«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Bastau Бизнес»: Жамбыл ауданында 39 бизнес-жоба мақұлданды

2017 жылғы 31 Мамыр
- Жетісу облысы

Қатысушылар жеңілдетілген несие алуға үмітті

Алматы облысы Жамбыл ауданында «Bastau Бизнес» жобасының қатысушылары алғашқы бизнес-жобаларын қорғады. Аудан бойынша жобаның алғашқы легіне 41 адам қатысып, оның ішінде 39 үміткер өз жобаларын сәтті қорғады. Кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы, даму институттарының өкілдерінен құралған облыстық комиссия әрбір жобаны толықтай қарап шықты.

Бизнес-жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығына, сондай-ақ құс өсіру, қызмет көрсету мен өңдеу өнеркәсібінің салаларына бағытталған.

«Білім алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады, мал бағу мен өсіруде айтарлықтай тәжірибелері бар. Жамбыл ауданы Алматы өңіріне жақын, сондықтан өткізу нарығы мен сұраныс та бар. Осыған орай, «Bastau Бизнес» жобасына қатысушылар да дәл осы бағытты таңдаған», – деп атап өтті бизнес-жаттықтырушы Біржан Серіков.

Орналасқан жерінің ыңғайлылығы мен Алматының өткізу нарығын іс жүзінде тексеріп көруге 24 жастағы Томирис Рахманова бел буып отыр. Жас қыз нәзіктігіне қарамастан қой басын көбейтумен айналысқысы келеді.

«Бүгінде өсемін, дамимын деген адамға көптеген бағдарламалар қарастырылған. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысқым келіп, курсқа жазылдым. Осындай шешім қабылдағаныма еш өкінбеймін. Бір ай бойы қажетті білім алып, көп нәрсені үйрендім. Әрине, шаруашылықты дамытуға ата-анам жәрдемдеседі», – дейді Томирис Рахманова.

Ал 41 жастағы Гүлжанат Қалымова үшін «Bastau Бизнес»: өз кәсібін үлкейтудің бір тәсілі. Облыстық комиссияның алдына бөдене өсіру жобасын ұсынған. Гүлжанат құс шаруашылығымен әкесі дертті болғандықтан айналысып бастаған. Бөдене жұмыртқасы – остеопароз дертінің, сондай-ақ жүрек-қан тамыр ауруларының дауасы. Әкесінің денсаулығына күтім жасау жеке кәсіп ашуға алып келді.

«Біздің ауданда бөдене өсіру, бағу жаңа кәсіп болып саналады. Ең алдымен 30-40 бөдене алдым, уақыт өте келе табыс түсе бастаы. Қазір 4 мыңға жетті. Кәсіпкерлік негіздерінен білім ала отырып, жеңілдетілген несие алып, шаурашылығымды үлкейткім келеді», – дейді жоспарымен бөліскен Гүлжанат Қалымова.

Комиссия қорғау қорытындысы бойынша ұсынылған жобалардың барлығын мақұлауға шешім шығарды. Енді Кәсіпкерлер палатасы қаржылық институттардың алдында несие беруге өтінім жасайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер