«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда жасалған: Кәсіпкерлік ұлттық тағамдардың дамуына оң ықпал етуде

2016 жылғы 23 Ақпан
6342 просмотров

Қазақтың ұлттық тағамы – ши бауырсақты  өндіретін «АйсНұр» ЖШС-нің директоры Таир Нұғманов ұлттық өнімдердің өрісін кеңейту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін айтты

Қазақстанда кәсіпкерлікке жасалған қолайлы экономикалық жағдай ұлттық дәстүрдің дамуына да оң әсер етіп отыр. Елімізде ұлттық бұйымдар мен тағамдардың өндірісі қарқын алып келеді. Шығыс өңірде ғана әзірленетін  ши бауырсақ пен ұсақ бауырсақты  заманауи орамда нарыққа шығаратын «АйсНұр» ЖШС-нің  өнімдерін дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. 

«АйсНұр» ЖШС-нің  директоры Таир Нұғмановтың ұсақ бауырсақ өндірісімен айналысып жүргеніне екі жылдай уақыт болды.  Ол Шығыс Қазақстанның тумасы болғандықтан, туған жерінде кең таралған ұсақ бауырсақты нарыққа шығаруды бұрыннан жоспарлаған. «Ең алғашында анам 200 келі ши бауырсақ пісіріп берді. Оны қарапайым полиэтилен орамаларға салып, қала дүкендерін аралап, ұсынып көрдім. Бастапқыда қаптамасы тартымсыз болған соң, дүкендер аса қызыға қоймады. Араға жарты жыл салып, қаптамасының дизайнын әсемдеп, қайтадан ұсынып көріп едім, тұтынушылар сатып ала бастады. Басы осылай басталды», – дейді жас кәсіпкер.   

Бизнестің дамуында инвестицияның алатын орны айрықша екені айтпаса да түсінікті. Ши бауырсақтар өндірісі де инвестицияның көмегімен аяққа нық тұрып кетті. Жеке кәсіпкер Марат Тілеуберді  құйған 5 млн теңге қаржы  кәсіпкерліктің өрісін кеңейтті. Бүгінде дербес цех жұмыс істейді, айына өндірілетін 5 тонна ши бауырсақ «Рамстор» секілді ірі супермаркеттерде  сатылады.

 Бір қуантарлығы,  қазіргі таңда  ұлттық тағамдар нарығы қалыптасып келеді. Қазақстан бойынша бауырсақтарды өндіретін өзге кәсіпорындар  баршылық. Бірақ олардың саны саусақпен санарлық  және  олардың өзіне тән кемшіліктері бар. Бірінің сапасы сын көтермейді, енді бірінің қаптамасы тартымсыз. Сондықтан болашақта бауырсақтар өндірісін дамыта отырып,  оны қазақстандық бренд ретінде қалыптастыру жоспарда бар. Тіпті болашақта поп-корн, қытырлақ картоп секілді фабрикаттардың орнын алмастыруы ықтимал.

«Бұл өнімнің басты артықшылығы, біріншіден, әрине отандық өнім, екіншіден ағзаға зиян емес. Қазір жастардың арасында поп-корн мен қытырлақ картоптар секілді зиян заттардың кесірінен семіздік белең алып барады.  Болашақта ши бауырсақтарды осы заттардың орнын алмастыратын   деңгейге жеткізсек деген үміт бар. Бренд ретінде қалыптастыру үшін әлі біраз уақыт керек деп ойлаймын.  Қазір бизнестен бөлек, блогер ретінде «Кәсіпкер-лайф» атты парақша жүргіземін. Жас кәсіпкерлермен пікір алмасып, тәжибе бөлісу мақсатында ашқан болатынмын. Осы парақша арқылы өңірлермен байланыс жасаймын, өнім туралы ақпарат жариялаймын. Серіктестермен ши бауырсақтарды аймақтарға жеткізу жөнінде келіссөздер жүргіземіз. Болашақта ши бауырсақтарды Қазақстан көлемінде шектеліп қалмай, Кеден Одағы нарығына шығару жоспарда бар», – дейді кәсіпкер Таир Нұғманов. 

Кәсіпорын басшысы компанияның өрісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта мемлекеттің көмегі қажет екенін де айтып өтті: «Мемлекеттің кәсіпкерлерге  көрсетіп отырған қолдауы туралы білемін. Бұл жұмыстардың «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорлары арқылы жүзеге асырылып жатқанынан хабардармын.  Біраз уақыт бұрын кәсіпкерлер палатасына барып, кәсібім туралы ақпарат қалдырып кеттім. Әзірге бизнесті бір жолға қоюға күш салып жатырмыз. Ал болашақта сұраныс артып, бизнесіміз жанданып жатса, өндірісімізді  кеңейту үшін мемлекеттің көмегіне жүгіреніміз анық».   

Сонымен қатар, жас кәсіпкер мемлекет сертификат алу мәселесін оңтайландырса  деген өтініш білдірді.

«Өнімдерді нарыққа шығаруда қиындықтар көп болмаса да, сертификат алу мәселесі оңай емес екен. «Сәйкестік сертификаты», «СТ-KZ» нысанындағы сертификаттарды алу жаңадан бизнес бастаған адамдарға қиындау түседі. Кәсіпкердің тауарын өндіріске шығарып, қаржысы айналымға түспейінше, артық шығын шығаруға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, мемлекет тарапы осы жайтты ескеріп, жеңілдіктер қарастырса жақсы болар еді»,–дейді кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер