«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Самат Ерниязов: «Ауыл кәсіпкерлігіне шағын несие делдалсыз беріледі»

2016 жылғы 06 Маусым
4702 просмотров

«Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, ауыл кәсіпкерлеріне шағын несие беру жобасын қарқынды жүргізуде

Бүгінде Ұлттық палата бөлген жалпы сомасы 300 миллион теңгелік қаражаттың алғашқы аударылымы игеріліп, аталған шағын қаржы ұйымы транштың келесі бөлігін күтіп отыр.

Осы орайда, біз, «Қызылорда» АИО» ШҚҰ директоры Самат Ерниязовпен тілдесіп, Сыр бойындағы ауылдарда кәсібін енді бастаған ағайынға қатысты аса өзекті мәселенің мән-жайын сұрап білген едік.

- Игілікті шаруаның басты операторы болып танылған мекемелеріңіздің қазіргі уақытта «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында қол жеткізген белестері қандай? Былайша айтқанда, қанша кәсіп иесіне несие берілді?

 - Нақты атқарылған жұмыстан бастасам, «Атамекен» ҰКП көмегімен 48 млн теңгеге 8 жоба қанат қақты, облыс әкімдігі болса 21 жобаға 142,9 млн теңге құйды. Ал өзіміздің былтырдан қайтқан ақшаға 7 жобаны 61,5 млн теңгемен қамтамасыз еттік. Сонда барлығы 36 жоба жауапсыз қалмай, 252 млн теңгеден астам қаржы көлемінде қол ұшын создық. Қазіргі уақытта бұл өте үлкен жәрдем, елеулі қамқорлық деп санаймын. Осылайша егін егу, мал бағу, жылыжайды іске қосу, құрылысты аяқтау, экологиялық таза әрі пайдалы ет өнімдерін дайындау  тәрізді бағыттар қолға алынып, жұмыссыздық санын қысқартуға, кооперация үлгілерін дамытуға жағдай жасауға, ауылшаруашылық өнімін өңдеу бағыттарына жұмылған ықшам кәсіпорындар құруға, қажетті заманауи инфрақұрылымды өркендеуге күш салудамыз. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, мемлекетке салық төлеушілер көбейді. Қызылорда облысының пилоттық төрт аймақ қатарына кіргені жаңа жетістіктерге ынталандыруда.

- Шағын несие алуда кәсіпкерлерге қандай да бір көмек немесе қолдау түрлері қарастырылған ба?

- Біздің аймақтық инвестициялық орталықтың аудан-ауылдарда өкілдіктері жоқ. Міне дәл осы сәтте Кәсіпкерлерге қызмет көрсету немесе Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарымен бірлесе әрекет етеміз. Шағын кәсіпкерлік санатына енетін шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар таяу маңдағы  орталықтарға баралы, яғни қалаға сабылып әуре-сарсаңға түспейді. Оған наубайхана ашу, жаңа күріш сұрпын ойлап табу, омарташылықпен шұғылдану секілді қазіргі кезде іске асқан идеялар айқын дәлел. КҚКО мен КҚО жеңілдіктер, несиелік өтінімді жылжымайтын яки жылжымалы мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, белгілі бір құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, кепілдік, үшінші жақтың кепілгерлік етуі сынды маңызды жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжат жинауға көмектеседі, сауатты бизнес-жоспар түзуге атсалысады, өніміміз туралы жан-жақты құлағдар етеді.

- Қызу үдерісті осы жерден анығырақ байыптап берсеңіз...

