«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ ұзақмерзімдік әріптестік туралы келісім шарт жасасты

2014 жылғы 18 Маусым
4572 просмотров

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Осы келісімнің арқасында «Самұрық-Қазына» Қорының сатып алулар жүйесі отандық компаниялар-өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге қолжетімдірек болады. Меніңше бизнесті қаржыландыру айқындық, ашықтық пен саналылық қағидалары бойынша жүргізілуі керек. Комиссия құрамына кірген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, соның ішінде әр өңірде  тендер шараларын өткізу ісіне бизнес қауымдастық тарапынан бақылауды күшейтеді. Ең бастысы – қазақстандық кәсіпкерлер үшін сатып алулар үрдісін ыңғайлы етуіміз керек, кәсіпкерлерімізге модернизациялауды жүргізуге мүмкіндік беруіміз қажет, бұл ретте отандық өндірушілер үшін ұзақмерзімді шарттар әзірлеуді қарастырудамыз», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстанның ЕЭО пен ДСҰ мүше болуы аясында барлық мемлекеттік сатып алулар жүйесі, соның ішінде ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелері айтарлықтай жаңартылып, бірізді қалыпқа келтірілуі керек екенін ерекше атады.

Аталған құжат отандық тауар өндіруші, жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдаудың стратегиялық механизмі ретінде ұзақ мерзімдік келісім шарттар жасасуды белсенді қолдануды көздейді. Қор компаниялар тобы соңғы бірнеше жылда өндірушілермен ұзақ мерзімдік келісім шарттар жасасу тәжірибесін жиі қолданып отыр. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында жасалған осындай ұзақ мерзімдік келісім шарттардың жалпы сомасы 1 триллион теңгеге жуықтады. Әрі осы шарттарды 10 жыл мерзімге дейін ұзарту мүмкіндігі бар.    

«Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ жүктеген маңызды тапсырмаларының бірі жергілікті үлесті арттыру арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсету болып табылады. Осы орайда Қор сатып алуларында қазақстандық өндірушілерді қолдаудың бірқатар табысты механизмдерін қарастырған.  2010 жылы тауар, жұмыс пен қызмет түрлеріндегі қазақстандық үлес 50 пайызды құраса, осы нақты шаралардың арқасында 2013 жылы ол 70 пайызға дейін жоғарылады. Бұл арада тек тауарлардың өзінде аталған мерзім ішіндегі жергілікті үлестің өсімі 24 пайызды көрсетті»,-деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ, осы меморандумда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері бірлескен жұмыс тобының құрамына енуі, Қордың сатып алулары жөніндегі нормативтік актілерді әзірлеу мен жетілдіруге, түскен шағымдарды қарау барысына қатысатыны қарастырылған. Өз кезегінде бұл Қордың сатып алуларына қатысатын  кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде шағын және орта бизнес мүдделерінің одан сайын мығым қорғалуын қамтамасыз етеді.  

Анықтама. NADLoC мәліметінше 2013 жылдың қорытындысында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тауар, жұмыс пен қызмет түрлерін сатып алудың жалпы көлемі 8 трлн. 416 млрд. теңге. Соның ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдары, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын қоса алғанда 42 пайызды құрап отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер