«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

2016 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы Қазақстанның макроэкономикалық трендтеріне шолу

2016 жылғы 04 Шілде
24144 просмотров

ҰКП Жиынтық талдау департаменті Қазақстанның 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы макроэкономикалық трендтеріне шолу жасады

Шолу ҚР Ұлттық банкінің және ҚР ҰЭМ Статистика жөніндегі комитетінің ашық дереккөздері негізінде құрастырылды.

Қысқамерзімдік экономикалық индикатор

Анықтама үшін:

Қысқамерзімдік экономикалық индикатор ЖІӨ-нің 67-68%-ын құрайтын базалық салалар: ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс бойынша өнім өндіру индекстерінің өзгерістеріне негізделеді.

1-сурет. Қысқамерзімдік индикатордың айлық динамикасы

2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында қысқамерзімдік экономикалық индикатордың төмендеуіне өнеркәсіп, сауда және байланыс секторының бәсеңдеуі ықпал етті. Қысқамерзімдік экономикалық индикатор мен ЖІӨ көрсеткіші арасынла тікелей тәуелділік бар екенін атап айтқан жөн – 92%, осы негізде елдің ЖІӨ-і де өз көрсеткішінің едәуір төмендегенін көрсететіні күтіледі.

Өнеркәсіп

Есептік кезеңде өнеркәсіп секторында өнімдердің өндіріс көлемі 6,94 млрд теңгені құрады. Салалық кесіндідегі өнеркәсіп құрылымында Атырау облысының үлесі үлкен  (24,7%). Ал, 2015 жылдың осы кезеңінде Атырау облысының өнеркәсіп секторы 23,5% үлес алғаны қызықты факті болып табылады, осылайша мұнай-газ секторы өнеркәсіптегі үлесін ұлғайтты. Бірақ, 2014 жылғы деңгейге – 28,6%-ға әлі жеткен жоқ. 2014 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда, өңірлік кесіндіде өнеркәсіп секторындағы ең жоғары үлесті Қарағанды облысы көрсетті – 2,9% (7,3%-дан  10,2%-ға дейін), Шығыс Қазақстан облысы – 2,2% (5,7%-дан 7,8%-ға дейін) және Павлодар облысы  – 1,7% (5,7%-дан  7,4%-ға дейін).

Жиынтық түрде алғанда, еліміздің мұнай-газ өңірлері еліміздің өнеркәсіп секторындағы өз үлестерін 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларында 2014 жылмен салыстырғанда 12,7%-ға  (58,8%-дан  46,1%-ға дейін) азайтты.  

1-кесте. Өңірлік кесіндідегі өнеркәсіп секторы өнімдерін өндіру

Еліміздің өнеркәсіп секторы 10-шы ай қатарынан Физикалық көлем индексінің (бұдан әрі – ФКИ) теріс көрсеткішін көрсетуде, ол 2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында алдыңғы жылдың осы кезеңіне қарағанда 98%-ды құрады.

2016 жылдың басынан бері өнеркәсіп өндірісінің 50%-ын құрайтын тау-кен  өнеркәсібі 2015 жылдың қаңтар-мамырына қарағанда – 95,7%-ға едәуір   құлдырады. Сектордың осыншама бәсеңдеуі шикі мұнай өндірудің төмендеуіне (95,6%), сондай-ақ көмір мен лигнит (89,5%), темір кені (76,9%) өндірісінің азаюына және тау-кен өнеркәсібі секторындағы техникалық қызметтердің (88,3%) төмендеуіне негізделген. 

Өңдеуші секторда 100,5%-ға өсім байқалды. Сектордың негізгі саласы  металлургия өнеркәсібі болып табылады, ол ел өнеркәсібінің 18%-ын қалыптастырады. 2016 жылдың қаңтар-мамырында металлургия ФКИ-дің 108% өсімін көрсетті. Сала ішінде асыл және түсті металдар өндірісінің 112,4%-ға едәуір өскенін байқаймыз, ал, осы ішкі сала елдің өнеркәсіп  секторының 12%-ын құрайды.

Сондай-ақ, тағам өнеркәсібі (өнеркәсіптің 7%-ы) оң нәтижелер көрсетті, оның өсімі 103,1%-ды құрайды.

Көтерме және бөлшек сауда

Сауда секторындағы сатып өткізу көлемі 2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында 7,5 трлн теңгені құрады, оның 64%-ы көтерме саудаға (6 трлн теңге), ал 36%-ы бөлшек саудаға тиесілі (2,7 трлн теңге).

Көтерме сауда құрылымында елеулі үлесті азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар (4,8 трлн теңге – 80%) құрайды, азық-түлік тауарларының үлесі – 1,2 трлн теңге немесе 20%.

Бөлшек сауда құрылымында, сондай-ақ, азық-түлік емес тауарлар елеулі үлес алады – 1,7 трлн теңге (64%), ал азық-түлік тауарларына 0,98 трлн теңге (36%) тиесілі. Сатып өткізу арналары бойынша тауарлар тең дәрежеде дерлік сауда жасайтын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер арқылы өткізіледі  (тиісінше 54% және 46%).

2-кесте. ЖК-лер арқылы бөлшек сауда өнімдерін сатып өткізудің үлесі, %-бен.

2-кестеден көрініп тұрғандай, бөлшек сауда тауарларын сатып өткізу кезінде ЖК-лердің үлесі едәуір ұлғайғаны байқалады. Сатып өткізудің жоғары үлесі Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды (сәйкесінше 75,1 және 74,2). Мұндай тренд босаған адам ресурстарының сауда секторына ауысуы себепті болуы ықтимал, ол, баршаға мәлім, экономикалық құлдырау кездерінде адам капиталын өзіне жинақтайды. Сонымен бірге тұтынушылық сұраныстың анағұрлым арзан тауарларға ауысуы да мүмкін (ірі сауда кәсіпорындарынан базарларға қарай).

2-сурет. Көтерме және бөлшек сауда ФКИ-і, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда

2014 жылдың аяғынан бастап құлдырай бастаған бөлшек саудадағы Физикалық көлем индексі ақпан айынан бері бұрынғы қалпына келіп, 2016 жылдың мамыр айының қорытындылары бойынша 98,7% деңгейіне көтерілді. Көтерме өнеркәсіп мұндай нәтижеге жеткен жоқ және 2016 жылдың мамырында 93,1% көрсеткішпен тіркелді.

Бөлшек сауда өсімінің сәйкессіздігін халықтың нақты кірісінің төмендеуінен байқауға болады. Бөлшек сауда қызметтерінің негізгі тұтынушысы тұрғындар екенін ескерсек, бөлшек сауда өсімі үшін негізгі драйверлер «үнсіз» қалды. Сонымен бірге тұрғындардың тұтыну қабілетіне елдегі инфляция деңгейінің едәір жоғары болуы да қосымша жүктеме болып отыр.

Құрылыс

2016 жылдың мамыр айының қорытындылары бойынша, құрылыс секторындағы орындалған жұмыс көлемі 733,5 млрд теңгені құрады, оның 676 миллиарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тиесілі, ал, қалған 34,9 млрд пен 23 млрд теңгені сәйкесінше толық және ағымдағы жөндеу жұмыстары құрайды.

Шетелдік меншік үлесі 214,3 млрд теңгені құрайды  (жалпы жұмыстың 29%-ы) және Атырау облысындағы өнеркәсіп объектілерінің (98,7 млрд) және Астана қаласының тұрғын үй (83,2 млрд.) құрылысына тиесілі.  

Мердігерлік жұмыстар бойынша ең қомақты үлес тұрғынжай емес ғимараттарға тиесілі (28%), тұрғын жайлар – 12%, жолдар мен автомагистральдар құрылысы – 11,5% және мұнай мен газ магистральдарының құбыр желілері құрылысы – 8,2%.

3-сурет. Өткен жылдың тиісті кезеңіне сәйкес құрылыс жұмыстарының көлемі, %-бен

Атырау облысы мен Астананың республикалық деңгейдегі құрылыс секторындағы үлесі шамамен 42%-ды құрайды.

Атырау облысында құрылыстағы шетелдік меншік үлесі 65%-ды құрайды. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының көлемі өнеркәсіп секторына (56,1%) және көлік және қойма нысандарына (36,4%) бағытталған. 2016 жылы мұнай өндіруді қайта жаңарту жоспарланып отырғанына байланысты, құбырларды ауыстыру, қосымша теміржол кешенін құру және Атырау облысы үшін әлеуметтік инфрақұрылым құру жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Астана қаласында құрылыс секторындағы шетелдік меншік 54%-ды құрайды. Астана қ. бойынша негізгі қаражат (48,8%) жылжымайтын мүлік нысандарына бағытталуы тиіс.

Инфляция

Анықтама үшін:

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі (ТБИ) халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының жалпы деңгейіндегі уақыттық өзгерістерді бейнелейді.

2016 жылдың мамыр айының қорытындылары бойынша, инфляция деңгейі 104,2%-ды құрады (2015 жылдың желтоқсан айына қарағанда). Азық-түлік тауарларының ТБИ-і 104,3%-ға, азық-түлік емес тауарларға – 104,2%-ға, ақылы қызметтер үшін – 104%-ға ұлғайды.

4-сурет. Тұтыну бағалары индексінің айлық динамикасы, 2015 жылдың желтоқсан айына қарағанда, %-бен.

Азықт-түлік тауарлары арасында баға индекстерінің ұлғаю жағына қарай өзгеруіне сәйкес, 2016 жылдың мамыр айының қорытындылары бойынша жармалар – 120,7% (оның ішінде қарақұмық қатты қымбаттады - 132,3%) қымбаттады. Сондай-ақ, қант – 124,1%, шай - 116,4%, сәбіз – 125,9%, пияз – 118,8% және қызылша – 124,1% едәуір қымбаттағанын байқаймыз. 

Азық-түлік тауарлары мен ақылы қызметтер бағаларының индекстері бойынша 2015 жылдың желтоқсан айына қарағанда 2016 жылдың мамыр айында денсаулық сақтау саласы – 109,5%-ға (медикаменттер - 112,1%), ТКШ қызметтері және т.б. - 104,8%-ға қымбаттады.

Егер инфляцияның өсімін 2015 жылдың тамыз айынан бастап (девальвациялық ай) қарастырсақ, онда кейінгі 9 айда инфляция деңгейі 116%-ды құрады.

Тұрғындар және олардың кірісі

2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында халықтың нақты кірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға төмендеді. Егер 2013 жылдың базалық кезеңін алатын болсақ, онда кейінгі жылдары халықтың кірісі 2013 жылғы деңгейге жете алмай отырғанын байқауға болады.

5-сурет. Тұрғындар кірісінің нақты индексі (2013 ж.=100%)

Қолда бар мәліметтер бойынша, 2016 жылдың 1-тоқсанындағы өңірлік кесіндіде мұнайлы аймаққа жататын үш облыста (Атырау облысынан басқа) тұрғындар кірісінің едәуір төмендегені тіркелді, олар: Қызылорда (76,8%), Маңғыстау (83,9%) және Ақтөбе (86,9%). Сондай-ақ, кірістердің едәуір төмендеуі еліміздің ірі қаласы – Алматыда тіркелгенін атап өткен жөн, мұнда құлдырау 90,8%-ды құрады.

Moody’s пікірі бойынша, теңгенің әлсіреуі және тұрғындар кірісінің төмендеуі 2016 жылы қазақстандық банктер активтерінің сапасын нашарлатады.

Девальвацияның теріс әсері екінші деңгейлі банктердің ұлттық валютадағы несиелік портфельдеріне де ықпал ететін болады (бөлшек сауда несиелері, оған негізінен кепілсіз тұтынушылық қарыздар кіреді және берілген несиелердің жалпы көлемінің 26%-ын құрайды). Активтер сапасының нашарлауына қатысты бұл тренд 2015 жылдың екінші жартысынан басталды.

Сондай-ақ, тұрғындар кірісінің төмендеуі тұтынушылық сұраныстың төмендеуі арқылы корпоративтік сектор кірісінің төмендеуіне әкеп соғады, бұл әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты, оның қарыздары екінші деңгейлі банктер берген несиелер көлемінің 27%-ын құрайды.

Халықаралық резервтер

Анықтама үшін:

Жалпы халықаралық резервтер сыртқы активтерді білдіреді және олар Қазақстанның Ұлттық банкінің бақылауында болады және кез келген сәтте төлем теңгерімінің тапшылығын қаржыландыру үшін, осы тапшылықтың мөлшеріне ұлттық валютаның бағамына ықпал ететін валюталық нарықтардағы интервенциялардың көмегімен жанама әсер ету үшін пайдаланылуы мүмкін, және/немесе қандай да бір өзге қолданысын табады.

6-сурет. ҚР Ұлттық қорының халықаралық резервтері мен активтері   (2013 ж.=100%)

2016 жыл қорытындылары бойынша, ҚР-ның жалпы халықаралық резервтері 28,8 миллиард долларды құрады, ал ҚР Ұлттық қоры – $65,5 млрд.

Егер 2013 жыл қорытындылары бойынша 100%-дық көрсеткіштерді алатын болсақ, онда алтын түріндегі резервтердің 157%-ға ұлғайғанын байқауға болады, еркін айырбасталатын валюта активтері – 105%-ға ұлғайды. Ұлттық қор бойынша едәуір төмендеу байқалды - 8%.

Алтын түріндегі резервтердің ұлғаюын ҚР Ұлттық банкінің алтынды белсенді түрде  сатып алуымен, сондай-ақ алтынның жаһандық нарықтағы құнының өсуімен байланыстырады.

Сыртқы қарыз

Анықтама үшін:

Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы іс жүзінде өтелмеген соманы және аталған ел резиденттерінің резидент еместер алдындағы шартталмаған міндеттемелерін білдіреді, ол белгілі бір уақытта негізгі қарызды және/немесе пайыздарды төлеуді талап етеді.  

2016 жылғы 1 тоқсан қорытындылары бойынша ҚР-ның сыртқы қарызы  154 млрд долларды (ЖІӨ-нің 83,3%-ы) құрады, оның 82,8 млрд доллары фирмааралық берешекке тиесілі (тікелей инвестициялар), мемлекеттік қарыз – $11,3 млрд, екінші деңгейлі  банктер – $7,7 млрд. 2014 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда, сыртқы қарыз ұлғая қойған жоқ.

Мемлекеттік қарыз толықтай ұзақмерзімдік болып табылады. Мемлекеттік қарыз құрылымында 6,2 млрд доллар несиелер мен қарыздарға, ал 5,1 млрд доллар борышқорлық бағалы қағаздарға бағытталған. 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мемлекеттік қарыз 2,2 есеге өскенін атап айтқан жөн  (11,3 миллиардтан 5,1 млрд-қа).

Фирмааралық берешектің негізгі бөлігін қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелері құрайды – 77,1 млрд $ (ҚР-ның сыртқы қарызының 50%-ы).  Қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік  кәсіпорындар алдындағы міндеттемелері 5,6 есеге едәуір ұлғайған (2014 жылдың 1-тоқсанындағы 898 млн доллардан 2016 жылдың 1-тоқсанындағы 5,03 млрд долларға дейін).

7-сурет. ҚР-ның елдер бойынша сыртқы қарызы, млрд $

Пайдаланылу бағыттары бойынша 79,6 млрд $ (51%) кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет бағытында пайдаланылған, оның ішінде негізгі бөлігі (68,2 млрд $) геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Сыртқы қарыздың 4% үлесін құрайтын өңдеуші өнеркәсіпте қаражат металлургия өнеркәсібінде пайдаланылған болатын.

Сыртқыэкономикалық қызмет

2016 жылдың сәуір айының қорытындылары бойынша, сыртқы сауда одан әрі – 71%-ға төмендеді, оның ішінде экспорт 2015 жылдың сәуірінен 69% деңгейінде тұр, ал өнімдерді импорттау – 74%. Құндық шамасымен алғанда өнімдерді экспорттау 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында 11,03 млрд долларды, ал импорт 7,2 млрд долларды құрады.  

Анағұрлым бұрынғы уақыт кезеңдерімен салыстырғанда (2013 ж.=100%), экспорт пен импорттың едәуір төмендегенін байқауға болады. Айталық, сәуірде экспорт 2013 жылғы деңгейге қарағанда 44,4%-ды, ал импорт 45,3%-ды құрады.

8-сурет. ҚР-ның экспорты мен импорты, 2013 ж.= 100%

2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, экспорттың құндық шамасы Еуропаға (46,9%-дан  44,7%-ға дейін), ЕАЭО-ға кірмейтін ТМД елдеріне (6,5%-дан  5,5%-ға дейін) қатысты төмендегені байқалды. Сонымен қатар ЕАЭО аясындағы сауда 1,1%-ға ұлғайды (18,8 %-дан 19,9%-ға дейін).

Импорт құрылымында келесі іріленген тауарлық топтар бойынша едәуір төмендеу тіркелді: аяқ киім және бас киім бұйымдары (39,6%), жүн, тері және т.б. (62,8%), машиналар мен құрал-жабдықтар (63,7%), тоқыма бұйымдары (69,6%).

Экспорт құрылымында, отын-энергетика тауарлары экспортының  төмендегенін қоспағанда, аяқ киім және бас киім бұйымдары экспортының едәуір (14 есеге) өскенін атап өтуге болады – 4,4 млн доллардан 63,5 млн $-ға.

9-сурет. Негізгі тауарлық топтар бойынша импорт пен экспорт құрылымы, млн АҚШ доллары

      

2016 жылғы мамыр айының макроэкономикалық есебінің таныстырылымын мына жерден жүктеп алуға болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер