Қызылордада 30-дан астам кәсіпкер облыстық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға өтінім берді
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы ережелерін түсіндіру бойынша семинар өткізілді
Семинарға облысқа қарасты барлық ауданнан шараға қызығушылық білдіруші кәсіпкерлер қатысты.
Байқау ережелерімен таныстыру үшін Астанадан арнайы «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова мен республикалық көрме-байқауын өткізу тәртібі мен бағалау әдістерін түсіндіруге мамандандырылған өкіл «Интерсерт» ЖШС-нің қызметкері Ким Виктор шараның маңыздылығын түсіндіріп өтті.
«Биылғы жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауындағы ерекшелік – байқау «EXPO–2017» шарасы аясында тамыз айында өткізіледі деп жоспарлануда. Біздің отандық тауарөндірушілерімізге шет елден келетін туристердің, іскер азаматтардың назарын аудартпақпыз. Осылайша, республикалық көрмеге еліміздің барлық облыстарынан келетін тауарөндірушілер өздеріне серіктестер тауып, байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік туады деп сенеміз», – дейді Салтанат Әбдікәрімова.
Ал Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова өңірде «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті.
«Қазір біздің кәсіпкерлеріміз осындай шаралар арқылы сенімді серіктестер табуға болатынына көздері жетіп, белсенділік танытып келеді. Мәселен, биылғы өңірлік байқауға бүгінгі күнге дейін 30-дан астам кәсіпкер қатысуға ниет білдіріп отыр, 1 мамырға дейін бұл көрсеткіш ұлғаяды деп ойлаймын», – деді сарапшы.
«Алтын сапа»және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқаулары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. «Атамекен» ҰКП шараны биылғы жылы үшінші рет ұйымдастыруда. Бұл байқаулар отандық тауарөндірушілерді қолдау аясында мемлекетімізде жасалып жатқан бірден-бір үлкен шара. Жыл сайын біздің өңірімізден де жергілікті тауарөндірушілер қатысып, жақсы жетістіктер көрсетіп отыр. Өткен жылдың өзінде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына облыстан қатысқан «Сыр маржаны» ЖШС-і «Іскер» номинациясын жеңіп алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: