«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мұқаш Ескендіров «Казфосфат» ЖШС бас директоры: «Бизнеспен бала кезден айналыстым...»

2014 жылғы 11 Тамыз
9050 просмотров

 

Химия өндірісінің алыбы саналатын Тараздағы  «Қазфосфат» сынды алып кәсіпорынды ауылдан шыққан қарапайым шопанның баласы басқарып отыр дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз табыс пен бақ тек ерен еңбек, терең білімнің арқасында келетінінің айқын дәлелі.  

Мұқаш Зұлқарнайұлы, облыс экономикасының негізгі локомотиві -  химия өнеркәсібі екені белгілі. Ендеше, өзіңіз он жылдан бері басшылық етіп отырған «Қазфосфаттың» ролі айрықша, жүгі ауыр.

Компанияны бүгінгідей табысқа қалай жеткіздіңіз?

Компания құрылғалы бергі 14 жылдың ішінде 380 миллиард теңгеден астам қаражаттың тауарын өндіріппіз.  Кәсіпорында химия өнімдерінің 20-дан астам түрі шығарылады.  Өнімдеріміз әлемнің 27 еліне экспортталады. Өткен жылы кәсіпорын 56 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Биыл бұл көрсеткішті 62 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. 6 мыңнан астам адамға жұмыс тауып беріп отырмыз. Қызметкерлеріміздің орташа айлық ақысы 88 мың теңгені құрайды.

Шыны керек, мұндай табыс оңай келген жоқ. Жалпы, еселі еңбексіз ештеңе де қол жетпейтіні анық ғой.

Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының Черноводск (қазіргі Қарасу)  ауылында дүниеге келдім. Ата-анам сол колхозда еңбек етті. Әкем малшы, анам сауыншы болатын. Біз бір отбасында алты ағайындымыз. Ауылдағы негізгі тіршілік егін егу, мал өсіру болғандықтан, осы шаруаның барлығын атқардық.  18 соттық жеріміз болатын. Сол жерге көкөніс егетінбіз. Үйдің үлкені болғандықтан сол шағын бақшада баптап өсірген көкөністерімізді қалаға апарып сататынмын. Одан бөлек, жылқы ұстап, бие байладық. Таңмен таласа тұрып, қымызды саудалайтынмын. Мен келгенше анам да таңертеңге сауыннан оралып, бақшадағы қияр, қызанақтарды қапшықтарға толтырып қояды. Сосын оларды арқалап тағы кетем. Қысқасы, бизнеспен бала кезден айналыстым. Бірақ, ол кезде сауда-саттық жасайтын қазақтар аз болатын. Көбіне саудада басқа ұлттың өкілдері жүретін. Қазақтар бірен-саран еді. Сол аз қазақтың ішінде мен де жүрдім. Бірақ, таң атпай тұрып, табыс табудың соңында жүрсем де оқу-білімсіз қатарымнан оза алмайтынымды түсіндім. Сондықтан оқып-тоқуға көп көңіл бөлетінмін. Әсіресе, химия пәні қатты ұнайтын. Химиядан беретін Қоңыржан Талқанбаева есімді мұғалімімнің үйіне аптасына 3-4 рет барып қосымша сабақ алатынмын. Нәтижесінде талай рет химия пәнінен  олимпиадалардың жеңімпазы атандым. Химияға деген қызығушылығым сол мектеп қабырғасынан қалыптасқандықтан, болашақта кім болам деген сұрақ төңірегінде көп ойланған жоқпын. Өзімді осы саланың маманы ретінде сезінетінмін. Мектеп бітірген соң көп ойланбастан осы саланы таңдадым. Ол кезде Кеңес Одағы көлемінде ірі 5 химия-технолигиялық институт болатын. Соның бірі - Шымкент қаласында орналасқан Қазақ химия-технология институты еді. Осы оқу орнына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Содан кейінгі өмір жолымның барлығы өндіріспен байланысты өрбіді. 1982 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, жолдамамен Жамбыл фосфор зауытына келдім. Ол кезде Жаңа Жамбыл фосфор зауытының екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатқан-ды. Осында ауысым шебері болып жұмысқа орналастым. Жас маман болғандықтан өзімді көрсетуім керек деген мақсат қойдым. Осы бағытта күндіз-түні тынбай еңбек еттім.

Сол жылдардағы төккен тер, еткен еңбек нәтижесіз де болған жоқ. 1982-1996 жылдар аралығында 4 цех бастығы, зауыттың партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары сынды қызметтерді атқардым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық компаниямызды айналып өткен жоқ. 1996 жылы басшылыққа шетелдік компания өкілдері келіп, бәрімізді жұмыстан шығарып жіберген кезі де болған. Сөйтіп, жұмыс істеп тұрған зауыттың барлығы жарты жылдың ішінде тоқтап қалды. Ол әрине зауыт жұмысшылары үшін оңайға соқпады. Қаратау, Жаңатас қалаларындағы айлар бойы жалақысын ала алмаған кеншілердің ереуілге шыққан кезі де сол жылдар. Бұдан бөлек, облыстағы көптеген әлеуметтік нысандар зауыттың қарамағында еді. Яғни, зауыт жұмысының тоқтауы тек өз жұмысшыларына ғана емес, әлеуметтік сала қызметкерлеріне де зардабын тигізді. 1998 жылы мені зауытқа директорлық қызметке шақырды. Содан өндірістегі тынымсыз тірлік қайта басталды. Екі жылдың ішінде талан-таражға түскен зауытты қайта орнына келтіру оңай шаруа емес еді. Қиыншылық тек біздің елімізді ғана емес Кеңес одағының құрамында болған өзге мемлекеттерде орын алған. Біздің өнімдерімізді сатып ала қоятын олардың да қаржысы шамалы. Әйтеуір, тоқсаныншы жылдардын бас кезінде зауыттың сыртқы экономикалық қызмет саласына жетекшіліп етіп жүргендегі тәжірибем көп көмектесті. Сол жылдардан қалған ескі достармен қайта байланыс орнатып, зауыт жұмысын қалпына келтіре бастадық. 1999 жылы Елбасымыздың ықпал етуімен алғашқы инвесторлар келіп  құрамына бірнеше зауыт кіретін  «Казфосфат» компаниясы  құрылып, өндірістің тасы өрге қарай домалай бастады. Зауыттың бүгінгі жағдайына қарап осыдан 10-15 жыл бұрын сондай қиыншылықтардың болғанын көзге елестету мүмкін емес.

Кәсіпорынды қызметін дамыту мақсатында қандай жұмыстарды жоспарлап отырсыздар?

Кез-келген компания үшін алдағы жоспар маңызды. Әсіресе, бәсекелестік ортада жүретін кәсіпорындарды әрдайым жетілдіріп отыру қажет. Бұл мәселе - біздің компанияның да басты ұстанымдарының бірі. Біз 2008-2013 жылдары сол кездердегі қаржылық дағдарыстың қиыншылықтарына қарамастан тоғыз инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Ал, нақтылы кезеңде төрт инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Алдағы уақытта тағы да сегіз жобаны жүзеге асыру ойда бар. Оның ішінде пештегі газдан этанол өндіру, ақ қышқыл, бестік күкірт фосфор өндіру, байыту фабрикасының құрылысын жүргізу сынды жобалар бар.

Кәсіптік-техникалық мамандардың тапшылығы барын білеміз. Сіздің кәсіпорында кәсіби мамандар жеткілікті ме?

Расы керек, соңғы жылдары облыс аумағында бірқатар химия кәсіпорындарының бой көтеруімен кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсті. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде зауыт тоқтап, экономикалық тоқырау белең алған шақта біздің мамандарымыздың көпшілігі жұмыстарын тастап, шетелдерге кетіп қалды. Себебі, зауытта еңбек ететін инженерлердің дені орыс, грек, неміс және басқа да өзге ұлттың өкілдері болатын. Кәсіпорында жұмыс істейтін қазақтар аз еді. Мен зауытқа басшылыққа келгенде мұнда мұғалім де, заңгер де, экономист те инженер болып еңбек етіп жатты. Себебі, мамандығы сәйкес келетін маман табу қиын еді ол кезде. Қазір мұның барлығын ретке келтірдік. Жұмысшыларымыздың барлығы өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Жаңадан келген жас мамандарды тәжірибесі толысқан аға буын өкілдері  кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Баулиды. Кәсіпорын жұысшыларының үштен бірі - жастар. Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған Дуальдық оқытуды енгізудің жол картасына бізде атсалысып жатырмыз. Неге? Себебі, өндірісте тәжірибеден өткен жастар  дайын маман болып шыға келеді. Соңғы жылдары өңірде бой көтерген химия кәсіпорындарында жұмыс істеп жатқан мамандардың көпшілігі біздің кәсіпорындарымыздың қабырғасында жүріп шеберлігін шыңдайды.  Былайша айтқанда, «Қазфосфат» облыстағы кәсіптік-техникалық мамандардың ұстанаханасы іспетті.

Сіз ел экономикасының кеңестік кезеңдегі, тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарындағы қиыншылықтарының барлығын көрген адамсыз. Елдегі қазіргі бизнес ахуалға қандай баға бересіз?

Қазір елімізде бизнесті дамытуға арналған көптеген бағдарламалар бар. Бірақ, солардың барлығы жобадағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Себебі, біз көптеген жобалар жасаймыз да, оған жетекшілік ететін мамандардың біліктілік деңгейіне мән бере бермейміз. Ол адам сол жобаны ойдағыдай жүзеге асыра ала ма деген сұрақтар екінші кезекте қалып қояды. Міне, содан барып жоба да жүзеге аспайдыү Оған бөлінген қыруар қаржы да игерілмей қалып жатады. Менің ойымша, біз бизнесті дамытудың жобасын жасамас бұрын сол бизнесті дамыту қолынан келетін адамды тауып алуымыз тиіс. Сосын қабылданатын жобалар сол адамның ерекшеліктеріне қарап жасалу керек сияқты. Себебі, адам өз ісінің маманы болған кезде ол нәтижелі болады деп ойлаймын. Ал, біз небір керемет жобаларды әзірлейміз. Бірақ, басқарушысы ол кәсіптің мәнін түсінбей жататын кездері аз емес. Екіншіден, негізгі күшті ауылдағы бизнесті дамытуға жұмсау керек. Өйткені, халқымыздың ауқымды бөлігі ауылда тұрғандықтан, олардың еңсесі көтерілмей, экономикамыздың дамуы екіталай. Ең бастысы, ел болып еңбек етуді үйренбесек ешқандай жетістікке қол жеткізе алмаймыз.

Бизнесменсіз. Өзіңіз сынды ірі бизнесте жүргендер де, ісін енді бастағандар да Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтініш-арызын арқалай келеді. Мәселе неліктен туындайды?

Мен Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасымын. Ұйымның құрылғанына бір жыл болған жоқ, білесіздер. Осы уақытқа дейін кеңестің 7 отырысын өткізіп, кәсіпкерлерден келіп түскен 21 арыз-шағымды қарадық. 23 кәсіпкердің құқын қорғап алып,  50 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдың күші жойылды. Кәсіпкерлерден заңсыз алынған 756 гектар жерді кері қайтаруға мұрындық болдық.

Ұлттық палатаға деген кәсіпкерлерден сенімі артты. Бірі аяқтай келіп, енді бірі электронды түрде құпия өтініш қалдырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуын сұрайды. Кәсіпкерлерді мазалайтын мәселе көп. Бірақ, ең бастысы – заңды білмеу. Олар құқықтық көмекке зәру. Бұл орайда, біздің бизнесмендер ұлттық палата сарапшыларынан ақысыз кеңес алып, көмек сұрауына болады емес пе? Өз басым кәсіпкер ретінде бұл ұйымның болашағына зор үміт артамын.

Сіз көптеген іс-шаралардың бел ортасында жүресіз. Қайнаған еңбегі бар кәсіпорын қызметін айтпағанда, облыстық мәслихатта депутатсыз. Бұдан басқа қоғамдық жұмыстарыңыз тағы бар. Соның барлығына уақытты қалай табасыз?

Оныңыз рас. Бәріне де уақыт табуға тырысамын. Себебі, қоғамда болып жатқан жайттарға бей-жай қарай алмаймын. Жақсыға да, жаманға да бей-жай қарайтын адам қоғамға залалын тигізеді. Сондықтан да әр іске шамам келгенше өз үлесімді қосқым келеді.

Табысты адамыз. Бақуатты болу үшін адамға не керек деп ойлайсыз?

Ең бірінші, кәсібилік керек. Менің адамдардың бойындағы сыйлайтын қасиетім де - осы. Қай саланың иесі болса, өз ісінің майталман маманы болуы тиіс. Ал, ол үшін әрине, терең білім қажет. Міне, осы екі қасиет бойында бар адам ғана табысқа жетеді деп ойлаймын.

Хоббиіңіз қандай? Нені жанермек етесіз?  

Мен - киноманмын. Жаңа шыққан фильмнің бірін қалдырмай көруге тырысамын. Содан кейін әрине, тән саулығы үшін спортты ермек қыламын.  

Демалысты қалай өткересіз?

Достарым көп. Уақыт тауып, олармен сырласқанды ұнатамын. 8 немерем бар. Қолым қалт етсе, немерелеріммен бірге болуға тырысамын. Бала тілі – бал. Олармен өткен демалыс ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Сұхбаттасқаныңызға бек рахмет!

Автор: Б.Сатыбалдиев


Еншілес ұйымдар

Серіктестер