Техникалық жоғары оқу орындары оқытуда ескірген оқулықтарды пайдаланып жүр
Оқу әдебиетінің сапасы техникалық және кәсіптік білім берудегі проблемалардың бірі болып қала береді.
Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жұмыс берушілер мен қауымдастықтар басшыларының кездесуінде Машина жасаушылар одағының атқарушы директоры Тимурлан Алтаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарындағы машина жасаушыларды оқытуда пайдаланылатын оқулықтардың тізбесін қайта қарап шығу қажет. Кеңестік кезеңде шығарылған көптеген оқулықтар оқу процесінде осы күнге дейін қолданылып жүр. «Олар өткен ғасырдың 1978 – 1982 жылдарында басылып шықандықтан, ескіріп кетті. Бұның оқыту сапасына әсер етпей қалмайтыны сөзсіз», - деді ол.
Тимурлан Алтаев сонымен қатар республиканың еңбек нарығында талап етілетін кәсіптік стандарттарды дайындауды салалық қауымдастықтардың пікірін ескере отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүргізуі керек екендігін баса айтты. Оның айтуынша, осы құжаттаманың негізінде жаңартылған оқу бағдарламалары мен жоспарлар жасалатын болады. Бұл білікті мамандарды шығару деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Елдегі кәсіптік-техникалық білімнің еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкестігін тілге тиек ете отырып, Тимурлан Алтаев «машина жасау саласы үшін мамандарды даярлау бойынша ұстанымдардың принципті түрде өзгергенін» атап өтті.
«Сонымен бірге біз бүгінде сала кәсіпорындарын өндіруді жоспарлап, шығарып жатқанын негізге алып отырмыз. Бұл жағдайда қандай жұмысшылар және инженер мамандардың қажет екендігін, оларды қандай мөлшерде даярлау керектігін анық біле аламыз», - деп түйіндеді Тимурлан Алтаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: