«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Солтүстіктің үздіктері анықталды

2018 жылғы 03 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
6615 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының қорытындысы шығарылды. Жыл сайынғы ауқымды шараны Кәсіпкерлер палатасы мен жергілік әкімдік ұйымдастырып келеді.

 Іс-шараға өңірде машина жасау, құрылыс материалдарын шығару, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, ағаш өңдеу сынды экономика салаларында жұмыс істейтін 40 тауар өндіруші қатысты.

 Көрмені ашық деп жариялаған Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев  мұндай байқауларға қатысу кәсіпорындарды өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңірдің ғана емес, тұтастай алғанда республиканың экономикасын дамытудағы рөлін белсендіруді ынталандыратынын алға тартты.

 Дәстүр бойынша көрме қонақтары мен байқауға қатысушылар конкурсанттар ұсынған өнімді дербес бағалай алды. Мұнда азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, техникалық жабдық және басқа да тауар түрі қойылған. Бірақ, ең бастысы – мұның бәрі Солтүстік Қазақстанда өндіріледі.

 Айта кетелік, бүгінгі шараға тәжірибелі кәсіпорындармен қатар кәсіпті енді қолға алған, өнімі жақы сұранысқа ие компаниялар да қатысып отыр. Жаңа кәсіп ашқандардың дені «Бастау» жобасының түлектері. Олардың бірі Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Чайка Ю.А.» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіпорын корпусты жиһаз шығарады. Кәсіпорын басшысы Юлия Чайка былтыр «Бастау» жобасына қатысып, жобасын сәтті қорғап, 3 млн теңге көлемінде қаржы алады. Міне, еңбек пен білім арқылы іскер әйел бүгінде өңірлік көрме-байқауға қатысып отыр. «Чайка Ю.А.» жеке кәсіпкерлігі «Жиһаз Петропавловск» ЖШС  және ИП «Левин» сынды алпауыттармен сынға түсуден қорыққан жоқ.

«Бастау» көп нәрсеге үйретті. Осы курстар арқылы мен өндірісті дұрыс жүргізу, экономикалық талдау жасау, теңгерімді пайымдауды үйрендім, өйткені бизнесте әр нәрсе тиімді болуы шарт.  Жиһаз өндірісіндегі тәжірибем болды, мен басқа кәсіпкердің қол астында өндірістік цех басшысы болғам. Ал курстарды аяқтаған соң жеке кәсіп ашуға бел будым. Қызметіміздің негізгі түрі – корпусты жиһаз шығару, ал жуырда ескі жиһазды жаңғырту бойынша қызмет түрін қолға алдық. Байқауға өз жұмысымды көрсетуге, басқаларды көруге келдім», – деді Юлия Чайка.

Қызылжар ауданындағы «Загот Интер» ЖШС өндіретін «Нубаевские колбасы» ет-шұжық өнімдері көпшілікке ұнады. ЖШС 2006 жылы құрылған, ет өңдеумен айналысады.  

  «2016 жылы біз жаңа мал сою цехын аштық. Онда заманауи автоматтандырылған жабдық, мал союдан бастап, етті сақтауға дейінгі тізбекті орындауға мүмкіндік беретін қондырғылар бар. Ал биылғы жылдың мамырынан бастап ет өнімдері-шұжықтарды, жартылай дайын өнімдерді өндіретін цехты аштық. Қазіргі таңда 52 аталым бойынша шұжық, жартылай дайын өнімдерді дайындаймыз, олардың біразын бүгін көрмеге әкелдік. Қонақтарға өнім ұнап жатыр, қайдан сатып алуға боалтыны жайында сауалдар көп. Жақын арада Қазақстан мен Ресей нарықтарында сауда нүктелерін көбейтуді қолға алмақпыз», – деді «Загот Интер» ЖШС өкілі.  

 Естеріңізге салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы жыл сайын үш аталым бойынша өтеді: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауары» және «Үздік азық-түлік тауары».  

Жан-жақты бағалаудан кейін көрме-байқаудың жеңімпаздары анықталды.

 «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында «Изолит» ЖШС, «Кокше Техстрой» ЖШС және «С.М.Киров атындағы зауыт» ЖШС жеңімпаз атанды.

 «Үздік азық-түлік тауары» аталымында   «VIZAVI COMPANY» ЖШС, «Дочернее предприятие Петропавловский хлебокомбинат» ЖШС және «Радуга» ЖШС үздік болып танылды.

Ал «Халыққа арналған үздік тауары» аталымында «Жиhаз Петропавловск» ЖШС, «Пасека семьи Пилипушко»  шаруа қожалығы мен «Левин» жеке кәсіпкерлігі жеңіске жетті.

Барлық жеңімпаздар Астанаға республикалық  байқауға қатысып, өңір намысын қорғайтын болады. Іс-шара аяқталған соң көрмеге келген қонақтарды тосын сый күтті – сыйлықтар ойнатылды. Ұтысқа тауар өндірушілердің өнімі қойылды. Ал лоторея билеттері тегін таратылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер