«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оралда да шын мықтылар озды

2016 жылғы 26 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
7200 просмотров

Орал қаласында «Қазақстанның үздік тауары-2016» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды

Қала және облыс бойынша қатысқан 20-ға жуық кәсіпорын өздерінің ең үздік өнімдерін ұсынды. Биылғы байқауға шағын және орта бизнес өкілдерінен өзге жеке кәсіпкерлер де қатысты. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілерді сапалы, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге шақырады.

«Өңірдегі «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы», «Родник» фирмасы»,  «Гидромаш-Орион-МЖБК», «Алтимстройдеталь», «Наноблок» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды көптеген кәсіпорындар биыл байқауға бірінші жыл қатысып отырған жоқ. Сонымен қатар өнімін байқауға алғаш рет ұсынған кәсіпорындар да баршылық, – деді БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин, – мысалы, «Батысмұнайгазжабдықтары» ЖШС, «Функе Қазақстан» ЖШС, «Оралмедрегион» ЖШС, «Әшіғалиев С.» ЖК, «Жұмағұлова Б.М.» және тағы басқалары. Жаңа компаниялардың байқауға қатысуға ниет білдіруі үлкен жетістік. Яғни бұл, өз өнімдерін республикалық деңгейде көрсетіп, бәсекеге түсуге дайын кәсіпорындардың саны артып келе жатыр деген сөз».

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің басшысы Валерий Жүнісов және былтырғы байқаудың жеңімпазы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Стекло-Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов жеңімпаздарды марапаттады.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Родник» фирмасы» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарды «Әшіғалиев С.» ЖК мен «Жұмағұлова Б.М.» ЖК алды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен – өкпенің жасанды желдету аппаратын өндіруші  «ОралМедРегион» ЖШС, ІІ дәрежелі дипломмен – темір-бетонды конструкциялар өндіретін «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС марапатталды. Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымының жеңімпазы болып, жоғары сапалы газ жабдықтарын шығарушы компания «Батысмұнайгазжабдықтары» ЖШС танылды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша ІІІ және ІІ дәрежелі дипломдарды «Функе Қазақстан» ЖШС мен «Алтим-Стройдедаль» ЖШС иеленді. Ал профильдік табақтар, газ, су және кәріз  жүйесіне арналған полиэтилен, полипропилен құбырлар шығаруға маманданған кәсіпорын «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша осымен екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды.

Барлық байқау қатысушыларына Алғыс хаттар табыс етілді.

Байқау жеңімпаздарын құттықтай отырып, облыс әкімі Алтай Көлгінов бұл іс-шараның мемлекеттік маңызы бар екенін атап өтті: «Жыл өткен сайын жергілікті кәсіпорындар сапалы, отандық өнім шығарып келеді, – деді Алтай Кульгинов. – «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысып, қатаң бәсекелестіктің ішінен озып шығып, жеңімпаз атану – оңай шаруа емес. Өйткені қатысушылар тек қана сапалы өнім көрсетіп қана қоймай, оның бәсекеге қабілеттілігін, халықаралық стандарттарға сай екенін, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыратынын дәлелдеуі керек».

«Тағы бір қуантатыны, – деді облыс әкімі, – ауыл бизнесін жандандырып отырған кәсіпкерлердің көптеп қатысуы. Биыл біз «Даму» қорымен ауыл бизнесін қолдауға және шағын несие үшін 1 млрд теңге ( «Даму» қоры мен әкімдіктің әрқайсысы 500 млн теңгеден) бөлу туралы келісімшартқа қол қойдық».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер