Алтын сапа: Өтініш қабылдау тоқтатылды
Кәсіпкерлер палатасында «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу өтініштерін қарау басталды
Биылғы 1 шілдеге дейін Алматы облысының өнім өндірушілерінде өтініш беру мүмкіндігі болды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сертификация бойынша маманы Бибігүл Омарованың айтуынша, өтініштерді қабылдау тоқтаған сәттен бастап қатысушылардың құжаттары қарала бастайды.
«Құжаттардың барлығы тиянақты болғаны абзал, өйткені компания туралы барлық ақпаратты тексеруге мәжбүрміз. Компанияның қажетті сертификаттары, дипломдары, куәліктері, және өзге де құнтталған құжаттары толық болғаны жөн. Қауіпсіздік талаптарына саймыз десе, онда компания соны куәландыратын сертификат не дәлелдейтін құжат ұсынуы керек. «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары – сапаны көрсететін байқаулар, сондықтан қатысушылар оған лайықты екендерін дәлелдеуі шарт», – дейді сарапшы.
Ары қарай тамыз айында сарапшы топтың жиналысында «Алтын сапа» Президент сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі байқауларының өңірлік жеңімпаздары анықталады. Негізгі шарттардың бірі – басшылықтың көшбасшылық қасиеттерін бағалау, сапалы тауар өндірудегі саясат пен стратегия.
«Сарапшылар критерилер бойынша қызметкерлерді, серіктестер мен ресурстарды, ұйым жүзеге асырып жатқан үдерістерді де бағалайды. Тұтынушының тауарға, көрсетілген қызметке қаншалықты көңілі толатыны сарапталады. Қызмет көрсетушінің еңбегі бағаланады. Ұйымның қоғамға әсері талданады. Компанияның жетістігі сапа тұрақтылығымен, кәсіпорынның осы салаға қосқан үлесімен екшеледі», – дейді сертификат бойынша сарапшы маман Жанна Маратова.
Еске сала кетейік, былтыр өңірлік байқауға облыстағы 32 өндіріс қатысқан. Облыстық іріктеу жеңімпаздарына дипломдар мен 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі сертификаттар таратылған. Республикалық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде «Ең үздік азық-түлік тауары» аталымында «Рыбпром» ЖШС тарапы алдына жан салмады. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығы «Алтын сапа» байқауының ірі кәсіпкерлік субъектісі бойынша «Халыққа арналған тауарлар шығаратын ең үздік кәсіпорын» санатында жүлде «Байсерке Агро» компаниясына табыс етілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: