«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жетісуде кім жүйрік?

2016 жылғы 18 Тамыз
- Жетісу облысы
8448 просмотров

19 тамызда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтеді

Ертең Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында Алматы облысының озық үлгілі тауар өндірушілерінің есімі белгілі болады. Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары». Компаниялар сапа жүйесі, менеджмент, басқару тиімділігі және басқа да талаптар бойынша бағаланбақ. Айтулы байқауға экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін барлығы 48 жергілікті отандық компания қатысады.

Қатысушыларға жүлделерді Кәсіпкерлер палатасының стратегиялық серіктестері тапсырмақ. Олардың арасында облыс әкімдігінің өкілдері, прокуратура, мемлекеттік кірістер департаментінің болуы кездейсоқтық емес. Осылайша ұйымдастырушылар Алматы облысы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бергі 2,5 жыл ішінде қалыптасқан тиімді қарым-қатынас пен жемісті ынтымақтастықты көрсетуге ниетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және 50-150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар тағайындалған. Кәсіпкерлер палатасы, екі жыл қатарынан, байқауға бөлінген қаражаттың 90%-ын жеңімпаздарға ақшалай сертификат түрінде тапсырып жатқанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, биыл Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі үш тауар өндірушіге арнап арнайы сый-сияпат дайындап қойды. «Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің таңдауы» аталымы бойынша аймақтық экономиканың дамуына үлес қосқан компаниялар марапатталады. Сыйлықтар мен жүлделерді Өңірлік кеңес басшысы Римма Салықова мен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің басшысы, Өңірлік кеңес мүшесі Баниямин Файзулин табыстайды.

Шара барысында Жетісудың тұрғындары мен қонақтарын байқауға қатысушылардың көрмесі күтіп тұр. Көрмеде тек тауар түрімен және қызметімен танысып қана қоймай, ұнаған затыңызды сатып алуыңызға болады.

Сондай-ақ көрмеге түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жандардың тауарлары қойылатынын айта кеткен жөн.

Өңірлік көрме-байқау 19 тамыз күні Оқушылар сарайында өтеді. Басталуы сағат 14:00-де.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер