Қарағандыда бизнеспен айналысатындар 217 мың адамға жетті
Қарағанды облысында бизнеспен айналысатын тұрғындар саны 217 мың адамға жетті. Мұндай деректі кәсіпкерлер конференциясында облыс басшысы Бауыржан Әбдішев келтірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Кәсіпкерлік секторында оң үрдіс байқалып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9 пайызға артып, 62 мың адамнан асты. Кәсіпкерлікпен айналысатындар 8 пайызға артып, 217 мың адамға жетті», - деді облыс әкімі конференцияның ашылуында.
Оның айтуынша, шағын және орта субъектілер шығаратын өнім 3,4 пайызға өсіп, 549 млрд. теңгеге жеткен. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуырда ғана Ұлттық инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде: «шағын және орта бизнес – орта таптың берік іргетасы» – деген болатын. Сондықтан бүгінгі күнімізде кәсіпкерлікті дамыту ең өзекті мәселелердің бірі болып есептеледі», - дейді Бауыржан Әбдішев.
Облыс әкімі кәсіпкерлерге шағын және орта бизнес әлеуетін арттыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің тиімді әрі сапалы дамуы мақсатында Президенттің кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге мораторий жариялағанын да еске салды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: