«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

2025 – Палатаның кәсіпкерлікті қолдаудағы нәтижелі жылы

2026 жылғы 16 Қаңтар
- Абай облысы
1340 просмотров

Абай облысының кәсіпкерлері үшін 2025 жыл – құқық қорғау және қаржылық қауіп-қатерден сақтану саласында нақты нәтижелерге қол жеткізген жыл болды. Бұл өзгерістер Палатаның белсенді жұмысының нәтижесі аясында жүзеге асты деуге толық негіз бар. Жыл бойы Палатаға 52 кәсіпкер өз мәселесін жеткізді, олардың әрқайсысы ерекше мәнге ие: төленбей қалған қаражат, тоқтап қалған құрылыс, заңда көрсетілмеген талаптар. Нәтижесінде 27 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, 3 миллиард 228 миллион теңгеден астам қаржының жоғалуына тосқауыл қойылды.

Қаржылық тәуекелдерді азайту бағытындағы жұмыс салықтық жүктемені төмендету мәселесін де қамтыды. Кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштер негізінде Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені төмендету мәселесі бірнеше рет талқыланды. Аталған сұрақ Палатаның ұйымдастыруымен өткен жиындарда, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен қаралып, нәтижесінде Семей қаласында арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл қадам шағын және орта бизнес субъектілеріне түсетін салықтық жүктемені азайтып, кәсіпкерлік белсенділікті сақтауға бағытталды.

Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында Палатаның кәсіпкерлер мүддесін қорғаудағы нақты жұмысы айқын көрініс тапты. Инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымға жұмсалған миллиардтаған теңге қайта есептеліп, кәсіпкердің шығыны өтелді. Бұл тек жеке кәсіпкер үшін ғана емес, өңірдегі құрылыс нарығының тұрақтылығы үшін де маңызды шешім болды. Құрылыс саласындағы тағы бір мәселе – пайдалануға берілмей тұрған тұрғын үйлер – Палатаның араласуымен шешіліп, 4 мың шаршы метрге жуық пәтер халыққа берілді. Бұл өзгеріс сырттай шағын көрінгенімен, аймақ экономикасына әсері айтарлықтай болды.

Коммуналдық қызметтер саласындағы бірқатар түсініспеушіліктер де оң шешімін тапты. Кәсіпкерге көрсетілмеген қызмет үшін есептелген 180 мың теңге берешек жойылып, оның құқықтары толық қорғалды. Ал ауыл шаруашылығы саласында шаруа қожалығының бұрғылау жұмыстарына алынған субсидиясын сақтап қалуы аграрлық секторды қолдаудың нақты нәтижесін көрсетті.

Мұндай істер тек қаржылық немесе материалдық шығынды азайтумен шектелмей, кәсіпкерлердің мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырды. Кәсіпкерліктің тұрақтылығы – жеке бизнес үшін ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды фактор екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Бұл нәтижелердің негізінде мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл мен жүйелі жұмыс жатыр. Палата жыл ішінде 26 ресми хат пен сұрау жолдап, прокуратура, әкімдік және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс жүргізді. Жүргізілген талдау нәтижесінде өңірде негізсіз жоспардан тыс тексерулер тіркелмей, кәсіпкерлер үшін қауіпсіз әрі болжамды жұмыс ортасы қалыптасты.

Күрделі мәселелер, соның ішінде жер қатынастары, салық даулары және мемлекеттік сатып алу саласындағы түйткілдер Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес отырыстарында қаралды. Жыл бойы өткен 13 отырыста 15 мәселе талқыланып, 35 ұсыным әзірленді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған төрт мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Палата қызметі тек жекелеген мәселелерді шешумен шектелген жоқ. 2025 жылы кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарлар, дөңгелек үстелдер мен жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, бизнес өкілдеріне заң талаптарын дұрыс қолдану, қаржылық есептілік жүргізу және мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдалану жөнінде кеңестер берілді.

Сонымен қатар, өңірде бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтуға ерекше назар аударылды. Инвесторлық жобаларға құқықтық сүйемелдеу көрсетіліп, ірі жобалар мен стартаптардың іске қосылуына кедергі келтірген бюрократиялық тосқауылдар жойылды.

2025 жылдың қорытындысы Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының жұмысы нақты нәтижеге бағытталғанын айқын көрсетті. Бұл – бизнес үшін қауіпсіздік пен сенімділік, ал өңір үшін тұрақты экономикалық өсімнің берік негізі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174