«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үміт Шаяхметова: «Шағын және орта бизнестің «әйелдерге тән» салаларын дамыту қажет»

2016 жылғы 01 Маусым
11051 просмотров

Банкирдің пікірінше, экономикалық жағынан күрделі кезеңде дәстүрлі түрде шағын және орта бизнестің «әйелдерге тән» салаларын дамыту қажет

«Қазақстан Халық банкі» АҚ Басқарма төрайымы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова Кеңестің ІІ Конгресінде баяндама жасады. Ол бүгінгі таңда кәсіпкер әйелдердің бүкіл қазақстандық бизнеспен бірге жаңа экономикалық ахуалдарға байланысты күрделі жағдайларға тап болып отырғандығын атап өтті. «Өткен жылғы девальвация, теңге өтімділігінің болмауы, халықтың төлем қабілеттілігінің азаюы, соның салдары ретіндегі тауарға және қызмет көрсетуге деген сұраныстың азаюы бизнесті жүргізу шартын күрделендіріп жіберді», – деді ол.

«Бүгінгі экономикалық дағдарыс кезеңінде, менің ойымша, мұнай және газ саласына тәуелді болу дұрыс еместігін барлығы түсінген секілді. Экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру қажет. Меніңше, міне, осы тұста әйелдерге өзін-өзі дамытуға мүмкіндік туатын сияқты. Дамуда қандай салалардың әлеуетті екенін талдадым, олар: ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, былғары өндірісі, қызмет көрсету саласы, сауда-саттық, медицина, білім беру, туризм, яғни бұлар дәстүрлі түрде әйелдер айналысатын салалар», – деп сөзін жалғады банкир.

Сондай-ақ, банкир әйелдер бизнесін жандандыруға кедергі болып отырған бірнеше жайттарды атап өтті. «Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдер мемлекеттік басқаруға айтарлықтай белсенді түрде шақырыла бермейді. Елімізде әкімдіктердегі, парламенттегі, министрліктердегі, ұлттық компаниялардағы және т.б. қызмет істейтін әйелдер саны әлі де аз. Меніңше, әйелдердің бизнес пен мемлекеттік қызметке көптеп келуіне экономикалық және заңды мәселелер ғана емес, менталитет те әсер етеді, яғни  алдымен ана мен жардың рөлін атқара жүріп, әйелдеріміздің қосымша бағытқа әрдайым дайын болуы қажет», – деп мәлімдеді ол.

Шаяхметова корпоративті басқарудың маңызды қырларының бірі ретінде оған әйелдердің қатысуын атап өтті. «Директорлар кеңесі мүшелерінің, компаниялардың басқарма мүшелерінің арасында әйелдердің болуы аса маңызды. Көптеген зерттеулер жоғары басшылық құрамына үш немесе одан да көп әйелдердің енгізілуі барлық көрсеткіштер бойынша жоғары рейтинг көрсететінін дәлелдеп отыр. Әйелдер қаржылық мәселелерге қатысты да, корпоративті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне қатысты да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал етеді. Бұл мәселені де Ұлттық кәсіпкерлер палатасы деңгейінде көтеруіміз қажет және мемлекетті басқаруға әйелдерді көбірек тарту туралы ресми ұсыныс жасауға да болады. Өйткені әйелдердің жасампаз қуаты, даналығы, жауапкершілігі мен ұсақ-түйекке жете назар аударуы әрдайым оң нәтиже береді», – деді ол.

Халық банктің басшысы Алматы қаласының бүкіл ел бойынша іскерлік орталық екенін атап өтті. Соған қарамастан, шағын және орта бизнестің бар болғаны 30%-ын ғана әйелдер басқарып отыр екен. Қалалық қазынаға келіп түсетін барлық салық түсімдерінің 60%-ын шағын және орта бизнес қамтамасыз етеді.

Шаяхметова әйелдерді бизнеске тартуға қатысты Кеңестің соңғы жылдағы жұмыстары жайлы баяндап берді. «Өз құқықтарын қалай қорғау керектігі туралы кеңес береміз, дәстүрлі түрде әйелдер әрекет ететін, білім беру, жеңіл өнеркәсіп, қоғамдық тамақтандыру салалары бойынша форумдар, көрмелер сияқты шаралар өткізіп тұрамыз. Сөйтіп, жоғары экономикалық іскерлік байланыстар орнатуға талпынып келеміз. Осы кезең ішінде қаладағы 4 мың әйелге қолдау көрсеттік, тегін кеңестер беріп, «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу» бағдарламалары бойынша оқыттық, әкімшілік кедергілерді еңсеріп, салық мәселелерін шешуге көмектестік. Қазір еліміздегі кәсіпкер әйелдерді шет елдерде кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін іріктеу жүргізудеміз», – деп атап өтті ол.

Кәсіпкер сондай-ақ, 52 алматық әйелге бизнестің жаңа бағыттарын ашуға және кеңейтуге көмектескендіктерін, 21 әйелдің стартап-жобаларды жүзеге асырып, білім беру, туризм және халыққа қызмет көрсету бағыттары бойынша өз бизнестерін ашқандығын мәлімдеді. «Жұмыс жүргізілуде, біз өз тәжірибелерімізбен өзге де өңірлермен бөлісуге дайынбыз. Алматылық әйелдердің бизнесте белсенді екендіктерін тағы бір рет атап өткім келеді», – деді Ү.Шаяхметова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер