«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жанар НИЯЗБЕКОВА, кәсіпкер: БІЗ БІРІКСЕК, БИЗНЕС САЛАСЫ ӨРКЕНДЕЙ ТҮСЕДІ

2014 жылғы 16 Маусым
3865 просмотров

Алда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезі шақырылып отыр. Алқалы жиыннан еліміздің кәсіпкерлері бұл палатадан не күтеді, қандай мәселелер шешімін тапқанын жөн көреді? Бұл жөнінде съезге делегат ретінде қатысқалы отырған кәсіпкер, Астанадағы «Технолизинг» ЖШС директоры Жанар Ниязбекованы әңгімеге тартқан едік.

– Жанар Амангелдіқызы, алдымен өзіңіз жүргізіп отырған жұмысыңыз жөнінде айта кетсеңіз?

– Біздің «Технолизинг» ЖШС 2010 жылы құрылған. Мен бизнесті серіктесіммен бірге аштым. 2003 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқаннан кейін жеке компанияны құру қиын болған жоқ. Бірақ, кадр табу мәселесінде қиналдық. Сонымен қатар, жаңа компанияға деген кредиторлардың көзқарасы басқаша болды. «Бұлар кімдер, қолынан не келеді?» деп, бізге сенімсіздік танытқандар болды. Бірақ, біз аз уақыттың ішінде өзімізді көрсете білдік. Қазір 400-ден аса клиентіміз бар.

– Сонда сіздер қандай техника түрлерін лизингке берумен шұғылданасыздар?

– «Технолизинг», негізінен, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы сатып алады. Атап айтқанда, комбайн, экскаватор, бульдозер, автобус, жүк көліктері және коммуналдық шаруашылығы машиналарын клиенттерімізге ары қарай сатып алу құқымен арендаға береміз. Жылдық үстемесі орташа бағаммен – 10-14 пайыз. Көліктердің көбісі Америка мен Еуропа елдерінікі. Қытайдан алдыратынымыз бар. Бұл енді техниканың түріне байланысты.

– Былтыр қыркүйек айында кәсіпкерлерді қолдауға арналған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғанын өзіңіз жақсы білесіз. Осы уақытқа дейін бұл бизнес қауымдастығының сіздің серіктестікке қандай да бір пайдасы болды ма?

– Біз ірі бизнес өкілі ретінде қандай да бір мемлекеттік қолдауға ие болу үшін өзіміз жүгіреміз. Үкіметке, тиісті органдарға хат жазамыз. Бірақ сол хатымыз айлап, жылдап жатып қалатын кездер аз емес. Мүмкін, хатымыз тиісті иесіне жетпей жата ма, әйтеуір, сарылып көп күтетін едік. Сөйтіп жүргенде жоғалып та кететін. Ал енді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бұл мәселенің түйіні шешілді-ау деймін. Былтыр қаржылық желімен жұмыс істейтін компанияларға мемлекет арнайы субсидия бөлді. Заң бойынша бұл қаржылай көмек кез келген компанияға қолжетімді болуға тиіс. Соның ішінде біз белсенді жұмыс істеп жатқан лизингтік компания ретінде өтетінімізге сенімді едік. Бірақ, біз өте алмай қалдық. Сөйтсек, пайыздық ставкаларына, қаржылық айналымға байланысты белгілі бір шектеулері бар екен. Мұны біз білген жоқпыз. Ал биыл субсидияны алуға Палата арқылы хат жаздық. Мәселеміз екі айдың ішінде шешілді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қолдайтын күш секілді. Бүгінде кәсіпкерлерге қатысты кез келген мемлекеттік деңгейдегі шешім осы бизнес қауымдастықтың келісімімен жүзеге асырылады. Әрі Палатағылар қандай да бір жоба дүниеге келсе, бұл туралы дереу өздерінде тіркеуде тұрған кәсіпкерлерді хабардар етеді. Осы жағынан көмегі көп болып тұр.

– Алдағы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сьезінде қандай мәселе көтерілгенін қалар едіңіз?

– Меніңше, осы сьезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүше ретінде кәсіпкерлерге салынатын міндетті мүшелік жарна мәселесі біржақты шешілуі керек. Осы жарнаның алдын ала белгіленген тарифі бар. Орта және шағын бизнес өкілдеріне белгіленген жарна мөлшері бар. Біздікі – одан бөлек тариф. Бірақ, бұл жерде бір түсінбеушілік бар. Ірі компаниялар арасында тариф мәселесі нақты анықталмаған. Мәселен, компаниялар жылдық айналымда бірнеше миллиард немесе бірнеше жүздеген миллиард пайда түсіруі мүмкін, ал тарифі бірдей. Екінші жағынан, көп кәсіпкерлер, әсіресе, орта және шағын бизнес өкілдері осы мүшелік жарнаны не үшін төлейтінін білмейді. Білмеген соң, төлегісі келмейтіні анық. Айталық,жылдық жарнаны төлеу уақыты сол жылдың қаңтары мен 31 желтоқсан аралығы деп көрсетілген. Кәсіпкерлердің 90 пайыздан астамы әлі жарна құйған жоқ. Бәрі желтоқсан айын күтіп жүр. Менің ұсынысым, мүшелік жарнаны не үшін төлеу керектігін Палата өкілдері жан-жақты түсіндіріп берсе деймін. Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы немен айналысатынын, олардың кәсіпкерлерге қандай пайдасы барын базарда сауда жасап жүрген қарапайым кәсіпкер біле бермейді. Сондықтан, олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізу қажет деп санаймын.

Расымен де Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елдегі іскер азаматтардың басын қосады әрі кәсіпкерлерге қатысты қандай да бір мәселені бірлесіп шешуді көздейді. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» дейді. Кез келген түйткілді бірге шешіп отырсақ, бұл бизнестің дамуына ықпал етері сөзсіз. Осы жағынан алғанда, бізге бизнес қауымдастықтың пайдасы үлкен. Енді Палата еліміздегі шағын бизнесте жүрген халықты тартып, оларға қандай мемлекеттік қолдаулар барын түсіндіріп, заңдық тұрғыдан сауатты көмек бере алуы керек. Жалпы, бұл шаруаларға айрықша мән беріп, кеңінен насихатталғаны жөн.

Астана ақшамы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер