«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Василий Розинов: Ұлттық палатадағы жұмыс ырғағы, оны қасаңдыққа ұрындырмайды

2016 жылғы 10 Қыркүйек
9965 просмотров

Кәсіпкердің пікірінше, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құрудың арқасында ұзақ жылдардан бері алғаш рет шалғай ауылдардың тұрғындары оңай және ыңғайлы сервиске қол жеткізді

Қазақстанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына үш жыл толды. Жетістіктер мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ, кейбір ҰКП-ға қатысты қазақстандықтардың қаупі туралы Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Василий Розиновпен әңгімелескен едік.

–Василий Самойлович, Ұлттық палата біршама істі тындырып үлгерді. Дегенмен, кәсіпкерлер оған жеке өзіне келген пайдаға қарап баға береді. Жеке сіздің ҰКП-дан күткен дүниелеріңіз орындалды ма?

– Егер Қазақстанда бизнес пен билік арасында тиімді сұхбат құрғымыз келсе, бізге айқын тетік керек дегенді бұрын бірнеше рет мәлімдедім. Ұлттық экономикалық палата кезінен оны қайта құрылымдап, өкілеттілігін кеңейтуге үгіттегендердің бірі мен болдым. Нәтижесінде заң мен барлық кәсіпкерлердің басын қосқан қуатты құрылым пайда болып, еліміздегі бизнес-климатты жақсартуға, көкейкесті мәселелерді шешуге жұмыс істей бастады. Ойымыз іске асты. ҰКП-да бизнестің жүйелік мәселелерін үкіметтік деңейге шығарып, қандай да бір заңдардың жетілдірілмеген тұстарын көрсететін тетіктер пайда болды.

– Осы бағытта Өңірлік кеңес қандай жұмыс атқарып отыр?

– Біз заң шығару жұмысына тікелей қатысамыз. Нормативті актілерді зерттеп, өзіміздің ұсыныстарымыз бен ескертпелерімізді береміз. Бүгінгі таңда «Атамекен» қолданыстағы заңнамаға мыңнан аса толықтырулар енгізді, ал бұл көп нәрседен хабардар етеді. Өңірлік кеңес дегеніміз – алдымен, бақылайтын орган екенін, оған жылдар бойы өз бизнестерін құрған беделді адамдар, ірі компаниялардың басшылары кіретіндігін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан олар бұл процеске қызығушылық танытып отыр, сондықтан Палатадан сұраныс та жоғары. Бүгінде сарапшылар біздің мәселелерімізді барынша байыптауда деп сеніммен айта аламын, оның үстіне өтініштер де жыл өткен сайын артып келеді.

– Бір жағынан бизнеске жасалатын жағдай жақсарып келеді, екінші жағынан Кәсіпкерлер палатасына келетін өтініштер де көбейіп келеді. Мұны қалай байланыстыруға болады?

– Өтініштер көбейіп жатыр, өйткені мәселелер тиімді шешілуде. Яғни, сенім бар, бизнеске қауіп төнсе, жалғыз қалмайтыныңа сенесің. Жұмыс істеген жылдары қостанайлық Палата кәсіпкерлердің 3 млрд теңгесін үнемдеуге көмектесті. Көмек сұрап шағын және орта бизнес қана келмейді, ірі компаниялар да өздерінің заңгерлерін жібере бастады. Мәселе мынада, бүгінде әлемде экономикалық жағдай анау айтқандай оңтайлы емес. Қараңызшы, бүгінде кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қызмет алу мерзімдері қысқарып келеді. Мұның өзі жағдайды жақсарту емес пе? Құқықтық салада жұмыс істейтіндер ҰКП жұмысын бағалап үлгерді. Міне, дәл сондай кәсіпкерлер көбінесе қолдау сұрап келеді, олар бизнес-ортаны жетілдіру процесіне қатысуға қайын.

– Кәсіпкерлерде мәселелері тұрақты бақыланатындығы туралы кепіл бар ма?

– ҰКП-дағы жұмыс ашықтық қағидасы бойынша жүреді, ешбір мәселе толық жойылмайынша, бақылаудан алынбайды. Ондай мәселелер жеткілікті. Бір жыл бұрын біз жер қойнауын пайдаланушыларға кездесетін қиындықтарды талдаған болатынбыз. Оларға заң бойынша қазбаларды өндіру көлемін өзгертуге қолданыстағы жобаға түзетулер енгізгенде ғана жол берілетіндігі сөз болған еді, яғни нарық жағдаятының өзгеруіне орай әрекет етуге мүмкіндіктері болмады, сол себепті кәсіпкерлерде келісімдерді бұзу қаупі болды. Біз ҰКП-ға заңның осы нормасын өзгерту туралы ұсыныс жібердік. Ақыр соңында оны алып тастады. Өткен жылы ауыл бизнесмендері қоқысты көмуге байланысты мәселеге кез болды. Олар қатты тұрмыстық қоқыстарды шығаруға дерек бойынша емес, шартта жазылған баға бойынша төлем жасайды. Айырмашылық бар ма: ол полигонга бір тонна немесе сол сомаға 10 келі қоқысты әкеледі. Бұл мәселе бойынша сарапшылар күні бүгінге дейін жұмыс істеуде. Одан зоры, қалалар мен облыс аудандарында бүгінге дейін қоқыстардың пайда болуы және жиналуы туралы нормалар бекітілмеген, ал мұнымен әкімдіктер айналысуы қажет еді. Палатаға шағымданып келгеннен соң ғана бұл мәселеге назар аударылды. Облыстық деңгейде нормаларды әзірлеу бойынша ережелер қабылданып қойды, қазіргі таңда филиалдарымыз нормаларды жергілікті жерде қабылдауға қол жеткізуде.

– Яғни, қаралатын мәселелердің ауқымы өте кең дейсіз ғой...

– Дұрыс айтасыз. Ауыл шаруашылығында да мәселелер жеткілікті. Ауыл шаруашылығы туралы заңды жасадық, алайда салықтық жеңілдіктерді қалай қолдану немесе кірген кезде жекеменшіктегі мүлік иеліктен қалай шығарылатындығы түсініксіз. Палата заңның өзіне де, Салық кодексіне де толықтыру енгізу туралы бастама көтерді. Өңірлік кеңестің соңғы жиындарының бірінде біз мемлекеттік сатып алулар мәселесін талқыладық. Неліктен ұйым сүт өнімдерін сатып алуға байқау жариялағанда, оны дәмді табиғи өнім шығаратын өзіміздің қостанайлық фирмалар емес, белгісіз бір ресейлік фирма ұтып алады? Бұл қисынсыз нәрсе емес пе? Бүгінгі таңда біз ең алдымен өзіміздің өндірушілерімізді қолдауымыз керек, ал мемлекеттік сатып алулар – тиімді құрал. Алайда мәселелер жеткілікті, оларды көтеруіміз керек, шешуіміз керек. Және мұнда Кәсіпкерлер палатасы үшін жұмыс көлемі ауқымды. Барлық деңгейдегі бизнеске қолдау көрсетуге Елбасы мүдделі болып отыр, ол әрдайым кәсіпкерліктің экономиканың драйвері екендігін тілге тиек етіп келеді. Елімізде ҰКП-ның жанынан, тікелей Елбасына бағынатын бизнес-омбудсмен институты жайдан-жай құрылған жоқ. Оның өкілеттігінің кеңдігі соншалық, бизнеске нұқсан келтірген жағдайда, оған мемлекеттік органдардың шешімдерін жоюға мүмкіндік береді. Бизнестің құқықтары мен мүдделері жазылған Кәсіпкерлік кодексі дүниеге келді. Бұл жұмыстың барлығын «Атамекен» Үкіметпен бірлесе отырып атқаруда. Елордадан бастап шағын ауылдардағы кәсіпкерлік субъектілерін қамтуға мүмкіндік беретін құрылым жасақталды.

–Қолдау шынымен де шалғай ауылдардағы кәсіпкерлерге жете ме? ҰКП-ның ауқымды құрылымы оны бюрократиялық машинаға айналдырып жібереді деген қауіп жоқ па?

–Бүгінде Ұлттық палата жұмыс істеп жатқан ырғақ оны қасаңдыққа ұрынуға мүмкіндік бермейді, оның үстіне бизнесмендердің өзі де бұған қарсы. Егер ауыл туралы сөз қылатын болсақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет шалғай ауылдардың тұрғындары оңай және ыңғайлы сервиске қол жеткізді. Әрбір моноқалалар мен аудандардағы филилалдардың жанынан Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылған. Ол жаққа кез келген адам келіп, өзін қызықтыратын ақпаратты немесе қызмет түрін ала алады. Оған декларациялар толтыруға, есеп жасауға көмектесіп, сол адам үшін бизнес-жоспарлар, шарттар жазып береді. Егер жеке ісін жаңа бастап жатқан болса, онда өз бизнесін ашып, жұмыс істей бастағанша оны назардан тыс қалдырмайды – бұл жобаларды сүйемелдеу деп аталады, әрі несие беріп қана қойып, көрсеткіштер туралы жоғарыға есеп беруге қарағанда мұндай қолдаудың маңызы зор. Оған қоса, ешкім де бизнес өз-өзінен көктен пайда болады деген уәде бермейді. Бұл мол еңбек, ерен жауапкершілік, тіпті тәуекелге бару. Егер мақсат қойып, ең болмаса бастапқы кездерде тәулігіне 24 сағат жұмыс істемесе, одан еш нәрсе шықпайды. Мұны есте сақтау қажет. Егер мәселе туындап жатса, ҰКП көмек береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер