Жастар кәсіпкерлігінің дамуына кедергі жасайтын проблемалар
Жастар бизнесі жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздық деңгейін қысқарту, білікті мамандарды даярлау сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде басты роль ойнайды. Жастар кәсіпкерлігі ықпалын күшейту және мүмкіндіктерін кеңейту оның әлеуетін пайдалану қажеттігін шарттайды. Жастар бизнесі шағын кәсіпкерліктің елеулі сараланымы болып табылады.
Жастар кәсіпкерлік ортадағы ең маңызды буын болып табылады. Бүгінгі таңдағы жастар, жастар кәсіпкерлігі 10 жыл өткен соң еліміздің бет-бейнесін анықтайтын болады. Ертеңгі елдің экономикалық өсуі мен даму екпіні бүгінгі жастар бизнесінің дамуына тәуелді.
Осылайша, бүгінгі күні жастар кәсіпкерлігі Қазақстандағы шағын бизнес дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жастарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ынталандырушы жағымды жағдай жасау жалпы мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі түрлі бағдарламаларда қарастырылуда.
Қазақстанның көптеген өңірлерінде жастардың өзекті білім мен дағдыларды меңгеруіне, ақпарат алмасуына, өз идеяларын дайындауына, сарапшылар консультацияларын алуға мүмкіндік беретін алаңдардың дамымағандығын атай кету керек. Нәтижесінде инновациялық идеялар не өмірге келіп үлгермейді, не болмаса жоғары оқу орындары мен ғылыми зертханалар қабырғасынан алысқа кетпей, нарыққа шықпай қалады.
Жастар кәсіпкерлігінің ерекшеліктері
Статистикаға сәйкес, бүкіл әлемдегі 18 бен 30 жас аралығындағы шамамен 300 млн жас адамның не тұрақты жұмыс орны жоқ, не мүлдем жұмыссыз болып табылады. Олардың арасындағы шамамен 20 % өз ісін бастау үшін озат қабілетке ие және, түрлі себептермен, тек қана 5 % осындай шешім қабылдай алады (Global Entrepreneurship Monitor Consortium 2013).
Жастар кәсіпкерлігін кәсіпкерліктің ерекше сараланымы ретінде бөліп көрсетуге себеп – ол кәсіпкерліктің басқа түрлеріне қарағанда өзіне ғана тән белгілерге, күшті және әлсіз жақтарға ие.
Жастар кәсіпкерлігінің күшті және әлсіз жақтары
Жастар кәсіпкерлігінің күшті жақтары
- Жоғары инновациялық белсенділік, ойлаудың инновациялылығы;
- Жинақылықтың жоғары деңгейі, ұстанымдарының икемділігі, жаңа нарықтарды игеру бойынша әрекет жасаудың жылдамдығы;
- Өзінің кәсіпкерлік білімдері мен дағдыларын өндіріс пен нарықтағы өзгергіш талаптарға сәйкес жүйелік жаңарту мүмкіншіліктерінің жоғары деңгейі;
- Жас адамдардың кәсіпкерлік қызметті, әсіресе оның бастапқы сатысында, алып жүретін жоғары еңбек және жүйке жүктемелеріне төзуге әлеуетті қабілеті;
- Жастардың тәуекелге бейімделгіштігі.
Жастар кәсіпкерлігінің әлсіз жақтары
- Болмашы әлеуметтік тәжірибе;
- Іскерлік абыройдың жоқтығы;
- Экономикалық заңдар мен механизмдерді қолданудың әлсіз тәжірибелік дағдылары;
- Бастапқы капиталды қалыптастыру проблемасы;
- Бизнес саласындағы және билік-басқару құрылымдарындағы жеке байланыстардың жеткіліксіздігі;
- Бюрократиялық құрылымдар ықпалынан қорғалмағандық;
- «Көлеңкелі» кәсіпкерлікке қызығудың аса белсенділігі және криминалдық құрылымдар ықпалынан қорғалмағандық.
Бұл белгілер жастар кәсіпкерлігін ерекше санатқа бөле отырып, оны қолдау бойынша негізгі міндеттерді анықтайды: күштілерін дамыту және әлсіз жақтарын жеңу.
Бүгінгі күнде жастардың дербес бизнес-жобаларын құруға дайындығына ықпал ететін бірқатар айрықша проблемалар шешусіз қалып отыр. Оған мыналарды жатқызуға болады:
1. Әлеуметтік көңіл-күй. Тәуекелге баруға, жаңа дүние жасауға дайындықты болжайтын кәсіпкерлік рух жастар ортасында әлсіз боп қала береді. Бүгінгі жастар ірі бизнес немесе мемлекеттік қызмет саласындағы мансапқа көбірек ұмтылады.
2. Кәсіпкерлерді бұқаралық санамен қабылдау. Кәсіпкерлер әлеуметтік топ ретінде жастардың алдыңғы қатардағы кәсіби артықшылықтар тобына кірмейді. Жастар ортасында кәсіпкерлік қызмет жетістікке жету емес, қиындықтарды жеңу мағынасында қабылдануы басым болып отыр.
3. Білім берудің мазмұны. Дәстүрлі оқу орындарында қажетті экономикалық білімдер ғана беріледі, алайда табысты кәсіпкерлік қызметке қажет ынталандыру мен мінез-құлық құзіреттіліктері қалыптастырылмайды.
4. Бастапқы шарттар. Әлеуметтік топ ретінде жастар үшін шағын бизнесті қолдау бағытында жасалып жатқан шаралар әзірше көзге көрінерлік нәтиже беріп жатқан жоқ. Нарыққа еркін шығуға бөгет жасаушы әкімшілік, құқықтық және қаржылық кедерілер бұрынғыдай асу бермей тұр.
5. Жастардың шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды жүзеге асырушы ұйымдар туралы хабарсыздығы. Ресейде өткізілген сұрау нәтижелері көрсеткендей (ИКСИ), осындай ұйымдардың бар екендігін респонденттердің 18 % ғана біледі екен. Сұралғандардың көпшілігі (69 %) қаладағы мұндай құрылымдардың бар екендігі жайлы білмейтін болып шыққан. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай сауалнамалар өткізілген жоқ.
Жастар – қоғамның ең белсенді бөлігі. Олар өмірдегі кез-келген өзгерістерге жылдам жауап қатады және олардың жақсы жақтарын тиімді түрде қабылдайды. Сондықтан да басқа жас топтарына қарағанда жастар кәсіпкерлік қызметке деген елеулі әлеует пен қабілетке ие деп айтуға болады. Жастар кәсіпкерлігі – мемлекеттік органдар тарапынан ерекше салмақты назар аударуды талап ететін өте күрделі сектор. Оны дұрыс құрылған, мақсатқа бағытталған қолдау өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз етеді де, бұл өз кезегінде экономикалық өсуге, өңірдің экономикалық тартымдылығының көтерілуіне алып келеді.
Алайда жастар осы кәсіпкерлікті құру жолында үлкен қиыншылықтарға ұшырасып жатады. Бұл проблемалар кәсіпкерлікті құрудағы қаржылық қиыншылықтармен де, жас адамдардың білімінің жеткіліксіздігімен де байланысты. Бұған кредитке пайыздың және салықтың жоғары мөлшерлемелері, жастар қолында бастапқы капиталдың болмауы, өз қызметінің қысқа мерзімділігі мен тәжірибе жетіспеушілігіне орай экономикалық және өндірістік байланыстардың шектеулілігі немесе болмауы жатады. Осы және басқа да проблемалар жастар кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау жолымен міндетті түрде шешуді талап етеді. Жастар кәсіпкерлігін қолдаудың әрекеттегі әдістері жайлы жас адамдардың хабарсыздығынан түрлі науқандар, байқаулар өткізу, оқу орындарында ақпараттық базалар құру қажеттігі туындап отыр. Осы шаралардың барлығы жастардың кәсіпкерлікті, бизнесті қолдары жетпейтін қызмет саласы ретінде қабылдауын тоқтатуға көмектесетін болады.
Автор: Дмитрий Савеленко
Иллюстрация: Балжан Балташева
Пікір қалдыру:
Пікірлер: