«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Келелі кеңестің бір жылы

2016 жылғы 05 Наурыз
3212 просмотров

Іскер әйелдер журналистермен кездесті

Бүгін Астана қаласында 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері журналистермен бейресми кездесу өткізді. Бизнес саласында табысқа жетіп жүрген нәзік жанды аруларымызды кәсіппен айналысудың құпияларымен бөлісіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.  Отырысқа қатысқандардың арасында «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Астана қаласы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымы Бағила Бейсембаева, Маңғыстау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымы Сәуле Салихова және жас кәсіпкер «Umai Ана» жобасының үйлестірушісі Диана Ратбекова болды.

Іскер әйелдер кеңесін  ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова басқарады. Кеңестің құрылғанына көп уақыт болмаса да, біраз жұмыстар атқарылған.

«Былтыр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Бүгінгі таңда еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан филиалдары құрылды. Аз уақыттың ішінде көптеген жұмыстар жасалды. Өткен жылғы күзде Бағила Бейсембаева басқаратын Астана қаласы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі қалалық әкімдікпен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және дамыту мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық және әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл бізді жұмысымыздың азда болса жемісі. Өздеріңіз білесіздер, елімізде 17 миллион халық болса, соның 52 пайызын әйелдер құрайды. Оның ішінде еңбекке жарамды әйелдер саны 4 миллионнан асады. Қазіргі таңда 1 млн 440 мың  әйел бизнес саласында еңбек етеді.  Жақында «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев шағын несиелердің 60 пайызы әйелдерге берілетінін айтты. Енді кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдердің саны тағы өсетіні белгілі. Біздің мақсат нәзік жанды аруларымызға барынша көмегімізді көрсетіп оларды жеке кәсіпке бағыттау», – дейді Ләззат Рамазанова.

Ләззат Керімқұлқызының табандылығының арқасында кеңестің аймақтағы филиалдары құрылған. Өңірлік филиалдардың төрайымдары бүгінгі таңда қалалық жердегі ғана емес, алыс ауылдағы қыз-келіншіктерді де осы заман талабына сай бейімдеп, кәсіппен айналысудың жолын үйретіп бағуда.  «Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді» деген дана халқымыздың осы сөзіне еріксіз келісесің. Сондай жандардың бірі киелі Маңғыстау өңірінен келген Сәуле Салихова облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

«Мен өзім Мәскеу қаласында білім алғанмын. Мамандығым мұнай саласына қатысты. Біраз жыл жолдасым екеуіміз Астана қаласында жұмыс істедік. Бірақ кейіннен туған жеріміз Маңғыстау облысына қоныс аудардық. Елорданың дамуына атсалысқан жақсы. Бірақ аймақтардың да болашағын ойлауымыз керек. Сондықтан бүгінгі таңда киелі Маңғыстау өңіріндегі кәсіпкерліктің дамуына титтей де болса өз үлесімді қосу мақсатында еңбек етіп жатырмын. Іскер әйелдерінің кеңесінің басшысы Ләззат Керімқұлқызы маған сенім артты. Сол сенімді ақтау біздің міндетіміз. Бүгінгі таңдағы ең басты мақсатымыз қаладағы емес, ауылдағы әйелдердің белсенділігін арттыру. Бір жылдың ішінде облыстағы біраз аудандарды, ауылдарды аралап, отырыстар ұйымдастырдық. Ақтау қаласында форум өткіздік. Оған облыстың басшылары қатысты. Ауылдардан келген әйелдерге Кеңестің деңгейін көрсетіп, бізге деген сенімділіктерін арттырдық. Барлықтары жақсы әсер алып қайтты. Болашақта бір үлкен толқын болады деп ойлаймын. Өйткені біздің жүйелі жұмысымыздың арқасында кәсіппен айналысуға ынтасы артқан әйелдердің қатары көбеюде», – дейді Сәуле Салихова.

Кәсіппен айалысу жас талғамайды. Оның үстіне кейінгі жастардың небір инновациялық жобаларды ұсынып көзге түсіп жүргенін байқап жүрміз. Тараздан келген Диана Ратбекова соңғы жылдары осындай бірегей жобаларымен көптің алғысына бөленіп жүр.  «Umai Ана» атты жобасының мақсатын кездесу барысында әңгімелеп берді.

«Біз жақында Жамбыл облысының аудандарын араладық. Сол кезде байқағаным әйелдер еңбексүйгіш. Кәсіппен айналысқысы келеді. Олар тек сатумен ғана емес, өздерінің инновациялық жобаларында жүзеге асыруды көздейді. Мен өзім «Umai Ана» атты жобаны қолға алғаныма көп болған жоқ. Бұл әмбебап платформа. Әйелдер аталған платформа арқылы кәсіпкерлікті қалай бастауға болатынын, құжаттар мәселесін барлығын оқып біле алады. Ауыл аймақта тұратын кәсіпкерлерге үнемі «Атамекеннің» орталық кеңсесіне барып қайту оңай емес. Сондықтан компьютер немесе кез келген смартфон телефондар арқылы «Umai Ана» платформасына кіріп, өзіне керекті ақпаратты таба алады. Сонымен қатар бұл жобаның артықшылығы комуникациялық мүмкіндікке ие. Мысалы, Байзақ ауданында тұратын болсаңыз, Маңғыстаудағы Бейнеуге өз тауарыңызды сатуға болады. Болашақта әйелдердің Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарыққа шығуына өз ықпалымызды тигізетін боламыз», – дейді Диана Ратбекова.

Ол сондай-ақ жақында пойыз жолаушыларына, бекеттерде тоқтаған кезде вагоннан шықпай-ақ сапалы тағамдар алуға болатын IOS b Android қосымшалар платформасы іске қосылғанын айта кетті.

«Менің құрбыларымның көбісі студент. Олардың барлығының бірдей ұшақпен ұшуларына мүмкіндіктері бола бермейді. Көбісі пойыздармен қатынайды. Кей кездері 2-3 күн бойы пойызбен жүретін кездер болады. Үйден алған тамақтары баратын жерлеріне жеткенше уақыты өтіп кету мүмкін. Ал станцияларда сатылатын тамақтардың барлығының бірдей лицензиясы бола бермейді. Осыдан ойлана келе жолаушыларға мінген пойызы бекеттерде тоқтаған кезде вагоннан шықпай-ақ сапалы тамақ алуға мүмкіндік беретін IOS b Android қосымшалар платформасын іске қостық.  Бұл қосымша Travel caffe деп аталады. Пойыз тоқтайтын станцияларда отандық өнімдер сатылатын дүкендер орнатамыз. Қазіргі кезде жолаушыларға қалаған тамақтарын жеткізіп беретін кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді ол.

Осылайша, мереке қарсаңында кәсіпкер әйелдердің қоғамға орасан үлес қосып жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қоғамда іскер әйелдердің белсенділігінің артып келе жатқаны жасырын емес. Елімізде 1 млн. 656 мың кәсіпорын басшыларының ішінде 656 216-сы әйелдер еен. Осының өзі біраз нәрсені аңғартса керек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер