«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ALTYN OIMAQ қатысушылары: «Ailin collection» брендінің авторы Гүлзат Мұхамедина

2019 жылғы 29 Наурыз
4458 просмотров

 «Ailin collection» брендін жас ана Гүлзат Мұхамедина бала күтіміне байланысты демалыста зерікпеу үшін қолға алған. Барлығы бала бесіктері мен төсектеріне көрпе-жақтаулар тігуден басталды

«Кәсібімді екі жыл бұрын бала күтімі бойынша демалысқа шыққаннан кейін бастадым. Өзім мемлекеттік қызметкермін. Екінші сәбиімді туатын мерзімге екі ай қалғанда, құр отырмайын деп тігін машинамды шығарып, бала төсектеріне кемершелер тігуді бастадым. Алғашқы жасағаным дереу сатылып кетті. Жасаған бұйымымның біреуге ұнағаны мен үшін күтпеген жағдай еді. Осыдан кейін декретте отырып-ақ ақша табуға болатынын түсіндім. Сөйтіп «бесiк жасауды» – бірінші өз балама, кейінгілерін сатуға тіге бастадым», – деді Гүлзат Мұхамедина.

Алғашқы жылы Гүлзат Мұхамедина төсек жабдықтарын ғана жасайтын, сосын пішу мен тігуді үйреніп алып, әйелдер, ерлер және балалар киімдерін тігуді  қолға алды. Тігіншінің айтуынша, оның ерлер киімін тігуде тәжірибесі аздау, бірақ әйелдер мен балалар киімдерін тіккенде кез келген үлгіні, тіпті күрделілерін тіге алады.

«Қазір әлеуметтік желідегі парақшам бар, клиенттерімнің көбі сол арқылы келеді. Жалпы кішкене кезімнен модельер болғанды армандайтынмын. Мүмкін сол себептен де кеңсе қызметкерінен шығармашыл адамға айналдым. Сондай-ақ маған іскерлік стильде киім тіккен ұнайды.   Өйткені жұмыс істеп жатқанда күнделікті стильдің қызықсыз екенін түсініп, киімге сән беруге тырысамын. Мен қашанда көпшілік ішінде ерекшеленуге тырысамын. Бірақ дүкендерде көп таңдау бола бермейді, болғанның өзінде де бағасы қымбат», – дейді байқау қатысушысы.  

Келешекте Гүлзат қыз-келіншектерге арналған іскерлік киімнің жеке брендін ашқысы келеді әрі балалар киім тізбегін ары қарай дамытпақ.

  «Балалар киімі қашанда сұранысқа ие. Балаларға арналған топтама шығарғым келеді. Керемет болар еді. Қазір жеке ательемді ашуға дайындалып жүрмін. Кеңсе таптық. Әзірге бір жұмысшым бар. Штатты кеңейтсем деймін. Бірақ сұраныс үшін алаңдаймын. Ол үшін жарнамамен жұмыс жасау керек. «ALTYN OIMAQ» байқауы өзімді танытуға мүмкіндік береді деп үміттенемін», – деп бөлісті Гүлзат Мұхамедина.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер