Қазақстандағы жиһаз нарығында серпіліс бола ма?
Отандық жиһаз өндіруші әріптестеріне бірігуді, ұлттық компаниялардың сатып алулары саласын тәртіпке келтіруді ұсынады
Статистика бойынша, қазақстандық жиһаз нарығының 70% импорт алады, тек 30% өнім Қазақстанда өндіріледі. Неге олай? Мұның себебі неде? Және де жиһаз нарығындағы осы тауашада қазақстандық өндірушілер отыруы үшін не істеу керек?
«Торнадо PLUS» ЖШС бас директоры Игорь Проценкомен palata.kz тілшісі Қазақстанның жиһаз саласындағы жағдай туралы және оның келешегі туралы сұхбаттасқан еді.
- Менің ойымша, Қазақстандағы жиһаз саласының әлеуеті зор. Сапалы, бәсекеге қабілетті өнім өндіру шикізат пен құрамдастар, жоғары технологиялы жабдық, даярлықты қызметкерлер нарығына, салаға құйылатын инвестицияларға, және де, әрине төлем жасауға қабілетті сұраным мен өткізу нарығына тәуелді, - деп есептейді кәсіпкер.
Кедендегі тәртіпті күшейткеннен кейін Аспан асты елінен келетін «сұрқай импорттың» ағыны күрт азайғаны әрі қытай тауарларымен бәсекелесу жеңілдегені көңіл қуантады. Негізінде, қазақстандық жиһаз нарығында түрлі баға және тұтыну сараланымдарында көптеген елдердің өнімдері ұсынылды. Және де бұл бәсекелес орта бизнес иесін өндіріс пен технологияға инвестиция іздеуге ынталандыратын қалыпты жағдай. Өнімдерін Таяу шығысқа, АҚШ пен Ресейге экспорттайтын қазақстандық жиһаз кәсіпорындары баршылық. Қазақстандық бір өндірушінің «премиум» сараланымындағы асүй жиһазы әлі күнге дейін Мәскеу мен Петербургке экспортталады.
Жиһаз саласына арналған шикізат пен құрамдастардың біршама жағымды нарығы қалыптасты. Оның үстіне жеткізушілердің едәуір бөлігі республика аумағында өндірістерін жүргізіп отыр және енді ашылып жатқандар да бар. Мысалы, ламинатталған тақта мен жиектеу материалдары өндірісі, тақтай материалы өндірісі. Жетекші еуропалық таңбаларымен жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі жабдықтарын жеткізушілер де біршама жақсы деңгейде ұсынылған. Айтарлықтай қаражат жергілікті нарықта сервистік және жөндеу қызметтерін ашуға салынады.
Жергілікті өндірушілердің көп бөлігі танымал сауда таңбалары нарығында ұсынылған. Слесарьлар мен білдекшілерден бастап технологтар мен конструкторларға дейін – жиһаз саласының мамандарын дайындайтын кәсіптік училищелер мен жоғары оқу орындары бар (мамандардың жетіспеушілігі бәрібір бар).
Яғни жоба тіршілік етіп жатыр және әзірше өмір сүре бермекші. Құрамы әртүрлі және, өкінішке орай, салалық қауымдастықтың жергілікті өндірушілерді қорғау үшін ортақ мүдделерді біріктіруге күш салуына қарамастан, бизнес иелерінің арасында көптеген мәселелерде ауызбіршілік жоқ. Атап айтқанда, мен мемлекеттік тапсырыстар нарығында бірігуіміз керектігіне жиһазшыларымыздың көзін жеткізгім келеді. Біз біршама өркениетті түрде бәсекелесе алар едік. Бірақ оның орнына бір-бірімізді артқа тартып келеміз және мұның бәрі отандық өндіруші деген мәртебе алған қандай да бір «жаңа түзілімнің» кезекті рет байқауды жеңіп жатқанына күйзеле қарап тұруымызға алып келеді.
Жалпы, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңымыз жаман емес. Дегенмен, әрине, кемшіліктері жоқ емес, бірақ онда шешім қабылдау процедуралары және іріктеу критерийлері анық жазылған, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін көзделген басымдылықтар нақты көрсетілген. Күллі мәселе Заңның орындалуын бақылауда болып отыр. Менің ойымша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитеті, не болмаса салааралық қауымдастықтар осымен айналысуына болар еді. Себебі бұл бизнеске шынайы көмек әрі қолдау.
Келесі бір толғақты мәселе – қосалқы мердігерлік нарығы. Жақында қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілердің Астанадағы құрылыс ұйымдары нысандарды салу кезінде Ресейден әкелінетін материалдарды пайдаланатынына шағымданғаны жайлы мақала оқыдым. Мәселен, мердігерлер мектеп немесе балабақша салған кезде кімнің жиһаз жабдықтарын қояды? Жобалау-сметалық құжаттарда аталмыш жиһаз жабдықтардың өндірушісі Қазақстан деп көрсетілген. Әкімдіктердегі құрылысқа жауап беретін жұмысшыларының біреуі бұл мәселені бақылайды деп ойлайсыз ба? Құрылыс басқармасы қызметкерлерінің ЖСҚ шарттарының сақталуын қатаң түрде алға тартатын жағдайлар өте сирек кездеседі, бірақ 90% бұл мәселелерді өз бетіне жібереді. Тіпті: мердігер-фирма жиһазды Қытайдан алып келді делік, ал есеп бергенде жергілікті өнім деп көрсету керек. Сонда ол бізден үстел сатып алуды сұрайды да, барлық өнімге сәйкестік сертификаты мен СТ-КЗ нысанындағы сертификат беруді сұрайды. Онда жергілікті мазмұн үлесі көрсетілген және өндіруші ел Қазақстан екені көрсетілген. Ал жабдықтарды тапсыру кезінде біздің сертификаттарды тықпалап, актілерге қол қояды.
Мемлекеттік тапсырыстармен арадағы жағдайда сияқты, заңнамада жергілікті өндірушіні қолдау басымдылығы аса ұғынықты көрсетілген. Бақылауды не істеу керек? Мен аталмыш түсінбеушіліктерді анықтауды сұрап әкімдіктерге қаншама қағаз жазып жібердім. Кейде тіпті жауап та келмеді, ал келгендері формальды түрде болды. Егер мұндай хаттар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (оның өңірлік бөлімшелері) немесе Палатаға кіріктірілген салалық қауымдастық сияқты беделді орган атынан жазылатын болса, әсері болады деп пайымдаймын. Бірақ ол үшін әркім бұра тартпай, жиһазшыларымыздың бас біріктіруі керек.
- Игорь Александрович, бұл салада айтарлықтай ұзақ уақыт жұмыс жасап жатырсыз, және де жиһазшылардың барлық түйткілдері етене таныс. Сонда жиһаз саласының ойдағыдай дамуына кедергі келтіріп отырған не? Жиһаз саласында еңбектенуші бизнесмендер қандай қиындықтарға ұшырасып тұрады және оларды қалай шешуге болады?
- Менің ойымша, соңғы жылдары мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілерін сатып алулар нарығынан отандық өндірісті баяу әрі мақсатты түрде ығыстыру жүріп жатыр. Бұл тезисті өз компаниямның мысалында негіздеп көрейін.
Биыл біздің компанияға 21 жыл толды. Түсініп отырғаныңыздай, елімізде жиһаз өнімін өндіру және жеткізу бойынша ірі жобаларды жүзеге асырудағы аса зор тәжірибеге ие болдық. «Қазпочта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Қазтрансойл», «Қазатомпром» және т.б. және т.с.с. сияқты ұлттық компаниялармен де жұмыс тәжірибесі баршылық. Бірақ аталмыш сектордағы сатып алуларға компаниямыз 6 жылдан бері қатысып жүрген жоқ. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншісі, бірақ негізгісі емес, сатып алу жоспарына қатысты ұғынықты да ашық ақпараттың толық болмауында жатыр. Теорияда, кез-келген тілек білдіруші кез-келген ұлттық компанияның сайтының сәйкес бөліміне кіре отырып, ағымдағы жылғы жоспарларымен немесе оның құрылымымен таныса алады. Аталмыш сайттардан шындыққа саятын, дұрыс ақпарат алуды осы процеске кететін еңбекпен салыстыруға болмайды.
Екіншіден, егер қызықтыратын тақырыптағы қандай да бір еншілес құрылымдардағы жоспарланған байқаулар бойынша ақпаратты қалай да тауып жатсақ, келесі түйткіл – тапсырыс берушімен кері байланыстың мүлдем жоқтығы алдыңыздан шыға келеді. Ал сатып алулар жоспарында байқау жөніндегі егжей-тегжейлі ақпарат – өткізу мерзімі, бюджет сомасы, сатылып алынатын тауар номенклатурасы, техникалық сипаттамасы, бір бірліктің бағасы көрсетілуге тиіс қой.
Келесі, негізгі түйткіл – тапсырыс беруші өкілінің күтуі өндіруші мүмкіндіктеріне толығымен сай келмеуі. Былайша айтқанда, сыбайлас жемқорлық құрамдастары. Біздің жағдайда бұл «тапсырыс берушінің ережелерімен ойнауды қаламау». Шын мәнісіндегіден жақсы болып көріну үшін бағамды асырғым келіп отырған жоқ, бірақ жыл өткен сайын басқа құндылықтарға мұқият қарай бастайсың. Кейде аталмыш құндылықтар бағасының біз белгілеген шкаласы спектрдің диаметріндегі екі қарама-қарсы жақта болып жатады. Сатып алудың бюджеттік сомасы шынайы нарықтық бағалармен сәйкес келген жағдайы бір де бір рет болмағанын айта кетейін! Тіпті 15-20% айырмасында да кездеспеді. Осы ережелермен ойнағым келе ме? Жоқ, оны қаламаймын. Олар бойынша ойнағысы келетін біреу табыла ма? Оған күмән жоқ! Ол өндіруші бола ма? Оған күмәнім бар.
Ұлттық компаниялар құрылымында өткізілетін байқаулар туралы ақпаратты алудың ғана қиын болмайтынын қоса кеткім келеді. Көбіне олардың жеңімпаздары туралы ақпарат «мүлдем құпия» болып жатады. Ал бұл ақпарат шенеуніктердің «Қазақстандықты сатып ал» ұранына «ерекше сезімтал» қатынасының көрсеткіші болып табылуы да мүмкін ғой.
Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстар мен қосалқы мердігерлік процестері де мүлтіксіз емес болып табылады. Мемлекеттік сатып алулар процесінде көбінесе біліктілік талаптарына қатысты форманы ресімдеуге негізсіз талаптар қойылып жатады. Оның үстіне, аталмыш біліктілік талаптарын реттемелейтін нормативтік құжаттар болмайды, ал мемлекеттік органдар шынайы тауар өндірушілерді тендерден шеттетіп, тапсырысты үлестес құрылымдарға беру үшін, оларды өздерінше түсіндіреді.
Тауар өндірушіні шеттету үшін, жосықсыз шенеуніктер пайдаланатын тағы бір тәсіл отандық тауар өндірушілер үшін шартты жеңілідктерді қолданбау немесе қолданудан бас тарту болып табылады. Немесе оларды қолдануды жай ғана ұмытып кетеді.
Оған қарсы жеке механизмдер құру қажеттігі пісіп-жетілді деп ойлаймын. Біріншісі - тендерлерді өткізудің жариялылығы, онда байқау туралы күллі ақпаратты, және де оның қорытындылары туралы маңыздылығы кем түспейтін ақпаратты ұйымдастырушы ашық көздерде жарияауға міндетті. Байқау комиссияларына, ең құрығанда, мемлекеттік сыңайлы сектор компаниялары, салалық қауымдастықтар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысуға тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар процестерінің және байқауға қатысуға қажет барлық құжаттардың және т.б. егжей-тегжейлі реттемесі қажет, отандық өндіруші мәртебесіне шынайы қатысы бар кәсіпорындардың сала аралық тізімін (олар сонша көп те емес) құру қажет.
-Кәсіпкерлер көбіне сатып алулардың белгілі бір жеткізуге сәйкестендірілетініне жиі шағымданып жатады …
- Иә, шынымен де, мұндай құбылыс боп тұрады, және де оған келтірер мысал да баршылық. Соңғыларының бірі – Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің балабақшаларды жиһазбен жабдықтау жөніндегі байқауы. Қатысушылар саны едәуір көп, мәлімделген бюджет сомасы да біршама. Өтінім беру процесінде біліктілік талаптарына қатысты форманы ресімдеуге қатысты ескерту жасалды. Ештеңе етпес, түзететін уақыт бар, дегенмен бір-екі жыл бұрын компаниямыз дәл сол аудандағы осы балабақшалар үшін жеткізуші болған еді, сонда біздің біліктілігіміз тапсырыс берушіні қанағаттандырған. Сайтта тапсырыс берушіні не қанағаттандырмай отырғаны туралы сұрақ қоя аламыз және он-лайн түзетуге болады… Олай болмай шықты! Тапсырыс беруші сұрақтарымызға жауап бермей қойды, телефонмен түсінік беруден де бас тартты. Және де сұрақтарымызға жауап алмастан, өзгертулер енгізе алмай қалдық. Бір күн өткен соң компаниямызды да, бір компанияны ғана қалдырып, одан басқаларын да «біліктілік талаптарын қанағаттандырмайды» деген екі ұшты түсінікпен байқаудан алып тастады.
Мемлекеттік сатып алуларға қатысуда тәжірибесі мол мен үшін мұның сатып алуды сол сәтте отандық өндіруші мәртебесін растайтын бір де бір сертификаты жоқ қалдырылған фирманың ғана көзінен жүргізу үшін жасалғаны анық. Әрине, наразы өндірушілердің барлығы қаржылық бақылау органына хат жаздық, ал біз өтінішті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да қайтара жолдадық. Бір айдан асып кетті, бірақ қаржылық бақылаудан жауап алған жоқпыз.
Байқау ұйымдастырушыларының шартты жеңілдіктерді қолдануды «ұмытып кететін» жағдайлары процестің жүйелі сипат алып отырғанын және мемлекеттік сатып алуларда жаңа тұрақты тренд қалыптасып жатқанын растауға мүмкіндік береді. Соңғы жылы компаниямызға қатысты мұндай «ұмытшақтықты» Қорғаныс министрлігі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қызылорда облысы Арал аудандық бөлімі байқатты. Осының нәтижесінде компаниямыз айтарлықтай көп сомадағы келісімшарттардан айрылып қалды. Әділдік үшін айта кету керек, қаржылық бақылауға өтініш жасауымыз бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде жауапты қызметкерлердің тәртіптік жазаға тартылғаны рас. Ұйымдастырушылар кезекті сөгістен қаймыға ма? Жоқ, деп ойлаймын.
Жабдық жеткізуші есебінде 8-ден астам жеткізуге қатыстық, дегенмен елуге жуық жобалау жұмысына қатысқанымызды еске саламын.
Салынып жатқан Nazarbaeff-зияткерлік мектептерімен арадағы мысалды келтіре кетейін. Бастапқыда Астана, Талдықорған, Өскемен, Семей және Көкшетау мектептері үшін жиһаз жеткізу жұмыстарына қатыстық. Кейін бізді «жібермеуді» үйреніп алды. Жақында Алматыда салынған мектеп туралы компаниямызға хабарлаған да жоқ. Жұмысымыздың сапасы және мердігерлік шарттары талаптарын ықтимал бұзулар тапсырыс берушінің көңілінен шықпады ма? Бірақ Талдықорғандағы мектеппен әлі күнге дейін достық қарым-қатынастамыз. Мектеп директоры өніміміздің сапасы жайлы ерекше жақсы ойда және сатып алуды орталықтан (Астана) жүргізу мүмкіндігі болып жатқан жағдайда, үнемі бізге жүгінеді.
Компаниямыз үшін бұл жағдай алаң тудырады, себебі Универсиаданың салынып жатқан нысандарында тағы да жиһаз жабдықтарын әзірлеуші зауыт ретінде көрсетілгенбіз. Жабдықтардың сметалық сомасы жарты миллиардқа жуық теңгені құрайды! Салушы компанияға және Алматы қаласының құрылыс басқармасына бірнеше мәрте жүгінуімізге, өкінішке орай, әзірше ешқандай жауап берілмей отыр. Тек Ұлттық палата Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшысының орынбасары Хаким Сабыровтың араласуы ғана жағдайды шамалы уақытқа анықтауға көмектесті - мердігер компаниялармен әкімдікте дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Қазір жағдай қайтадан анық болмай отыр.
- Қазіргі жағдайда өнімді өткізу нарығындағы түйткілді қалай еңсеріп жатсыздар?
- Дағдарыс жағдайында өнімді өткізуді ынталандырудың барлық ықтимал әдістерін іздеу қажет. Сәтті мысалдардың бірі жеке өнімді лизингілік қаржыландыру болып табылады. Оны компаниямыз бірнеше ай бұрын енгізген еді.
Біз лизингілік компания, не болмаса банк құрылымы емеспіз. Бірақ жақында лизингілік бөлімше аштық. Енді клиенттерімізге жиһазды лизингіге алу мүмкіндігін ұсынамыз, сонымен бірге бөліп төлеу көзделген, қаржыландыру бағдарламасы - 0 %-бен 0-3 жыл. (Егжей-тегжейлі ақпаратты компанияның www.tornadoplus.kz сайтынан табуға болады). Сонымен қатар бұл қызметті валюта бағамына әдейі таңып отырған жоқпыз, бізде теңгемен берілген бағалар қойылған. Бір айта кететіні, аталмыш қызмет бизнес-ортада танымалданып келеді. Бірақ қорландыру көзін таппағанымыз түйткіл болып отыр. Әзірше қаржыландыруды жеке қаражатымыздан жүзеге асырып жатырмыз.
Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА
Пікір қалдыру:
Пікірлер: