«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды 10 қадамы

2017 жылғы 06 Маусым
6245 просмотров

«Атамекен» кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамын ұсынды

2016 жылдың 9 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгіледі.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жекелей алғанда ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берілді.

Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған 10 қадамды ұсынады.

1. ШАҒЫН НЕСИЕЛЕУДІҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУ

Қазіргі таңда бизнеске шағын несиелер  «Бизнестің жол картасы-2020» (6% жылдық мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейін), «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» (5% жылдық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін) бағдарламалары аясында және «ҚазАгро» холдингі (Шағын несие ұйымдары (ШНҰ) арқылы 9,5/12% жылдық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін)  арқылы беріледі.

Жылдың басында «Атамекен» ҰКП жеке инвестицияларды тарту  және жергілікті бюджет қаражатының есебінен 5 пилотты облыс бойынша шағын несиелеуге кірісті. Олар: Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстары.

«Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған шағын несиелеу тәсілдерінің артықшылығы кепілдік беру бойынша икемділік, кепілдікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді оқытудан бастап оларды жүзеге асыруға дейін бизнес-жобаларды қолдау, кооперация мүмкіндіктері және тікелей өткізу болып табылады.

Шағын несиелер 15 млн теңгеге дейінгі сомада жылдық мөлшері 6%, салалық шектеулерсіз 5 жылға беріледі. Сондай-ақ шағын несиені алу үшін кәсіпкер бар-жоғы 5-6 құжат тапсыруға міндетті. 

Шағын несиелеу қызметнің кең ауқымды болуын «Атамекен» ҰКП инфрақұрылымының дамығандығы, оның ішінде аудандық деңгейде, қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда облыстық деңгейде 23 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) және аудандық деңгейде 188 Кәсіпкерлерді қолдау орталығы (КҚО) жұмыс істейді.

КҚКО мен КҚО тараптарында кәсіпкерлерді оқытып, Шағын несие ұйымдарынан несие алу үшін бизнес-жоспар жасауға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.

2. ХАЛЫҚТЫ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІНЕ ОҚЫТУ

Бүгінгі таңда халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өсім» жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Осы арада оқыту тақырыбына байланысты «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыту 2 күн ішінде, ал «Бизнес-Өсім» жобасы бойынша 2-5 күн аралығында жүргізіледі.

Бизнестің қыр-сырына үңілуге дайын емес аудиторияны, әсіресе, ауыл халқын осындай мәнерде оқыту тиімсіз және қасаңдық құрсауынан шыға алмауда.

«Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады.

«Bastau Бизнес» жобасы бойынша оқыту ұзақтығы 1 айды құраса, бұл бизнеске оқытудың басқа бағдарламалары ұзақтығынан 6-дан 10 есеге дейін асып түседі.

Жобаны жасау барысында бизнеске оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның кемшіліктері ескерілді: «келте қайырылуы», дара көзқарастың жоқтығы, қатысушыларды іріктеу жүйесінің жоқтығы, үйде оқыту мүмкіндігі, жобаның өне бойы сүйемелденбеуі, көшпелі кеңестер және т.б. 

«Bastau Бизнес» жобасы 5 кезеңде жүзеге асырылады: 1) халықты жобамен құлақтандыру және таныстыру; 2) тестілеу жүргізу мен қатысушыларды іріктеу; 3) тәжірибелік оқыту; 4) бизнес-жоспарды жан-жақты талқылау, бизнес-жоспар жасау; 5) жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілету.

«Bastau Кәсіп» жобасының ерекшелігі еңбек нарығының сұранысына бағдарланғандығында болып табылады. Бұл оқыту және жұмыспен қамту қызметтері арқылы жүзеге асырылады (Naimi.kz сервистік базасының мобильді қосымшасы, біртұтас call-орталық, тапсырыстарды онлайн режімде оқыту және іздеу).

«Атамекен Бизнес Академиясы» онлайн-оқыту жобасы жүзеге асырылу үстінде. Сондай-ақ, бизнес-жаттықтырушыларды дайындау үшін әдістемелік орталық құрылады.

3. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАЦИЯЛАРЫН ДАМЫТУ

Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі көбінесе өндірістің шағын тауарлық сипаты болып табылады.

 Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы қабылданды. Сондай-ақ 10 пилоттық кооператив құру бойынша ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) бірлескен жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Қаржыға қол жеткізу проблемасын шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады:

- халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау;

- «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу.

4. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БИЗНЕСТІ ҰЗАҚМЕРЗІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТАР ЕСЕБІНЕН ҚОЛДАУ

Қалыптасқан экономикалық жағдайда отандық тауар түрлеріне сұранысты ынталандыру маңызды.

Аталған жағдай бойынша маңызды орынға мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар бойынша сатып алулар аясында күнделікті және жиі сұранысқа түсетін тауарлар ие болады.

Сол себепті, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша тиісті шараларды қолдану керек. Ол үшін жергілікті қамту үлесін мемлекеттік қолдаулар көрсету мен ұзақмерзімді келісімшарт жасау арқылы арттырған жөн.

Осыған байланысты, Үкіметтік деңгейде ұзақмерзімді келісімшарттар жасау арқылы жергілікті қамту үлесін арттыру комиссиясын құру және өнеркәсіптің өңдеу секторы кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын қабылдау қажет.

Отандық тауар түрлерін ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі мемлекеттік сатып алулар жүйесін орталықтандыру болып табылады.

5. ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЭКСПОРТҚА БАҒДАРЛАНУЫ – ЭКОНОМИКА ӨСІМІНІҢ НЕГІЗГІ ДРАЙВЕРІ

Мемлекеттің экономикалық дамуының  бәсеңдеуі, бізді  дамуға жетелейтін жаңа күштерді іздеуге итермелейді. Егер ондаған жылдар бойы ел экономикасы ірі компанияларға тәуелді болып келсе, бүгінгі күні біз ол жағдайды өзгертіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек.

Шағын және орта кәсіпкерлік секторының да ішкі проблемалары баршылық. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттағы үлесі қазақстандық көрсеткіштерден он есе жоғары – 25 пен 50 пайыз арасында болып отыр. Бұл ел кәсіпкерлерінің айтарлықтай бөлігі сауда секторында екендігімен, ал өзге озық елдерде керісінше өндіруші болып отырғандығымен түсіндіріледі. Мәселен, Польшада шағын және орта кәсіпкерліктің 93% кәсіпорындары экспорттық қызметпен шұғылдануда.

Түпкі мақсат осы кәсіпорындарды табу және экспорттық нарықтарға ілгерілету болып табылады. Егер олар жеткіліксіз болса, онда олардың қатарын өсіру үшін қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тапсырысты ұзақмерзімді негізде (3 жылға келісімшарт) алуы үшін басымдықтар беруге дейінгі түрлі қолдауларды қамтамасыз еткен жөн.

Осыған байланысты экспортты қолдаудың барлық шарасын бір терезе қағидатындағы оператормен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы мәселесіне шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің жаңа стратегиясын әзірлеу ұсынылады.

6. КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ӨҢІРЛІК КАРТАСЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУҒА НЕГІЗ БОЛАДЫ

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы – бұл бизнес-навигаторды білдіретін электронды портал. Ол жерде кәсіпкерлер, инвесторлар мен бизнеске қызуғушылық танытқан басқа да қатысушылар үшін маңызды ақпараттар топтастырылған.

Бизнес-навигатор мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерліктің дамуы, еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізілген талдаулар туралы (әлеуметтік-экономикалық дамыдың негізгі көрсеткіштері) ақпараттарды ұсынады.

Сондай-ақ порталда бизнес-субъектілер туралы маңызды байланыстар және басқа да керекті ақпараттар берілген еліміздегі Кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі орналасқан.

Өңірлік карта индустриалдық және инвестициялық шешім шығарудың негізі бола алады. Қазіргі таңда өңірлік картада 105 инвестициялық жоба белгіленген. 103-тен астам мемлекет өкілдері  қызығушылық танытып, қазірдің өзінде  порталға кіріп жатыр.

7. «ҮКІМЕТ БИЗНЕС ҮШІН» СЕРВИСІН ҚҰРУ

«Үкімет бизнес үшін» жобасы қолдау шараларын «бір терезеге» шоғырландырудан синергиялық әсер тудыруға, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігі мен ауқымын ұлғайтуға, қолдау шараларын алу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Аудандық деңгейге дейін инфрақұрылымдары мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету тәжірибесі бар екенін ескерсек, Үкімет тарапынан үйлестіре отырып, операторлықты «Атамекен» ҰКП-ға жүктеу ұсынылады.

Үкімет бизнес үшін дегеніміз, бұл – даму институттары көрсететін субсидиялаудан, грант беруден, сертификаттаудан бастап, факторингке, сауда алаңына, арнайы экономикалық аймақтарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға дейінгі барлық шараларды бизнес үшін біріктіре отырып, кәсіпкерге кеңес беретін, қызмет пен сервисті бірыңғай стандарт пен форматта көрсететін бір терезе.

8. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ БАҚЫЛАУ-ҚАДАҒАЛАУ ФУНКЦИЯЛАРЫН ҚАЙТА РЕТТЕУ

Жалпы республика бойынша бақылау және қадағалау функцияларын 61 ведомство жүзеге асырады (соның 45-і орталық мемлекеттік органдардыкі, 16-сы өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардан).

Мемлекеттік функцияларға жасалған талдау аталған ведомстволар түрлі салада 512 бақылау функциясына ие екенін, бұл тотальді мемлекеттік бақылауды білдіретінін көрсетті. Бұл ретте кәсіпкерлерге қатысты тексеру парағында 18 мыңнан астам талап бар екен (ең көбі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында – 10 мыңнан астам). Сонымен бірге, тексеру парағынан тыс санитарлық нормалар мен ережелердің 8 мыңнан астам талабы бар. Бұлар да мемлекет тарапынан бақыланады.

Осыған байланысты мынадай ұсыныстар бар.

1) тексеру жүргізу кезінде бизнес субьектілерінен талап етілетін талаптарды қысқарту жұмыстарын атқару;

2)  тауардың (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін бақылау мен тауар (жұмыс, қызмет) сапасын бақылауға қатысты мемлекеттік бақылаудың ара-жігін ажырату;

3) ұсынылатын тауар, жұмыс және қызмет сапасы бойынша бақылау функцияларын бәсекелі ортаға (өзін өзі реттей ұйымдарға – ӨРҰ)  беру, бұл ретте кәсіпкерлік субьектісін тауар (жұмыс, қызмет) сапасы талаптарына сәйкестікке мониторингтеу қорытындысы бойынша ӨРҰ ақпараты  Тауекелдер басқару жүйесінде ӨРҰ-да ескерілетін болады, сол арқылы адал кәсіпкерлерге қатысты қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті тексеру санын азайтады;

4) мемлекеттік бақылауды біртіндеп кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандырумен алмастыру;

5) Кәсіпкерлік кодексіндегі тексерулер жүргізудің жалпы тәртібінен ерекшеліктер санын қысқарту. 

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына ревизия жүргізу қажет.

9. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ЗАҢНАМАНЫ ОДАН ӘРІ ІЗГІЛЕНДІРУ

1) Жаңа Қылмыстық кодексте экономикалық қылмыстар бойынша айтарлықтай жеңілдеу байқалмайды. Олардың кейбіріне қатысты жаза кісі өлтіру жазасымен бара-бар. Мысалы, жалған шот-фактура үзіндісі үшін, салықтан жалтарғаны үшін, жалған кәсіпкерлік үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Жазалаушы шаралардан алдын алу тәжірибесіне біртіндеп келу саясаты жүргізіліп отырғанын ескерсек, экономика саласындағы қылмыстық құқықбұзушылыққа экономикалық жауапкершілік шараларын қолданған жөн.

Жалған кәсіпкерлік жөніндегі қылмыстық процесс барысында обьективтілік және зерттеудің толыққандылығына қатысты заңнама талаптары сақталмайды. «Жалған кәсіпкерлік» құрамының өзі қылмыстың өзге құрамдарын қайталайды (іс жүзінде бұл салық төлеуден, банк несиесін төлеуден жалтарудың, алаяқтықтың бір амалы).

Заңды тұлғаларды (жалған кәсіпорындарды) тіркеуді болдырмаудың кесірлі тәжірибесі қалыптасты. Олардың контрагенттермен арадағы барлық мәмілелері жарамсыз деп танылады. Нәтижесінде, соңғыларына қосымша салық сомалары мен айыппұлдар жазылады.

Қылмыстық қудалау сондай-ақ «жоспардан тыс» тексеру үшін қолданылады және әлі күнге дейін бизнеске қысым жасаудың құралы болып қалып отыр. Егер әдеттегі тексеру үшін мемлекеттік орган бұл әрекетінің негізділігін прокуратурада дәлелдеуі тиіс болса, қылмыстық қудалауды бастау үшін мұндай кедергілер жоқ.

10. БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУ ОРГАНДАРДЫҢ ВЕДОМСТВОЛЫҚ ЖӘНЕ ЕНШІЛЕС ҚҰРЫЛЫМДАРЫНДА НАРЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ РЕВИЗИЯ ЖАСАУ

Үкіметтің 2016 жылдың 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрліктердің ведомстволық бағынышты ұйымдары мен ведомстволарға оларды бәсекелес ортаға беру немесе жергілікті қамту деңгейіне қайталап инвентаризация жүргізу керектігін атап өтті.

Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың экономикаға ықпалы шамадан тыс жоғары болып отыр. Мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар активтерінің үлесі ІЖӨ-нің 60 пайызына жетеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты Мемлекеттік мүлік реестрі (www.gosreestr.kz) жекеленген мемлекеттік компаниялар үлестестіктің 9-шы деңгейіне дейінгі ұйымдық құрылымдарға иелік етіп отырғанына қарамастан, еншілес және бағынышты ұйымдардағы үлестестіктің 5-ші деңгейіне дейін ғана көрсетеді, сол себепті де мемлекеттік компаниялардың нақты саны туралы дерек жоқ.

Қалыптасқан күрделі жағдайды еңсеру үшін Мемлекет басшысының  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырумен бірге үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобын (Үкіметтік штаб) құру ұсынылып отыр. Мемлекеттік қатысумен ұйымдар жұмыс істейтін бәсекелестік орта жағдайын талдау мен бағалау, олардың одан әрі қызмет етуінің қисындылығы жөнінде ұсыныстар енгізу қажет. 

Осыған байланысты бизнес-қауымдастықтың өкілдерімен бірге мемлекеттік органдардың еншілес және қарамағындағы ұйымдарының қызметіне толыққанды зерттеулер және ЭЫДҰ стандарттары мен нарық ұстанымдарының бұзылуына талдаулар жүргізу ұсынылады.

.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер