«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Эльдар Жұмағазиев: «Бастау Бизнес» жобасы ауыл тұрғындарының әлеуетін көтереді»

2017 жылғы 28 Сәуір

Қазақстан қала тұрғындары Дүниежүзілік адами даму рейтингісінде – 50 орында болса, ал ауылдық тұрғындар – 96 орында

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген жиналысында «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің дамуы. Ағымдағы сын-тегеуріндер және келешегі» тақырыбы күн тәртібінде талқыланды. Осы ретте кәсіпкерлік білім беру ахуалына сараптама жасалды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы орынбасары Эльдар Жұмағазиев республиканың түкпір-түкпірінде жүргізіліп жатқан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша баяндама жасады. Айта кетелік, 1 қантарда күшіне енген 2017-2021 жылдарына арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес операторы ретінде 14 облыстың 80 ауданында «Бастау Бизнес» мектептерін іске қосты.

«БҰҰ дамыту бағдарламасының 2016 жылы өткізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, еліміздің қала тұрғындары дүниежүзілік адами даму рейтингісінде – 50 орында болса, ал ауылдық тұрғындар – 96 орында. Бұл рейтингтің негізгі көрсеткіштерінің бірі тұрғындардың білім алу деңгейі екенін ескерсек, ауыл тұрғындарын бизнеске баулу үшін барынша қарапайым, қолжетімді тетіктері жасалып, берілген ақпарат менталды, тілдік тұрғыдан түсінікті болуы шарт», – деді Эльдар Жұмағазиев.

«Bastau Бизнес» жобасы бойынша биылғы жылдың сәуір айынан бастап 4188 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам тестілеуге қатысып, бизнес ашуға ықылас білдірген 3258 азамат жоба аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын оқуда. Бірінші кезең нәтижесінде 2000-ға тарта жаңа бизнес-жоба жасалады деп күтіледі.

«Bastau Бизнес» ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге бағытталған жоба. Елдің түпкір-түпкірінен іріктеп алынған 95 бизнес-тренер жоғары экономика мектебі негізінде екі апталық арнайы тренингтен өтіп, дайындығы мен біліктілігі ең жоғары 80 бизнес-тренер еліміздің 80 ауданына жіберілді», – деді Эльдар Жұмағазиев.

30 күнге созылатын оқыту мерзімі 12 модульден құралады. Модульдер бизнесті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндірілді.

 «Бастау Бизнесті» үздік тәмамдап, өз бизнес-жобасын сәтті қорғағандар 18 млн. теңгеге дейін жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыру, бизнес ашқан соң 12 айға дейін жан-жақты қолдаудан басқа тағы бір артықшылығы бар. Ол қатысушылардың бизнес-жобасын қорғауға дайындау, психологиялық тұрғыдан қолдап, пысықтау көзделген.

Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша жобаны жүзеге асыруда бірнеше түйткілдер бар. Мәселен, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы берілетін шағын несиелердің жалпы сомасы 27 млрд. теңгені құрайды. Алайда олардың тек 20 пайызы (5,4 млрд. теңге) ғана бастапқы бизнесті дамытуға жұмсалады.

«Шағын несие беру тәжірибесіне сүйенсек, 5,4 млрд. теңге шамамен 1080 стартап жобасын ғана қыржыландыруға жеткілікті. «Бастау Бизнес» жобасының мақсаты индикаторлары осы қаржыландыруға тікелей байланысты болғандықтан, қазіргі жағдайда аталмыш мәселе KPI орындап, жаңа 3000 шағын бизнес ашуға кедергі болып тұр», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Ұйымдастырушылар қаржыландыруға бағытталған жалпы соманың кемінде 50 пайызын бастапқы (стартап) бизнес несиелендіруге жұмсау туралы шешім қабылдауды ұсынды. Бұл норма Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының мақсатымен сәйкес келеді.

Жалпы «Бастау Бизнес» бірегей жобасына деген халықтың қызығушылығы басым. Оқуға қатысқысы келетіндер көп. Жоба мемлекеттік деңгейде алғаш рет өткізілуіне қарамастан, Ұлттық экономика министрлігімен жасалған шартымен қарастырылған міндеттемелермен шектелмейді. 2017 жылы шартта ескерілмеген автоматтандыру сияқты бірқатар жұмыстарды жасап, 2018 жылда жоба аясы кеңейіп, барлық 160 селолық аудандар қамтыған кезде «Бастау Бизнес» жобасының нәтижесі анық байқалады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер