Сертификатты Ұлттық палатадан аласыз
Тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды, сондай-ақ уақытша әкелу құжаттарын ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы береді. Палатаға бұл функциялар үстіміздегі жылдың 12 шілдесінен бастап берілді.
ҰКП жанынан тауардың шығу тегі туралы сертификаттауды ресімдеумен және куәландырумен айналысатын, тауарлардың тәуелсіз сараптамасын жүзеге асыратын, сыртқы экономикалық қызмет бойынша ақпараттық, бағалау, брокерлік, маркетингтік, жарнамалық, аудармашылық және консалтингтік қызмет көрсететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін көрсететін Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығы құрылды. 12 шілдеден бастап Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығы өзінің өңірлік филиалдары арқылы тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды ресумдеу, куәландыру және беру бойынша, сонымен бірге «CT-KZ» формасындағы ішкі айналым үшін жүмыстарды үзіліссіз жүргізетін болады.
Тауарларды сертификаттау бойынша функцияларды ҰКП-ға беру қажеттігіне себеп болған не? Бизнес өкілдеріне қазіргі күнде сертификат алу қаншалықты ыңғайлы? Өнімді сертификаттау тауарға несімен пайдалы? Ауылдық кәсіпкерлерде сертификаттарды жергілікті жерде алу мүмкіндігі бар ма?
Тауарларды сертификаттау орталығының директоры Нұржамал Сұлтанованың осы және басқа да сауалдарға жауап беруін сұрадық.
- 2013 жылғы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуымен және қызметімен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Аталмыш Заң қабылданған соң «Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы» Заң күшін жойды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіптік палаталар 2014 жылғы 22 шілдеден бастап таратыла бастады да, бұрындары сауда-өнеркәсіптік палаталар орындаған барлық функциялар, сонымен бірге тауарлардың шығу тегі сертификаттарын ресімдеу, куәландыру және беру бойынша функция да Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілді.
«ҰКП туралы» Заңға сәйкес аталмыш функцияларды Ұлттық палатаның тиімді жүзеге асыруы үшін Ұлттық палатаның жүйесіне «Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдастыру-құқықтық формасында енетін заңды тұлға құрылды. Оның қызметінің негізгі түрі тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды ресімдеу, куәландыру және беру болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 12 шілдесінен бастап «ТШСО» ЖШС ҚР он төрт облыстық орталықтағы және республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларындағы әрекет етіп тұрған филиалдары арқылы тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды ресімдеу, куәландыру және беру бойынша функцияны жүзеге асыруға кірісті. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты өнеркәсіптік өңірлердегі Балқаш, Жезқазған, Теміртау және Семей қалаларында филиал бөлімшелері ашылды. Біз барлық қажет шараларды қолданып, сертификаттарды үздіксіз беруді қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жасадық.
Нұржамал Сұлтанова
- Сертификаттау дегеніміз не және ол не үшін жүргізіледі? Қандай тауарлар міндетті сертификаттауға жатады? Сертификатталған тауарлардың басымдылығы неде?
- Тауардың шығу тегі туралы сертификат – тауардың шыққан елі туралы куәландыратын және ұлттық заңнамаға сәйкес өкілетті мемлекет-экспорттаушының органы берген құжат. Әдетте ол әкелінетін тауарлардың тарифтік реттелуі, жеңілдікті тарифтерді алу, бажсыз әкелу, қосымша салық салудан босату үшін қажет.
Тауардың шығу тегі туралы сертификат жеңілдікті кедендік баждарды қолдануға немесе олардан мүлдем босатылуға мүмкіндік береді. Осы артықшылықтарды ұсыну экспортталатын тауардың бағасынан, сәйкесінше, оның бәсекеге қабілеттілігінен көрініс береді. Сонымен қатар, тауардың шығу тегі туралы сертификат банк аккредитив ашқанда, сатып алушының елінде тауарды әрі қарайғы өткізуде және т.с.с. талап етілуі мүмкін.
Тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттар басқа елдерге экспортталатын қазақстандық тауарларға ғана беріледі.
Экспортталатын/реэкспортталатын тауарларға тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттардың төрт негізгі түрі және ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификаттың бір түрі бар.
Сонымен, «СТ-1» формасы бойынша шығу тегі туралы сертификат – Қазақстан Республикасынан Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мына мемлекеттерге (ТМД елдері) апарылатын тауарларға беріледі: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Ресей, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина. «СТ-1» формасындағы шығу тегі сертификаты импорттаушыны баждан толықтай босатады.
«СТ-2» формасындағы шығу тегі туралы сертификат Қазақстан Республикасынан, ТМД елдерін қоспағанда, еркін сауда туралы келісім жасалған және әрекет ететін елдерге апарылатын тауарларға беріледі.
«А» формасындағы шығу тегі туралы сертификат Бас артықшылық жүйесінің аясында Еуропалық қоғамдастық елдеріне, сонымен қатар АҚШ-қа, Канадаға, Жапонияға, Түркияға, Австралияға, Жаңа Зеландияға, Швейцарияға, Норвегияға экспортталатын тауарларға беріледі. «А» формасындағы шығу тегі сертификаты болған жағдайда импорттаушы баждан толықтай немесе жартылай босатылады.
«Оригинал» формасындағы шығу тегі туралы сертификат ТМД және ЕО елдерін қоспағанда, және де «А» формасындағы шығу тегі сертификаттары немесе басқа да арнайы сертификаттар талап етілмеген жағдайда барлық елдерге экспортталатын қазақстандық тауарларға беріледі. Бұл сертификаттар ағылшын немесе орыс тілдерінде ресімделеді.
«CT-KZ» формасындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат арнайы экономикалық аймақтар аумағынан және еркін қоймалардан Қазақстан Республикасының кедендік аумағының басқа бөлігіне әкетілетін және тауарды жеткілікті түрде қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған тауарларға ресімделеді, куәландырылады және беріледі. Ол сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағында тауарды жеткілікті түрде қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес жеткілікті түрде қайта өңдеуге ұшыраған немесе шығарылған және Қазақстан Республикасының кедендік аумағында өткізілетін тауарларға беріледі.
- Сертификатты қандай мерзім ішінде алуға болады?
- Сауда-өнеркәсіптік палаталар жүйесі сияқты, «ТШСО» ЖШС тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеудің орнатылған екі сатылы процедурасы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жұмыс жасайды:
1 саты – бәсекелес ортадағы сараптамалық ұйымдарда жүзеге асырылатын тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу. Қажет құжаттардың толық топтамасы ұсынылған жағдайда шығу тегі сараптамасын жүргізу мерзімі екі күн болып шектелген.
2 саты – тауардың шығу тегі туралы сертификатты өкілетті органда ресімдеу.
Экспортталатын тауарларға тауардың шығу тегі туралы сертификат тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру туралы жеке немесе заңды тұлғаның өтінімі, тауардың шығу тегі туралы сараптама актісі, техникалық реттеу және өлшем бірлігін қмтамасыз ету саласындағы өкілетті орган бекітетін тізбе бойынша тауардың шығу тегін растайтын құжаттар негізінде беріледі.
Тауардың шығу тегі туралы сертификатты немесе шетелдік шикізат пен материалдарды қоданумен әзірленген экспортталатын тауарлар үшін сертификатты беруден бас тарту туралы дәлелденген жазбаша шешімді ресімдеу және беру мерзімі 1 күнді құрайды.
Толықтай Қазақстанда жасалған тауарларға экспорт үшін тауардың шығу тегі туралы сертификатты алу үшін тауардың шығу тегі туралы сараптама актісі талап етілмейді, және де оны ресімдеу және беру немесе бас тарту туралы шешімді беру мерзімі өтінім берген күннен бастап 2 күннен асып кетпеуге тиіс.
«СТ-КZ» формасындағы ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат экспортқа сертификат алу үшін ұсынылатын құжаттарға ұқсас құжаттар негізінде беріледі, алайда мұнда толығымен Қазақстанда жасалған тауарларды өндірушілер үшін сараптама актісін ұсынуды болдырмау жағынан жеңілдету қарастырылмаған.
Отандық тауар өндірушілерді және жалпы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «СТ-КZ» беру процедурасын жеңілдету бойынша мәселелерді пысықтауда, «СТ-КZ» алуда отандық тауар өндірушілерде туындайтын проблемалы мәселелерге талдау жасалуда және осы проблемаларды шешу жолдары іздестірілуде.
- ЕАЭО жағдайында Сертификаттау орталығын құру қаншалықты өзекті?
- Бүгінгі таңда Қазақстан үлкен шикізат және өндірістік әлеуеті бар қарқынмен дамушы ел болып табылады. ЕАЭО құрудағы жағымды тұстардың бірі қазақстандық тауарлардың Кеден одағы елдерінің нарығында еркін орналасуы болып табылады. Ал тауардың шыққан елін куәландыратын құжат тауардың шығу тегі туралы сертификат болып табылады.
- Сертификатты қалай және қайдан алуға болады, және де қаншаға бағаланады?
- Жоғарыда айтылып кеткендей, тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды ресімдеу, куәландыру және беруді «ТШСО» ЖШС ҚР облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларында орналасқан филиалдар желісі арқылы жүзеге асырады.
Әрекеттегі заңнамаға сәйкес, тауар туралы мәліметтер жалған немесе дәйексіз болатын тауардың шығу тегі туралы сертификатты ресімдеуге жол бермеу мақсатында шығу тегі туралы сертификатты беру бойынша органның өкілетті тұлғасы оны ресімдер алдында өтінім беруші ұсынған тауардың шығу тегін растайтын құжаттарға және тауардың шығу тегі туралы сараптама актісіне оның дұрыс ресімделуіне талдау жүргізеді. Осыдан кейін ғана оны беру туралы қорытынды береді немесе ТШС беруден дәлелді түрде бас тартады.
Жалғыз құрылтайшы «ТШСО» ЖШС шешімімен өтінім беруші ұсынған тауардың шығу тегін растайтын құжаттарға және тауардың шығу тегі туралы сараптама актісіне оның дұрыс ресімделуіне талдау үшін 4 АЕК мөлшеріндегі тариф орнатылған.
«СT-KZ» формасындағы тауардың шығу тегі туралы берілетін сертификаттар туралы ақпарат жалпыға қолжетімді «Қазақстандық мазмұн» www.ks.gov.kz интернет-порталында орналастырылған.
Автор: Қарлығаш Жүсіпбекова
Иллюстрация: Балжан Балташева
Пікір қалдыру:
Пікірлер: