«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Асылбек Жәкиев: «Мақсат айқын. Енді оны сауатты түрде іске асыру керек»

2017 жылғы 01 Ақпан
5186 просмотров

Елбасы айтқан барлық міндеттерді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары басты бағдар ретінде ұстанады

«Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру арқылы, отандық кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтереміз. Атырау облысының бизнес-қауымдастығы ел Президентінің жолдауын ықыласпен қабылдап, жүктелген міндеттерді іске асыруға белсене қатысуға дайын екеніне сенімдімін». Мұндай пікірді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев айтты.

Оның айтуынша, жүктелген міндеттерді іске асыруда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарады.

«Өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, әкімшілік кедергілерді азайту, өңірлерде бизнес жүргізуге жағдайлар жасау, экспорттық стратегияны әзірлеу, Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын дамыту. Бұл міндеттер – «Атамекен» ҰКП мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары қызметтеріндегі басты бағдарлар. Барлық міндеттерді мерзімінде орындау үшін, біз осы бағыттардағы жұмыстарды жандандырамыз», – деп атап өтті Асылбек Жәкиев.

Өз кезегінде Палата басшысы 2016 жылы бизнесті қорғау желісі бойынша кәсіпкерлерден 198 арыз түскенін, олардың жартысынан көбі бизнестің пайдасына шешілгенін мәлім етті. Кәсіпкерлердің жалпы сомасы 1,4 млрд теңге болатын қаржысы үнемделді. Палата сарапшылары соттарда 11 кәсіпкердің мүддесін қорғап, соның арқасында сот бес шешімді бизнес субъектілерінің пайдасына шығарған, сондай-ақ Жоғары соттың 1 оң шешімі де бар.

Жыл басынан бері республикалық деңгейдегі 7 әкімшілік кедергі анықталса, соның 3-і «Атамекен» ҰКП-ның Проблемалар тізіліміне енгізілген және жергілікті деңгейдегі 11 кедергінің 9-ының шешу жолдарын мемлекеттік органдар мақұлдады, ал 2-і қаралып жатыр. Палата нормативтік-құқықтық актілер жобасына 173 сараптама жасап, соның ішінде 6 актіге ескертпелер енгізілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының соңғы екі жылдағы жұмыстарының арқасында облыстағы шағын бизнес субъектілері электр энергиясына алдын-ала төлем төлеуден, сондай-ақ, Жылыой ауданынының кәсіпкерлері газға алдын ала төлем төлеуден босатылды. Бұл жұмыс басқа да монополистерге қатысты жалғасын табады.

Қалада және облыстың барлық аудандарында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы КҚО қызметін 2 928 адам пайдаланған. 1 208 шағын және орта бизнес субъектісіне 2 693 сервистік қызмет көрсетілген. Бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 8 мыңнан астам кеңестер берілді.

Бұдан бөлек, «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша 614 адам, «Бизнес-өсу» жобасы бойынша 110 адам, ал «Жобалық оқыту» жобасы бойынша 53 адам білім алды. «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында білім берудің бірінші кезеңінде 39 кәсіпкер оқыды. Екінші кезең аясында 2 адам Германиядан тағылымдамадан өтіп келді. «Жас кәсіпкер мектебі» жобасының шеңберінде 40 жасқа білім берілді.

Сондай-ақ ӨКП инвестициялар тарту және сыртқы экономикалық қызметті дамыту бойынша белсенді жұмыстар атқарып келеді. Палата құрылған үш жылдың ішінде Ресей Федерациясының, Қытай Халық Республикасының, Удмуртияның, Белоруссияның бірнеше қалаларында түрлі бизнес-миссиялар ұйымдастырылды.

2015 жылы Атырау облысы ӨКП облыс кәсіпкерлерін «Теңізшевройл» ЖШС-ның SEOI жүйесінде алдын-ала квалификациялау мәселесі бойынша толықтай сүйемелдеді. Бүгінгі таңда оған ӨКП-ның көмегімен облыстағы 68 компания тіркелді.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен желісі бойынша барлық ведомствоаралық комиссияларға субсидиялаудың түрлі бағыттары бойынша субсидиялалар қарастыруды ұсынды.

«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен бірлесіп, Атырау облысында заманауи жағдайларда ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесі әзірленіп жатыр, жақын арада жоба толық іске қосылады.

Сондай-ақ Атырау облысының ерекшелігін ескере отырып, «Жайлау» бағдарламасы әзірленді. Осыған орай Атырау обысының әкімдігіне ұсыныстар жіберілді. Аталған бағдарлама тауарлық несиеге кепілдіксіз қой малын ұсыну нұсқасын қарастырады. Қазіргі таңда жобаның келешегі талқыланып жатыр.

«Елбасының Жолдауында айтылған міндеттер Президенттің бизнес-қауымдастыққа қандай жауапкершілік артып отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ, ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдайлар жасау туралы міндеттер қойды, мұның барлығы алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Асылбек Жәкиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер