«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бауыржан Құрманов: «Озық технологияларды шаруаларға жеткізу керек»

2016 жылғы 19 Шілде
3450 просмотров

Агробіліктілік орталығы өткізетін 60-тан астам семинар мал бордақылау мен «Сыбаға» бағдарламасы тақырыбына арналмақ

Аталған инновациялық әрі өзекті мәселелер қамтылатын, елдегі шаруа қожалығы иелері мен еңбеккерлерінің білімін жетілдіруді көздеген шара ағымдағы жылдың тамыз айында бастау алып, қыркүйек-қараша айларына дейін созылады деп жоспарлануда.

Бұл туралы бізге Агробіліктілік орталығының мал бордалықау және «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қазақстандық сарапшысы Бауыржан Құрманов айтып берді.

Негізгі қызметі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Республикалық ветеринарлық зертханасы» мекемесі бас директорының кеңесшісі саналатын, ауыл шаруашылығында 30 жылдық жұмыс өтілі жинақталған тәжірибелі маманға тиісті Орталық өкілдері ұсыныс білдірген. Қарапайым мал басы тұқымдарын асылдандыруға ден қойған ол, бұған дейін ойға түйгені міндетті түрде ауылдағы ағайынның кәдесіне жарайтынына сенімді.

«Өткен жылдармен салыстырғанда, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында көптеген тың жаңалықтар енгізілуде. Міне сол жаңашылдықтарды, дүниежүзінде қолданылып жатқан сапалық озық технологияларды өңірлердегі шаруаларға жеткізе білуіміз керек. Шетелден әкелінген техникаларды, тиімді жем-шөп сұрыптарын, қысқа мерзімде тез өнім алуға көмектесетін үздік тәсілдерді төрт түлікті көбейтуде кең тарату бүгінгі күн талабы. Оның үстіне қазіргі кезде будандастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Фермерлер де мұндай амалдардың табыстылығын түсініп, білім-біліктілік деңгейін көтеруге зор қызығушылығын танытуда және біз қолға алған дәрістерге белсенді қатысуда. Мәселен, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері бағып-қағудағы үй жануарларының Америка зертханаларында тіркелген ДНҚ (Дезоксирибонуклеин қышқылы) сараптамасын анықтау кімді болсын елең еткізерлігі анық. Сонымен қатар, қолдан ұрықтандыруға қосымша күш салудың арқасында ірі қара малдың төлдеуі жеңілдеп, мал санын арттыруға мүмкіндік береді.

 Еуроодақтың тест жүйелері отандық диагностикаға кіріктірілуде. Ветеринариядағы ем шараларында қуатты дәрі-дәрмектер бере аламыз», - деп әңгімелеген Орталық сарапшысы бұл құнды мәліметтердің түгелін дәріс тыңдаушыларымен бөлісетіндерін жеткізді.   

Оның айтуынша, аудандық аймақтарда, облыстар төңіректерінде сынақтан өтіп, өндіріске қабылданып үлгерген, шаруашылықтарда жүзеге асырылудағы заманауи дүниелер де жетерлік. Осы орайда белгілі бір мал сырқаты, басқа да күнделікті тыныс-тіршілігі барысында алаңдатқан мұң-тілегімен мұқтаж жандар құзырлы ауыл шаруашылығының зертханаларына еркін жүгіне алады.

Елбасы тапсырған экспортқа жіберілетін ет көлемін ұлғайтуда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары сынды өңірлерде «Сыбаға» бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал санын молайтып, оң тәжірибесін халыққа таратудағы репродукторлық нысандар, мал бордақылау алаңдары орасан септігін тигізбек. Бұл жерде де шетелдік жаңалықтарды жерсіндіруде ғылыми тәсілдерге ерекше көңіл бөлінуде екен. Мемлекет қамқорлығы шеңберінде өзгерістерге сергек қарайтын АӨК субъектілерін субсидиялау қарастырылған. Аталмыш көрсеткіштері мақтан тұтарлық агроөнеркәсіп кешендері ошақтарында ұйымдастырылатын дәрістерде бас қосатын ата кәсіп иелері үшін зоотехникалық, селекциялық, генетикалық және ветеринарлық маңызды тақырыптар таңдалып, теория мен нақты тәжірибе ұштастырыла оқытылмақ. Алқалы кеңестерде баршаны толғандырған түйткілдер бірден талқыға салынып, қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріледі деп болжануда.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алғаш рет бірлесе отырып, осындай игілікті істерді тындыру үшін күш қосқаны қуантады. Кесте бойынша мемлекеттік бағдарламалардағы қолдау тетіктері, кооперативтер құру секілді барлық бағыт қамтылады деп күтілуде. Семинарды өткізуде қарбалас шақтарда қолы босамайтын ауылдағы іскер ағайынның ыңғайын да ескердік. Мысалы «Атамекен» филиалдарымен, іргелі шаруа қожалықтарымен ақылдасқан райда, шеберлік сыныптары шеңберінде Солтүстік Қазақстанға егін науқанына кедергі жасамайтындай ертерек барып, оңтүстік аймақтарға кейінірек сапар шегуді жөн деп шештік», - деп қорытты ойын Агробіліктілік орталығының сарапшысы Бауыржан Құрманов.   

Еске сала кетсек, Агробіліктілік орталықтары семинарлары жөніндегі «Атамекен» ҰКП байланыс орталығының бірыңғай  нөмірі: 59-79- 60. Қазақстан өңірлерінен қоңырау шалу тегін, ал Алматы қаласынан хабарлсам деушілерге 259-79-60 байланыс нөмірі арқылы қоңырау шалуға болады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Ұқсас жаңалықтар:

Семинарлар сан саланы қамтыды
3 Қараша
2016
Ақмола облысы
Асыл тұқымды малға күтім қажет
6 Қыркүйек
2016
Қостанай облысы
Тегін семинардың пайдасы мол
6 Қыркүйек
2016
Батыс Қазақстан облысы
«Қарбыз еліне» саяхат
5 Қыркүйек
2016
Павлодар облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер