ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еліміздегі кәсіпкерлерге арналған үндеуі
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-жұмылдыруға шақырады.
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлері палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев:
«Алматы облысына соңғы сапары кезінде Елбасы белсенділік жоқтығы себебінен өңір кәсіпкерлерін сынға алды.
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары Елбасының кәсіпкерлікті дамыту, бизнес жүргізу үшін Қазақстанда ТМД-дағы ең үздік жағдайды жасау бойынша бірізді саясат жүргізіп келе жатқанын білеміз. Президенттің тапсырмасы бойынша соңғы жылдың өзінде бизнес-климатты түбегейлі жақсарту бойынша бірқатар теңдессіз шаралар қолданылды – тексеріске толық мораторий енгізілді, инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімдік қаржыландыру үшін 1 трлн. теңге бөлінді, мемлекеттік органдарды қысқарту реформасы жүргізілді, құқық қорғау органдарының қысымы азайтылды және басқа да көптеген істер жасалды.
Кеден одағының аясында Ресейдің алып нарығына кірудің елеулі кедергілерінің барлығы жойылуда. Соңғы ықпалшараларға орай қазақстандық өнім ресейлік нарықтағы 350 млрд. долларға бағаланатын Еуропадан импортталуға тыйым салынған азық-түлік өнімдерінің орнын толтыра алар еді. Осы жағдайда біз, қазақстандық кәсіпкерлер, өкінішке орай, әлі күнге дейін экспортқа айтарлықтай ештеңе ұсына алмай отырмыз. Оның үстіне, бірқатар қарапайым өнімдер жағынан өзіміз де импортқа тәуелді болып табыламыз.
Сонымен қатар, дамыған елдердегі атақты кәсіпкерлер, бизнестегі көшбасшылар қоғамдық іс-шараларға ат салысатынын, қайырымдылыққа қатысуда бір-бірінен асып түсіп жататынын, қақтығыстарды шешуге бірлесе отырып ашық үндеулер жасайтынын, яғни жалпы алғанда, өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуде белсенді орында жүретінін көріп жүрміз. Сондықтан да Президент жүргізіп отырған саясаттың нәтижесі болып табылатын қазақстандық бизнес, президенттің қол тумасы деуге де болады, осындай жауапты кезеңде үнсіз қалмай, өзінің кемелдігі мен жауапкершілігін көрсетуге тиіс. Бизнес жұмылдырылуға тиіс және осылайша экономика дамуындағы сүйеніш болып табылатындығын қоғамға дәлелдеуге тиіс. Сондықтан да біз қазақстандық кәсіпкерлерді «Бизнес-жұмылдыру» науқанына қосылуға шақырамыз. Бұл науқанда кәсіпкерлер Елбасының бастамасына қолдау көрсетіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды ұлғайту, экспортты өсіру, жалпы, өз бизнесінің әлеуметтік-жауапкершілік тұрғысынан дамуы бойынша бұқаралық міндеттемелерді мойнына алады. Біз қысқа бейнероликтер форматын ұсынамыз. Ол үшін арнайы youtube – арна ашамыз да, осы ұсыныстарды жариялап отыратын боламыз. Сонымен бірге суық суға түсудің қажеті жоқ, бірақ оған тыйым да салынбайды)). Осы бастамаларды мониторингке аламыз да, оларды жүзеге асыруға қолдан келгенше жәрдем жасаймыз.
Өзімізге келсек, Ұлттық палатаның атынан салалық қауымдастықтар мен кәсіпорындармен бірлесіп бір ай ішінде ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібінің негізгі секторларындағы жинақталған жүйелік проблемаларды шешудің жан-жақты жол карталарын Үкіметке қорғауға ұсыну міндеттемесін мойнымызға аламыз. Сонымен қатар қаржыға, жерге, салық салуға, кадрларды даярлауға, субсидияларды бөлудің ашықтығына қолжетімділік, мемлекеттік сатып алуларға, сертификаттауға, тарифтерге және тағы басқаларына қолжетімділіктің негізгі мәселелерін қозғауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күннің өзінде ауыл шаруашылығы үшін көлемді, оңай табылатын ақша қажеттігі, кепілдіктердің жетіспеушілігі мәселесін принципті түрде шешу керектігі анық.
Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер мен тамақ кәсіпорындарының нақты проблемаларын анықтау үшін, оларды жалпылап, шешу үшін жәрдем көрсету үшін, әрбір ауданға барамыз. Талдау негізінде сол өңірлердің мамандануы бойынша ұсыныстар жасаймыз, жаңа қайта өңдеу қуаттылықтарын құру немесе бұрыннан келе жатқандарын жүктеу бойынша мүмкіндіктерді анықтаймыз.
Кәсіпкерлікті қолдау бойынша Елбасының айқын қалауын көріп отырмыз. Жаңартылған Үкіметтің оны орындауға деген дайындығын көріп отырмыз. Және де біздер, кәсіпкерлер, ұятқа қалмай, осы шақыруды қабылдауға тиіспіз».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: