«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сыр елінің үздік тауарлары Астанаға бет алды

2017 жылғы 25 Шілде
- Қызылорда облысы
11335 просмотров

28-30 шілдеде өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына Қызылорда облысынан 9 компания қатысады

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ең алдымен еліміздің 14 облысында және Астана мен Алматы қалаларында өткізіледі. Өңірлік көрме-байқауында сарапқа салынған өнімдердің ішінен үздігі іріктеліп, республикалық сынға жолдама алады.

Осы тәртіппен Қызылорда облысында ұйымдастырылған өңірлік байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша 9 компания үздік тауар өндіруші атанды. Енді 28-30 шілде аралығында өтетін республикалық байқауда бақ сынамақ. Қызылорда облысының үздігі атанған компаниялар туралы мағлұматты назарларыңызға ұсынамыз

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымы

«ЭлектроТехнология» ЖШС

Облыстық көрме-байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша 1-орынды иеленген «Электро Технология» ЖШС-і республикалық шарада елімізде теңдесі жоқ интеллектуалды автоматтандыру жүйесін таныстырады.

«Электро Технология» ЖШС–ның негізі 2003 жылы қаланды. Содан бері Қазақстандағы қызмет көрсету саласы нарығында берік орныққан. Кәсіпорынның Қызылорда қаласында, Құмкөл, Әлібекмола, Қожасай, ӨзенМұнай газ кеніштерінде арнайы электротехникалық жабдықтарды жөндеуге арналған өндірістік және жөндеу базалары, интеллектуалды автоматтық станцияларды басқару жүйесін жинап, жөндеу цехтары бар. Компания Торғай Петролиум кәсіпорнын толығымен электрэнергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Алғашында кеніштердегі качалка станоктарында мұнай өндіруді оңтайландыру үшін құрылғылар орнату, электрқұрылғыларына сервистік қызмет көрсету, электржүйелерін және подстанцияларды жөндеу жұмыстарынан бастаған компания, биылдан бастап электрқұрылғыларын өздері шығара бастады. Зауыт директоры Батырбай Әбуовтың айтуынша, өнімге сұраныс жоғары. Зауыт өнімі Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында кеңінен танылған.

«Біздің шығарып жатқан интеллектуалды автоматтандыру жүйесі бұрын Қазақстанда жасалмайтын. Бұл басқару жүйесін елімізде бірінші болып шығарып жатырмыз. Қазір өзге компаниялар жұмыс жасап жатқан интеллектуалды станциялар шет елдерден келеді. Осы кезге дейін шетелден алып, орнатып келген болатынбыз. Кейін дағдарысқа байланысты, теңгенің девальвацияға ұшырауына байланысты сырттан тасу қымбатқа түсіп кетті. Содан біз ақылдаса келе, өзіміз шығаруға шешім қабылдадық. Өнімімізге елімізде сұраныс өте жоғары», – дейді Батырбай Әбуов.

«Электро Технология» серіктестігінде бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі бар лаборатория жабдықталған. Одан бөлек, интеллектуалды басқару станциясын жөндеуге арналған цех жұмыс жасайды. 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған компания жаңа электр құрылғыларын құрастыру барысында нақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тапсырыс берушілердің барлық талап-тілектерін ескеруге тырысқан. Интеллектуалды САУ өте шағын және қондыруға оңай. Шетелдік қондырғыларға қарағанда монтаж жасауға ыңғайлы етіп шығарылуда. Сапа мен сенімге негізделген компания жұмысы бүгінде өрлеу үстінде. Жылына 500 құрылғы шығаруға қауқары бар кәсіпорын қазақстандық мұнай компанияларын толығымен отандық өніммен қамтасыз етіп, оларға сервистік қызмет көрсетуге дайын.

«Полимер Продукт» ЖШС

«Полимер-Продукт» ЖШС-ң иелері тың кәсіптің көзін тапқан жандардың бірі. 2015 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Алтын-Қамба» ЖШС және «Orda Technology» мекемелерінің шешімімен «Полимер-Продукт» ЖШС құрылды. Серіктестіктің негізгі қызметі халық тұтынатын тауарларды әзірлеу. Оның ішінде полипропиленнен жасалған қаптарды дайындау. Айта кетейік, бүгінде қап шығаратын зауыт өніміне сұраныс жоғары.

Бүгінде республика бойынша полипропилиннен жасалған қаптарға деген сұраныс 1 айда 75-80 млн дана десек, елімізде оның 30-40 млн.-ны ғана өндірілуде. Ал қалғаны шетелден келеді. Бұл – үлкен нарық. Сондықтан да серіктестік сырттан келетін тауарларды барынша ысырып, отандық өнімдердің қолданыс аясын кеңейте түсуді жоспарлауда.

Полимер шикізатынан жасалатын полипропилендік қапты даярлау 5 сатыдан тұрады. Әуелі полимер шикізатынан жіп иіріледі. Дайын жіптен қап тоқылады. Одан әрі қапты өлшеміне қарай кесу, тігу, тапсырыс берушінің логотипін басып шығару атқарылады.

Барлық жұмыс тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Одан бөлек, бұл жерде тігін цехы да бар, яғни қаптың ішіне целофан қосып тігіп беруді тапсырғандар үшін.

Күніне 30-35 мың дана қап әзірлейтін зауыт бірнеше ірі компаниялармен келісімшартқа отырған. Атап айтқанда, «Абзал и К» ТС, «КазАзот» АҚ, «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС және бірнеше шағын кәсіпорындар бар. Қап тігетін 15 станогы бар зауыт, тәулігіне 3 ауысымда тоқтаусыз жұмыс істейді.

70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт басшылығы алдағы уақытта 2–ші қабатты да іске қосып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Бұл әрине тағы да 50 адам жұмыспен қамтылады деген сөз.

«МИР-2001» ЖШС

2001 жылы құрылған кәсіпорында алғашынды аймақ тұрғындарына арналған таза ауыз су шығарыла бастайды. Алайда кәсіпкер уақыт өте келе бизнесін әртараптандыруды көздейді. Кәсіпкер бүгінде облыста ғана емес, көрші Ресейде де сұранысқа ие темірбетон, пластик өнімдерін, сондай-ақ бөтелкедегі таза су шығаратын кәсіпорын құрды. Өндірілетін өнім құрамына жергілікті шикізаттар қолданылуда.

Мұндағы бетон зауыты - кәсіпорынның «жүрегі» саналады. Зауыт өткен жылдың тамыз айынан жаяу жүргіншілер жолдарына арналған брусчатка, бордюр, плиталар шығаруда. Бұл жерде германдық құрал-жабдық арқылы тәулігіне 300 шаршы метр өнім өндіріледі. Зауыт автоматтандырылған. Өндірістік кешеннің жұмысын жолға қоюда кәсіпкерге мемлекеттің қолдауы, соның ішінде «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы көмекке келді.

«Бағдарламаның барлық механизмін толығымен пайдаландым», – дейді Сейфулла Ажмолдаев. – Өзім Германияда «Іскерлік байланыс» жобасы аясында біліктілігімді жетілдірдім. Орынбасарым бағдарлама аясында Астана қаласында оқып қайтты. Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 46 млн.теңге несие алып, зауыт жұмысын жолға қоюға мүмкіндік алдым».

Кәсіпорын қазірдің өзінде 70-ке жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сейфулла Ажмолдаев алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейтіп, дүкендер желісін ашуды көздеуде.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымы

«ДАЛАТЕКС» ЖШС

Қаламызда ашылғанына аз ғана уақыт болған Далатекс компаниясы бүгінде қазақстандық нарыққа отандық өнімді шығарып отырған бірден–бір компания. Жуырда аймағымызда өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысып, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша 1-орынды иеленді. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында несие алып, отандық киім тігуді бастаған компания, бүгінде өз өнімін шетелге экспорттауда. Тігін фабрикасы толығымен ерлер жейделерін тігуге ыңғайластырылған. Фабрикада барлық технологиялық процеске қажетті заманауи озық жабдық қойылған. Түркиядан әкелінген тігін машиналары тігу процесіне қажетті жұмыстардың бәрін атқарады. Одан бөлек, серіктестік 35-тен астам қыз-келіншектерді жұмыспен қамтып отыр.

Тігін фабрикасының жетекшесі, «DALATEX» ЖШС директоры Ділмұхамед Абизов кәсіпті қалай жолға қойғанын баяндады

«Ең басында тауарды шет елден әкеліп, жергілікті базарда саттық. Бірақ кейіннен өңірде де ерлер киімін тігумен айналысуға болатынын түсіндік», – дейді «DALATEX» басшысы.

Көпшіліктің көзайымына айналған цех бүгінде өз өнімін Қазақстанның барлық аймақтарына, тіпті Ресейдің Астрахань, Екатеринбург қалаларына экспорттап отыр. Бүгінде фабрикада күніне 300-500 дана көйлек тігіледі. Келешекте айына 10-12 мың өнім дайындау жоспарланып отыр. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін еліміздің өзге де өңірлерінен сауда қоймаларын ашу жоспарланған.

«Қызылорда зағиптар қоғамы» оқу өндірістік коперативі» ЖШС

1999 жылдан бері жұмыс жасайтын кәсіпорын І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған (көз мүгедегі) 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорында мақта мен түкті матадан тігін бұйымдарының бірнеше түрлері: медициналық халаттар, мақта матрастары, синтефоннан көпшік пен көрпешелер, ерлер мен әйелдердің жейделері, жаңа туылған сәбилерге арналған киімдер тігіліп, аймақ тұрғындарына ұсынылуда.

ЖК «ПромКоммерцКА»

Ұлттық нақыштағы қолөнер дүкенін ашқан жеке кәсіпкер Аида Керімқұлова бүгінде Сыр өңіріндегі қолөнер шеберлерінің басын қосып, өнімдерін халыққа ұсынуда. Аталмыш кәсіп түрін жүргізуде кәсіпкер ұлттық нақыштағы өнімдерге ерекше мән беріп, қайта түлетуге ерекше мән беруде.

Бұрын жергілікті қолөнершілер әзірлеген бұйымдарын базарда немесе өзге де сату орындарына шығаратын. Ұлттық қолөнер бұйымдарын қайдан алу қажеттігін де тұтынушылар нақты біле бермейтін. Қазір бұл жағынан мәселе жоқ. Аида Керімқұлова ашқан «Қолөнер» дүкенінде 11 шебердің өнімдері сатылуда.

«Үздік азық-түлік тауары» аталымы

«Аралтұз» АҚ

Сыр өңірінің бренді «Аралтұз» АҚ тұз нарығында 90 жылдық тәжірибесі бар компания. Компания - өндірістің жаңа технологияларын енгізу және сату бойынша саладағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі.

«Аралтұздың» қазіргі таңда тармақталған диллерлік желісі белсенді даму үстінде және ТМД елдері мен Орталық Азия елдерін де қамтуда.

Әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан компания басшылығы өндіріс орнын жыл санап жаңғыртып келеді. Соңғы жылдары қыруар қаржы құйылды. Полимер, тұз өңдеу цехтары іске қосылды. Жұмысшылар саны 1100-ге жетіп, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды.

«Қазақстанның үздік тауары – 2017» облыстық көрме-байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша 1-орынды иеленген «Аралтұз» республикалық байқауда бақ сынауға әзірленуде.

«Арал» сервистік дайындау орталығы» ЖШС

«Арал» сервистік дайындау орталығы – отбасылық кәсіп болып саналады. Кәсіпорында 120-дан астам адам жұмыс жасайды. Негізгі қызметі: балықты өндіру және қайта өңдеу. Зауытта өндірілетін өнім көлемі жыл сайын артуда. Мәселен 2014 жылы 831,3 тонна, 2015 жылы 1577 тонна, 2016 жылы 1774,5 тонна. Өнімдер Ресей, Польша елдеріне экспортталады.

ЖК «Ермаханов Сабыр»

Кәсіпорын Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында 2016 жылы құрылған. Негізгі қызметі - түйе сүтінен өнімдер шығару. Бүгінде кәсіпорын шұбат, құрт шығарады. 5 жоғары білікті маманды жұмыспен қамтып отырған мекеме 6 айдың өзінде заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, 16,2 млн.теңгенің өнімін шығарды. Кәсіпорында күніне 400 литр шұбат өндіреді. Шұбаттың майлылығы 6 пайыз. 2 айға дейін сақтауға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер