«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атыраудың үздік тауарлары іріктелді

2018 жылғы 02 Шілде
- Атырау облысы
7150 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында Атырау облысында 3 аталымның үздік үштіктері анықталды

Кәсіпкерліктің 40-тан астам субъектісі «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында бақ сынады. «Сарайшық» коммуналдық базарының аумағында өткен шарада облыс тұрғындары мен қонақтары өңірдегі шығарылатын тауарлармен танысып қана қоймай, арзан бағада сатып алу мүмкіндігін пайдаланды. Жергілікті атқарушы органдар, бизнес-қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

«Бүгінде Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлікте 56 мыңнан астап субъекті бар. Онда 120-мыңнан астам адам жұмыс істейді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 млрд теңге сомасында өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп отырғаны қуантады. Кәсіпкерлікті қолдау – жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Обыс басшылығы бизнеске шағын несие үшін 500 млн теңге бөлді. Негізінен шағын және орта бизнес қызмет көрсету мен жеңіл өнеркәсібіне бағдарланған», – деп атап өтті Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқарамасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов көрмеге қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, байқаудың мақсатымен таныстырып өтті.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауының басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, сапасы жоғары және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ынталандыру, ішкі нарыққа да, сыртқа шығаруға да ықпал ету. Дипломанттар төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта байқау эмблемасын қолдана отырып өнімін өткізе алады. Жыл сайын байқауға қатысушылар қатары артып келеді. Бұл мемлекеттің бизнеске көрсетіп отырған қолдауының нәтижесі деп ойлаймын», – деп атап өтті Өңірлік палата басшысы.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымында 10 компания бақ сынады. Сарапшылық комиссияның шешімімен «АНПЗ» ЖШС, «КазХим» ЖШС, «НовоСтройПроект» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС, «Эталон» жарнамалық агенттігі» ЖК, «Уразбаева» ЖК үздіктер қатарынан табылды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаздар қатарында нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Trans Tech International» ЖШС, шұжық өнімімен «АсылАгро» ШҚ  және көкөніс салаттарын дайындайтын «АтырауАгроФеликс» ЖШС енді.

Мұнымен қоса, «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» және «Үздік инновациялық жоба» аталымдарының иегерлері таңдалды. Атырау қаласының әкімі бекіткен аталым «Бум-2020» ЖК мен «Сұлтан» шаруа қожалығы ие болды. Сонымен қатар әкімдік «Халық таңдауы» байқауын ұйымдастырып, тұрғындардың дауыс беруі арқылы «АсылАгро» ШҚ, «Сабуров» ШҚ, «Абдугалиева» ЖК мен «Имени Амангельды» ЖШС өнімдері көптің көңілінен шықты.

Енді Атырау облысының үздік 9 тауар өндірушісі республикалық байқауға қатысады. Сапа мен бәсекеге қабілеттілік қатар сыналатын байқау Астана қаласында өтеді. Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер