«ALTYN OIMAQ» қатысушылары: Асыл Дүзбаева және Assyl collection бренді
Киім үлгілерін жасау, әсіресе көйлек тігуге деген құлшыныс Асыл Дүзбаевада жастайынан болған
«Бала кезден көйлек тігіп, суретін салғанды жақсы көремін. Анамның айтуынша, менде тек қана көйлектердің суреті салынған дәптерім болған екен. Картон қағаздан қуыршақтар жасап, оларға қағаздан көйлек жасайтыным есімде. Сосын «Барби» пайда болды. Алғаш алған білімім – педагогикалық, екіншісі – экономикалық, алайда тігін тігу жаныма жақын болды. Жұмыстан келіп, түні бойы тіккен кездер де болған. Бір күні маңдайға жазылғанға қарсы тұрмайын деп, жұмыстан шығып, дизайнер жолын бастадым», – деп әңгімеледі Асыл Дүзбаева.
Дизайнердің айтуынша, бастапқыда ол тіккендерін басқаға ұсынуға жүрегі дауаламай, өзі ғана киіп жүрген. Кейін жылы, қошемет сөздермен қатар, «Қайдан сатып алдың?» деген сұрақтарға, ұяла, бірақ мақтанышпен «Өзім тіктім» деп жауап беріп жүрген екен.
«2017 жылы «Assyl collection» деп аталатын жеке брендімді жасадым. Ең алдымен мақсатым ұлттық нақышта тігілген киімдерді шығару болды. 2018 жылы топтамаларымды жасайтын студия-ателье ашып, клиенттер қабылдай бастадым. Көрмелерге қатысып тұрамын. Pop shop Atyrau-дың тұрақты қатысушысымын. Шоу-румдарда жеке топтамаларымды шығардым. Бүгінде бренд тек Атырау қаласында ғана емес, сондай-ақ Ақтауда да танымал», – дейді дизайнер.
2017 жылы Асыл Дүзбаева серіктес және әріптесімен бірге Atyrau fashion day жобасын іске асырды. Атырау қаласының барлық дизайнерін жинап, топтамалардың толық көрсетілімін өткізген. Жоба қажеттілігін көрсетті, сәтті өтті. Биыл маусым айында жобаның төртінші өткізілімі ұйымдастырылмақ.
2018 жылы Асыл Дүзбаева «Этно Fashion» фестивалінде іріктеуден өтіп, Алматыдағы көрсетілімге шақыру алды.
«Былтыр Атырауда спикерлер ретінде дизайнерлер Малика Дүйсембаева, Гүлнәр Қасым және Jeff Tailor тігін үйінің негізін қалаушы Гаухар Өтелбаеваны шақырып, Fashion семинар өткіздім. Атырау облысы бойынша «Fashion Syndycat of central Asia» ҚБ-нің өкілімін», – дейді дизайнер.
Қандай мәселелер бар деген сұраққа Асыл Дүзбаева өндірісте ең қымбатқа соғатын – жұмыс күші деп жауап берді. Сонымен қатар бүкіл Қазақстан бойынша іздеп, тіпті Біріккен Араб Әмірліктерінен тапсырыс жасауға тура келетін материалдар да киім құнын қымбаттатады.
«ALTYN OIMAQ» байқауы брендімді танымал етуге мүмкіндік беріп, дамытуға септігін тигізеді деп күтемін. Мен, дизайнерлердің дауысын дүйім жұрт естіп, халқымызды өзіміздің киіндіре алатынымызға сенулерін қалаймын», – дейді Асыл Дүзбаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: