«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Bastau Бизнес»: оңтүстікте 277 жоба қорғалды

2017 жылғы 10 Мамыр
- Шымкент қаласы

Оңтүстік Қазақстан облысында «Бастау бизнес» жобасының алғашқы кезеңінің қатысушылары облыстық комиссияның алдында бизнес-жобаларын қорғады

Жеке бизнесін ашу үшін білім алып жатқан 311 тұрғынның 277-сі өз жобаларын сәтті қорғады.  Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі ірі қара малды бордақылау (45,6%), сүтті-тауарлы ферманы ұйымдастырумен (19,1%), жылқы басын көбейтумен (14,7%) және ұсақ мал түрін өсірумен (4,5%) айналысқылары келеді. Сонымен қатар, жылыжай шаруалығын, балабақша ашу, омарташылықпен айналысып, саңырауқұлақ өсіруді қалайтындар да табылды.

Жеке бизнесті ашу үшін машықтануға облыстағы 8 ауданнан 541 тұрғын ықылас танытқан. «Bastau Бизнес» жобасына қатысып отырған аудандар қатарында Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Оның тізімін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасы мен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтардың санына сүйене отырып, дайындады. «Bastau Бизнес» жобасына Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төле би, Түлкібас, Ордабасы, Қазығұрт пен Отырар аудандары бар.

Жоба аясында бизнес-тренерлер сабақты заманауи озық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, тиісті оқыту жоспарына сәйкес жүргізді.

«Өтінім берген және жобаларын сәтті қорғаған қатысушылар Түлкібас және Қазығұрт аудандарынан. Жоба қатысушылар арасында ең егде жастағы, яғни 70 жастағы қария бизнес-жобасын сәтті қорғады. Түлкібас ауданында тұратын зейнеткер Болысбек Қаңлыбаев ауылда сүтті-тауарлы ферма ашуды көздеді. Ақсақал жобасына өзгелердей көп қаражат сұраған жоқ. Ең жоғары несие сұрау ең көп таралған қателік. Ол өз мүмкіндігін шынайы бағалай отырып, 8 млн теңгеге өтінім берді, соған сәйкес кепілзат та қойды, сүт мол беретін ірі қара тұқымын алуды жоспарлаған», – ОҚО кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес көмек көрсету жөніндегі бөлім басшысы Данияр Дәрмен.

Бөлім басшысы Данияр Дәрменнің айтуынша, жоба қорғауында тым жоғары несие сомасын сұраған қатысушылар өте алмады.

«Мысалы, 16-18 млн теңге сұрағандар да болды. Алайда бір ғана тұрғын өз отбасымен бірге 100 сиыр алатын үлкен шаруалықтың жұмысын игере ала ма? Бұл мүмкін емес қой. Алдағы уақытта несиені төлейтін кезде қиындықтар туындайды», - дейді Кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Кәсіпкерлер палатасынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығын қолдау қорының өкілдерінен тұратын облыстық комиссияның алдында жобаларды қорғағаннан кейін, Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жобаларды  қаржылық мекемелердің несие комитетінде қорғауға атсалысады. Несие берілгеннен кейін бизнес-жобаларды жыл бойы сүйемелдейді. Кәсіпкерлер палатасы жұмыс істеп тұрған әрбір бизнеске сервистік қолдау кһрсету шеңберінде әрбір жобаны сүйемелдейді. Яғни, жеке кәсібін бастаған әрбір адам оқуды аяқтап, микронесие алғаннан кейін нарықта жалғыз өзі қалмайды, жыл бойы оған қолдау көрсетіп, бағыттап отыратын болады.

Сертификат алып, бизнес-жобаны сәтті қорғаған соң қатысушылар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан, микроқаржылық ұйымдары мен несиелік серіктестерден жеңілдетілген несие ала алады. Несие шарттары да тартымды: несие жылына 6% мөлшерлемемен беріледі. Оңтүстік Қазақстан облысына «Бастау Бизнес» бойынша шамамен 100 млн теңге бөлінген.

«Бастау Бизнес» жобасы 2017-2021 жылдарға нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отыр. Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке баулу арқылы жұмыспен қамтуды көздейді.

Жобаға қатысудың міндетті шарттары – кәсіпкерлік қызметке қабілеті бар екенін анықтайтын тестілеуден өту және кәсіпкерлік негіздерінен білім алу үшін жергілікті жерде оқу курсынан өту. Оқу барысында кәсіпкерлік туралы ақпарат алып, салық, маркетинг, заң бойынша білім беріледі. Сонымен қатар, өңірге қажетті бизнес-жобалар туралы мәлімет, ақпараттық әдістемелік материалдар, кооператив құруға қажетті мағлұматтар, қаржыландыруға қажетті үлгілік құжаттар, маркетингтік зерттеу қорытындылары, стартаптарды іске қосудың халықаралық тәжірибесінен білім беріледі. Тренингтің бір түрі бизнес-жобаны қорғау үшін көпшілік алдында сөйлетіп үйретеді.

Жоба аяқталғанда елімізде 3000 бизнес субъектісі  мен жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіледі.

Бірақ, қатысушылар атап өткендей, ең басты артықшылық – оқу курсының тегін болғандығы және білім алушыларға стипендияның төленуі, бұл ауыл тұрғындары үшін айтарлықтай маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер