«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес мұңы - іскер әйелдер назарында

2016 жылғы 07 Қыркүйек
- Жетісу облысы
8721 просмотров

Панфилов ауданында кәсіпкер әйелдер бас қосты

Панфилов ауданында Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің басшысы Римма Салықова және Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мәмиля Мұсабекованың қатысуымен кезекті отырыс өтті. Аудандық Іскер әйелдер кеңесі (ІӘК) өз қатарына жаңа мүшелерді қабылдады. Кездесу барысында Мәмиля Мұсабекова кеңес қызметі және оның алдағы жоспарлары туралы баяндады. 

«Бізде облыс бойынша 19 аудандық және қалалық Кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Олардың әрқайсысындда әйел кәсіпкерлер бар. Осы арқылы, біз аудандарда әйелдер кәсібін дамытуды қолға алып отырмыз, сондай-ақ, мемлекеттік қолдау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жолға қойдық. Панфилов ауданындағы кеңес төрағасының орынбасары Суриям Изимова, Кәсіпкерлер палатасындағы аудандық ІӘК басшысы екенін де айта кеткеніміз жөн. Сондықтан ауданда әйелдер арасында кәсіпкерлік бастаманы жандандыру жұмыстары белсенді түрде атқарылып келеді», – деді Кеңес төрайымы.

Кездесу шеңберінде, Еуразиялық даму және қайта құру банкінің (ЕДҚҚБ) кеңесшісімен арнайы тренинг ұйымдастырылды. Оның сөзіне сенсек, банк Орталық Азияда «Әйелдер бизнесте» бағдарламасы бойынша алғашқы несие желісін іске қосқан. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы аясында ЕДҚҚБ  және ҚР Үкіметі 5 жылға жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын қаражатты бөлуді жоспарлап отыр.

Әйелдер кәсіпкерлігін несиелеудің басты шарттары мыналар: несиенің барынша сомасы – 550 млн теңге; несие мерзімі – 60 айға дейін; сыйақы мөлшерлемесі – жылына 14%.

«Сонымен қатар, несие алушы мекеменің жарғылық капиталында әйел адамның қатысу үлесі 50%-дан кем болмауы тиіс және мекемені әйел басқаруы керек, оның ішінде, жеке кәсіпкер ретінде қызмет ететіндер де бар. Несие талаптарына сай, несие қаржысының 60%-ға жуығы Қазақстан өңірлерінің жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ, ал қаражаттың қалған бөлігін Астана және Алматы қалаларына бөлу жоспарланған», – деді ЕДҚҚБ өкілдері.

Кәсіпкер әйелдер, сондай-ақ, түйткілді мәселелерге тоқталып, бизнес-ортаны жақсартуға қатысты ұсыныстарды да талқыға салды. Оның ішінде, өзекті деген мәселелер қатарында, спиртті ішімдіктерді лицензиялаудағы жаңашылдықтар, екінші деңгейлі банктердің несие беру талаптары, жер телімдерін алу және тағы басқа мәселелер бар. Суриям Изимова, өз кезегінде, аталған мәселелер бойынша ӨКП жергілікті филиалындағы кеңеске жүгінуге болатынын айтты.

Кездесуді қорытындылай келе, іскер әйелдер аталған мәселелерді тез арада шешу мақсатында Панфилов ауданы ІӘК онлайн-чатын құру туралы шешім қабылдап, алдағы іс-шараларға тоқталып өтті. 

Ескере кетер жайт, дәл осы күні ІӘК мүшелері мемлекеттік органдар өкілдері мен аудан әкімінің қатысуымен өткен аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің отырысына қатысқан болатын. Кездесу барысында, нәзік жанды кәсіпкерлер аудандағы әйелдер кәсіпкерлігі турасында өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер