Ләззат Рамазанова: «Павлодар облысындағы іскер әйелдердің әлеуеті әлдеқайда жоғары»
Іскер әйелдер кеңесі құрылған бір жыл ішінде 10 стартап қолға алынды
«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова Павлодар облысындағы кәсіпкер әйелдердің даму мүмкіндігі өте зор екендігіне сенімді
Бұл сөзін ол Іскер әйелдер кеңесінің өңірлік кездесуінде айтты.
«Бүгінгі таңда Павлодар облысы көптеген көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Егер әйелдер кәсібі туралы айтатын болсақ, өңірлік жалпы табыстың 40%-ын нәзік жандар қамтамасыз етеді. Бірақ меніңше, мүмкіндік әлеуеті әлі де мол»,– деді Рамазанова.
Оның айтуынша, Іскер әйелдер кеңесі кәсіпкер әйел туралы қалыптасқан қағиданы бұзып-жарып жатыр. Сөзінің дәлелі ретінде 8 наурыз мерекесі қарсаңында Павлодар облысының әкімі Іскер әйелдер кеңесімен кездесу өткізгенін атап өтті.
«Павлодар – өңір басшысының өзі келіп құттықтаған жалғыз облыс. Бұл әйелдер кеңесінің жетістігі, яғни іскер әйелдер дұрыс бағыт ұстанып, тәуір нәтижелер көрсете білді. Іскер әйелдер кеңесі құрылған бір жыл ішінде 10 стартап іске қосылды. Павлодар өнімін ел тани бастады. Мысалы, «Балбөбек» ойыншығын, «Velur-TEX»-тің балалар киімдерін көп адамдар біледі», – деді Кеңестің төрайымы.
Кездесу барысында Райхангүл Сатабаева Павлодар облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланды. Бұған дейін Өңірлік кеңестің басшысы болып келген ол енді жаңа қызметті де қатар алып жүретін болды.
«Райхангүл Қайырбайқызы тәжірибелі басшы. ҰКП жүйесін палата құрылғалы бері бес саусақтай біледі. «Атамекеннің» құрылуының басы-қасында жүрген адам. Бұл саладағы барлық деңгейден өткен білікті маман. Сіздің ойыңызда талай дүние жүрген болар деген сенімдемін. Соның барлығы жүзеге ассын. Кәсіпкерлердің өңірлік бөлімін басқарасыз. Өте маңызды ұйым. ҰКП төралқасының негізгі қосыны. Сондықтан сіздің тәжірибеңіз бен мүмкіндігіңіз осы өңірдегі кәсіпкерліктің жандана түсуіне жаңа серпін береді деп сенеміз», – деп құттықтады Ләззат Рамазанова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: