«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Белсенді әрі іскер әйелдердің қатары көбеюде

2016 жылғы 05 Наурыз
- Павлодар облысы
7817 просмотров

Жеке кәсіпкерлердің  46%-дан астамы – әйелдер

8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесін құттықтады. Кездесу бейресми ахуалда өтті, қатысушылар пікір алмасып, құттықтауларымен бөлісті.

Өңірдің басшысы атап өткендей, әйелдер облыстың және жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық  дамуына үлкен үлес қосып келеді.

«Мен Павлодар облысының әйелдері барлық жағынан табысты екендігіне сүйсінемін  – сіздер кәсіптік шыңдарды оңай бағындырасыздар. Бүгінгі күні сіздерсіз білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларын көзге елестету мүмкін емес. Сіздер өздеріңіздің сенімдеріңізді, батылдықтарыңызды, биік мақсаттарға қол жеткізу қабілеттеріңізді іс жүзінде дәлелдедіңіздер. Жыл өткен сайын өңірде белсенді және іскер әйелдердің саны артып келе жатқаны бізді қуантады», - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімі өзінің сөзін фактілермен қуаттады: «Бүгінгі таңда облыста, статистика деректері бойынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің 29,5%-ын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлердің 46%-дан астамы – әйелдер. Мемлекеттік басқару саласында 1762 әйел жұмыс істейді, олардың 20%-ы басшылық лауазымда, 25 әйел аудан, ауылдық округтердің әкімдері».

Іскер әйелдер Өңірлік кеңесінің төрайымы Лилия Бызова, өз кезегінде, атқарылған жұмыстарымен және болашақ жоспарларымен бөлісті.

«Биылғы жылдың сәуір айында біздің Кеңестің құрылғанына 1 жыл толады. Осы уақыт ішінде көп іс тындырылды. Бізде облыстағы өзін-өзі қамтыған әйелдердің базасы бар. Бұл жұмыста Өңірлік кәсіпкерлер палатасы белсенді ықпал етуде. Біз облыстың әрбір ауданын және шағын қалаларын аралап шықтық, кәсіпкер әйелдермен кездестік, олардың проблемаларын білдік. Оларды шешуге көмектесуге біз дайынбыз. Әйелдер өз істерін жүргізіп кетуі үшін, материалдық қолдаумен қатар, ішкі сенімі қажет екендігі сөзсіз. Біздің Кеңес ретіндегі міндетіміз дәл осы сенімділікті беру», – деп атап өтті Кеңес төрайымы.

Кездесу барысында кәсіпкер әйелдер облыс әкімімен бірге өңірдегі бизнесті дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуларға қатысу, дербес қолөнер өнімдерін сатып өткізуге арналған сауда алаңдарын ашу мәселелері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер