«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодарлық ауылшаруашылық тауар өндірушілері көкөніс экспортына қойылуы мүмкін тыйымға алаңдаулы

2026 жылғы 12 Қаңтар
- Павлодар облысы
1972 просмотров

Осы мәселеге арналған кездесуге өңір кәсіпкерлері мен облыстық мемлекеттік органдардың басшылары жиналды. Жиынға Павлодар облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов модератор болды, ал негізгі спикер Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов болды.

Бейнебайланыс режимінде кеңеске “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры, директоры Еркен Наурызбеков пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай қатысты. Ерқанат Әбенов алдағы уақытта енгізілуі мүмкін шектеулер туралы ақпараттың аграрлық сектор өкілдерінен түскенін атап өтті.

«Сіздерден 2025 жылғы өнімге, атап айтқанда сәбіз бен картопқа экспорттық шектеу қойылуы мүмкін екені жөнінде хаттар келіп түсуде. Осыған байланысты біз бұл кеңесті ұйымдастырдық», – деп Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жүгінді.

Нұржан Әшімбетов Қазақстанда отандық ауыл шаруашылығы өнімін өткізу мәселелері мезгіл-мезгіл туындайтынын растады. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде биліктің қандай да бір тауарды сатуға тыйым салуы дұрыс емес деп саналады.

«Біз қазақстандық өнімнің экспортын арттыру үшін күресіп келеміз. Сауда қызметі туралы заңда: уәкілетті орган (біздің жағдайда – ҚР Сауда және интеграция министрлігі) өнім тапшылығы немесе азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген кезде өнімді сыртқа шығаруға тыйым салу нормаларын енгізуді ұсына алады деп жазылған. Мемлекеттік органдар баждар мен тыйымдарды енгізгенде осыған сүйенеді. Қазір біз Парламентте бұл норманы салалық аграрлық комитетпен келісу арқылы, орынды әрі ақылға қонымды пайдалануды ұсынудамыз. Біз – фермерлер жағындамыз», – деді мәжілісмен.

Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исиннің айтуынша, 2025 жылы өңірде сәбіз егіс алқабы 5 мың гектарды құрап, 165 мың тонна өнім жиналған. Өткен жылғы өнім жинау басталғаннан бері Өзбекстанға, Ресейге және Қырғызстанға 8,9 мың тонна экспортталған. 2026 жылы Ресей Федерациясына 0,3 мың тонна сәбіз шығарылған.

«Қазіргі таңда көкөніс қоймаларында сатуға арналған 64 мың тонна сәбіз бар. Оның 30 200 тоннасы тоңазытқыш жабдығымен қамтылмаған қоймаларда сақтаулы. Ақпан айының соңы – наурыздың басында күн жылынған кезде бұл сәбіздің бұзылып кету қаупі бар», – деп облыстық ауыл шаруашылығы басшысы жағдайды сипаттады.

«Черноярский 2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Николай Надедов өңірде көкөніс өсірушілер бұл дақылды жеткілікті көлемде өндіргенін растады. Жинау кезеңінде қар жауып, артынан қатты аяз түскендіктен, павлодарлық өнімнің бір бөлігін Ресей сатып ала бастаған.

«Ресей біздің өнімді сатып алуға ашық, бірақ 15 қаңтардан бастап бұл елге экспорт жабылуы мүмкін деген әңгіме бар. Бұған жол беруге болмайды. Омбы, Новосібір, Барнаул қалалары біздің сәбізді сатып алуға дайын. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері оны сатып, түскен табыспен несиелері мен лизингтерін өтеуге мүмкіндік алар еді. Егер шекара жабылса, олар күйреуі мүмкін: фермерлердің басым бөлігі үлкен шығынға ұшырап, бір айдан кейін сәбіз қоқысқа тасталуы ықтимал», – деді Николай Надедов.

ҚР ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры, директоры Еркен Наурызбеков депутат пен Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры көтерген мәселені қолдады.

«Енгізілуі мүмкін қазақстандық тауарларды сыртқа шығаруға тыйым салудан фермерлер ғана зардап шегеді. Ал түпкі тұтынушы да пайда көрмейді, өйткені Сауда министрлігі күткен бағаның төмендеуін көрмейді», – деді ол.

«Біз, Павлодар облысының көкөніс өсірушілері сияқты, фермерлер өндіретін картоп, сәбіз және өзге де өнімдерді шетелге шығаруға тыйым салуға қарсымыз. Облыс басшылығы бұл жөнінде Премьер-Министрдің орынбасарына, Сауда және интеграция министріне хат жолдады. Біз «Атамекен» ретінде өз бағытымыз бойынша, ал Нұржан Кемерұлы Парламент Мәжілісіндегі аграрлық комитет мүшесі ретінде өз желісі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бірлесіп қажетті нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», – деп түйіндеді Павлодар облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174