Мысалға, бүгінгі таңда, аймақтарда кредиттік комитеттер түзіліп, өтінімдер жоғарыда келтірілген Кәсіпкерлерге қызмет орталықтары мен Кәсіпкерлер палатасы арқылы қабылданады деп шешілген. Кәсіпкерлерге қызмет немесе қолдау орталықтарының мамандары бизнес иелеріне құжат жинаумен бір уақытта, тың жобаны бухгалтерлік және заңгерлік қаржылық емес көмек түрлерімен сүйемелдеуге әзір. Тағы бір назар аударатын жайт, несие беру туралы түпкілікті шешімді шығаруға тәжірибе жүзінде шаруасын дөңгелетудегі, күнделікті ахуалмен, кәсіпкерлердің мұң-тілегімен жақсы таныс бизнес субъектілері белсенді атсалысады. Оларға арнайы осындай құқық беріліп, соңғы қорытынды шешім ортақ дауысқа салынады. Бұл мақсатта Алматы мен Ақтөбе облыстарында мемлекеттік мекемелер мен бизнес-қауымдастық арасында сұхбат алаңын құрушы аймақтық кеңес мүшелері енген кредиттік комитеттер қалыптасып, өтінімдерді қарастыруға білек сыбана кіріскен. Қызылордада несие өтінімдерін «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығының Бақылаушы кеңесі салмақтайды.

- Әр жобаға 7 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылдық мерзімге 15 млн теңгеге дейін табысталатын несиенің банк қызметтерінен артықшылығы қандай?

- Біріншіден, банктің пайыздық үстемесі көп, 25%-ға дейін шарықтап кетеді. Қызмет ақысы ретінде комиссия тағайындалғаннан тыс, банктің кепілдік шарттарына ауылдағы үй-техника деңгейі сәйкес келе қоймайды. Несиеленушінің жасында да шектеу белгіленген. Бізде бұның бәрі оңайлатылған, комиссия ақысынсыз жұмыс істейміз. Құжат тапсырылған беті, өтінішті те созбалаңға салмай, тез қарап беруге тырысамыз. Тіпті құжаттар легі толық болса, айналдырған 10 күнде тұжырымдап шығарамыз. Тағы бір атап өтерлік жайт, арада істі күрделендіріп, шым-шытырық қылып жіберетін делдал жоқ, тікелей қарым-қатынас орнатқанбыз. Орта жолдан ортақтасатын арағайын жоқ.

- Нарықтық алыс-берісте тәуекелдердің пайда болатыны заңды емес пе?

- Несиелеу үрдісіндегі тәуекелге келсек, Палата, әкімдік тараптары бірлесе, кәсіпкердің әрі қарайғы тіршілігін, қаржының мақсатқа сай жұмсалуын қадағалап, назарда ұстаймыз. Барлығына жоғарыдан қатаң нұсқаулар тапсырылғандықтан, кенеттен түйткіл туындаса, бірден шешімі қарастырылады. Мәселен, наубайхананың ашу барысында электр тоғының тапшылығы байқалып, бүгінгі таңда ол жергілікті бюджет есебінен тартылуда. Үздіксіз бақылаудың арқасында қайтарым да 100% дәрежеде көңілді жылытып, батыл істер табыстылығын аңғартуда. «Атамакен» ҰКП ағымдағы жылы қаржы бөле бастағанымен, өткен жылы да Палатаның біраз көмегін көрдік.

- Сонда «Қызылорда» АИО мен «Атамекен» ҰКП-ның бизнесті енді қолға алған жандарды несиелеудегі мүдде-мұраты үндесіп жатыр ғой...

- «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауызбіршілікте болсақ, тау қопарып тастамасақ та, толағай асуларды бағындыра алатынымызға көзім жетті. Мысалға, «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығы 2015 жылы 342,1 млн теңгеге 56 жобаны қаржыландырып, 223 жаңа жұмыс орнының тұсауы кесілді және де облыстағы кәсіпкерлер саны 7,8%-ға өсті. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш. Негізінен 3-5 адамдық кондитерлік цехтар, техникалық қызмет станциялары, тігін шеберханалары болашақта ел экономикасы өз үлесін қосары даусыз. Биыл көріп отырғандарыңыздай, кәсіпкерлерді қолдау бірнеше есеге көтерілді.

- Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер