақта талшықтары тиелген жүк вагондары тиісті орынға жеткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер