«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тас төсемдер өндірісі нәзікжандыларға түк емес

2016 жылғы 30 Наурыз
- Ақмола облысы
10160 просмотров

Кеше қарапайым администратор болса, бүгінде тасы өрге домалаған бизнестің иесі

Зүбайра Арғынова Бурабай ауданындағы бір мейманханада администратор болып жеті жыл жұмыс істеген. Жұмысы көңілінен шыққанымен, денсаулығы көтермеген соң, одан шығуға тура келді. Біраз уақыт үйінде кондитерлік өнімдер пісірумен айналысқанымен, бұл шаруадан қомақты қаражат та түспеді, көңілі де қанағат таппады.

Таныстарының кеңесімен Зүбайра Бурабайдағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығының есігін қақты. Кеңесшілер «Жұмыспен қамту жол картасы –2020» бағдарламасы аясындағы несиелендіру талаптарын бүге-шігесін қалдырмай түсіндіріп берді. Оған қоса, Арғынованы «Бизнес-кеңесші – 1» жобасы бойынша оқуға жіберді.

Жас кәсіпкердің бетон өнімдерді шығарумен айналысатындығы туралы шешімі айналасындағылардың таңданысын тудырды. Жаңа, әйелге тән емес болып көрінетін іс оны сескендіре қойған жоқ. Аяқтаған курсы дәтке қуат болды. Оның үстіне көптеген арнайы әдебиеттерді, Интернет материалдарын ақтара келіп, жол жиегіне арналған плиткалар өндірісін бастау, мәселен, тағамдық өнімдерді шығарудан әлдеқайда жеңіл екенін түсінді. Бастысы цехқа арналған орын (ондай орын бар еді)  мен қажетті құрал-жабдықтарды сайлап алып, қарапайым технологияны меңгеріп алса болғаны, ісі жүре бермек.

«Жергілікті нарықты зерттей келе, бетон өнімдерді шығару тиімді болуы мүмкін екенін түсіндім. Біздің өңірде ғимараттар мен құрылыстарды көркейтуге, сондай-ақ үй іргесіндегі жер телімдерін, қала жолдарын жақсартуға  қажетті тас төсемдерге сұраныс жоғары», – дейді кәсіпкер.

Жобаны Жұмыспен қамту орталығы мақұлдап, КҚО-ның кеңесшілері оны ары қарай жүргізуді қамтамасыз етті. Бір-екі ай өткен соң Зүбайра жеке кәсіпкер ретінде «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бойынша несие алды. Екі жарым миллион теңгені тас төсемдер мен матрицалар шығаруға қажетті станок сатып алуға пайдаланса, жартысын шикізат пен дайын өнімді тасуға «Ивеко» автокөлігін сатып алуға жұмсады.

Айта кетерлігі, шикізатты Шортандының өзінен алады. Бүгінде аз да болса, тапсырыс бар. Ал көктем келісімен ісінің дөңгелей жөнелетініне жас бизнес-ханым бек сенімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер