«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Алтын сапа»: көшбасшыны сапа айқындайды

2018 жылғы 31 Мамыр
3977 просмотров

Жылдың ең елеулі оқиғасы – ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы. 11 жыл бойы отандық кәсіпкерлер Елбасының қолынан сапа мәртебесін алуға бақ сынап келеді

«Алтын сапа» сыйлығы ең алдымен – сапаны растау және мекеме жетістігінің мойындалуы. 2006 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген сыйлық еуропалық сапа сыйлығының стандартына сай. Осы мәртебелі байқауға қатысу бизнес-қоғамдастық үшін бәсекелестер ресурсын зерттеуге, тәжірибе алмасуға және өзінің тың дүниесін ұсынуға мүмкіндік береді.  Кез келген сыйлық сияқты «Алтын сапа» да эталонды тестілеудің қуатты құралы. Ал лауреаттардың бизнес-жоспары – бизнеске енді қадам басқандар үшін үлгі.

2015 жылдан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП аталған байқауды ұйымдастыруды қолға алды. Биыл байқаудың өткізілуіне аздаған өзгертулер енді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үш жаңа аталым қосылды. Аграрлық саладағы кәсіпкерлер үшін жеңістің тағы бір жолы ашылды.

Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының шарттарына да өзгертулер енді. Атап айтқанда жеңімпаздар биылдан бастап диплом мен үздікті білдіретін эмблема ғана емес, 1 млн теңгеге жуық ақшалай сыйлыққа ие болады.

Бірінші рет «Алтын сапа» сыйлығын иелену байқауы 4 кезеңнен тұрады. Өтінім мен кәсіпорынның шынайы келбеті сәйкес келетінін растау үшін қосымша кезең енгізілді. Сараптау тобы финалға өткен кәсіпорындарды аралап, жұмыс процесімен танысады.

Сапа іспен дәлелденген!

Байқау өткізіліп келе жатқан осы аралықта қатысушылар тізімі ауқымды. Зергерлік компаниялардан бастап гигиеналық сулық шығаратындарға дейін сапа белгісін алуға үміткер болды. 2011 жылы «Алтын сапа» байқауында Жетісудың екі компаниясы бірден жеңімпаз атанды. «Қайнар АКБ» ЖШС мен «Қазақстан Тексти-лайн» ПКФ ЖШС. Біріншісі «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» атанды. «Қайнар АКБ» ЖШС Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері арасында аккумуляторлы батарея шығаратын үздік кәсіпорын ретінде танылған.

Биыл «Қайнар АКБ» ЖШС жаңа өндірістік қуатты еңсерді: жылына 2 млн батарея шығарады. 2014 жылы Өзінің жұмыс сапарында аккумулятор зауытына барып, жинау цехын көріп, аккумуляторлы батареяны жинау процесімен және зауыт өнімінің сұрыпталымымен танысқан.

«Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында «Қазақстан Тексти-лайн» ПКФ ЖШС үздік атанды. Корпоративті, жұмыс, спорттық және балаларға арналған киім тігумен айналысатын, сондай-ақ кәдесый өнімдерін шығаратын кәсіпорын шет елдің нарығына да жол ашқан. 2001 жылдан бастап 8 жыл бойы «Тексти лайн» Швейцарияның «ASSOS» компаниясына арнап спорт киімін жеткізіп отырды. 2009 жылы компания Қазақстан нарығында балаларға арнап MIMIORIKI брендін шығарды. Тұтынушылар арасында бірден танымал болып, сұранысы артты.

2017 жылы жүннен шұлық тоқитын «БОТА» Астаналық шұлық фабрикасы» ЖШС байқауда бақ сынады. Бұл компания 2012 жылы құрылған.

«Біздің ұжым сапалы шұлық тоқитын үздік ретінде әрі түйе жүнінен шұлық тоқуда көшбасшы саналатын Моңғолия мен Италияның өндірістік тәжірибесін зерттеді. Италияда саяхаттай жүріп, «BUSI» компаниясымен таныстық. Нарықтағы орташа бағаға қарағанда «BUSI» жабдығы 30%-ға қымбат болса да, ынтымақтастық үшін дәл осы компанияны таңдадық», – дейді фабриканың бас директоры Гүлсанат Мерқұлова.

Елордадағы фабриканың «Dolсe Gabbana» шұлығы тоқылатын фабрикаға шақырту алуының өзі таңдандырды. Бұл шұлықтың біреуі Миланда 50 евро тұрады. Өндірісте 5 адам жұмыс істейді және «BUSI» маркасының 2 аппараты қойылған. «Бота» фабрикасы барлық технология, өндірістік желімен танысып, өз өндірісіне енгізуге қызығушылық танытқан.

«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 3 жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының «Халыққа арналған үздік тауар» аталымында жеңімпаз болды. 15 жыл бұрын негізі қалаған кәсіпорын шағын ғана цех ретінде ашылған еді. Бүгінде ауқымы үлкейген компания сапаға жұмыс істейді әрі ең басты құндылық – кәсіби мамандардан құрылған ұжым. Компаниядағы шеберлер шетелдік жабдықтың тілін әбден меңгерген. Бүгінде 3 бағытты қолға алған – полиэтиленді құбыр өндірісі, халық тұтынатын тауар және монтаж. Компанияның маңызды жобасының бірі – Құлшық жерасты сулары кенінен Жаңақала ауданының орталығына дейін су құбырын жүргізу. Бұл жоба 2019 жылға дейін есептелген.

«Судың сапасын әлі де жақсарту керек. Бұл нысанды мерзімінен бұрын тапсырамыз деген ойдамыз. Бұл табысты ғана емес, имидждік жоба. Біз өнім шығарып қана қоймай, оны монтаждай алатынымызды да көрсеткіміз келеді. Жоба соңында халық таза ауыз суын алады», – деп атап өтті «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС директоры Валерий Крылов.

12-сыйлық күтіп тұр!

Бүгінде «Алтын сапа» байқауына қатысуға 48 кәсіпорын өтінім берді. Ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына – 50 өтінім. Оның қатарында шағын және орта бизнестің өкілдері мен ірі корпорациялар бар. Қазақстан аумағында қорғаныс және әскери техникадан басқа  тауар шығарумен және қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да үздік атануға үміткер бола алады.  Кәсіпорындарда мемлекеттік үлесі 50%-дан асса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіпте оңалту және банкроттық туралы процедураларды жүзеге асыру шешімі қабылданған мекемелер байқауға қатыса алмайды.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иелену байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауына қатысу өтінімдері 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Байқау құжаттары өңірлердегі Кәсіпкерлер палаталарына немесе www.altynsapa.kz сайтында электронды түрде тапсырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер