Ұлттық тауарлар каталогы: бизнес пен билік ортақ шешім іздеуде
Үкімет шағын бизнес үшін құрал-жабдықты субсидиялау мүмкіндігін қарастырып жатыр
Бүгінде билік дәліздерінде және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікірталас алаңдарында Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізу тақырыбы қызу талқылануда. Техникалық терминологиясы күрделі көрінгенмен, оның артында елдегі әрбір сауда орнының мүддесі тұр.
Жаңа салықтық әкімшілендіру ережелерінің күшіне енуіне екі аптадан аз уақыт қалды. Іскерлік орта бұл кезеңді әлдеқашан «сын сағаты» деп атап кеткен. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кезекті маңызды кеңестің жұмысын алаңдатарлық, бірақ шынайы тұжырымнан бастады: ақпараттық-түсіндіру жұмыстары реформаның қарқынына ілесе алмай отыр.
«Аймақтардан түсіп жатқан сұранысты көріп отырмыз, ірі импорттаушыларды естіп жатырмыз. Бүгінде тетіктер бойынша нақты қалыптасқан түсінік жоқ. Сондықтан, талқылауды кезең-кезеңімен жүргізуді ұйғардық. Бүгінгі назарда – тауарлар каталогы. Нормалар міндеттелмей тұрып, бізге түсінікті алгоритмдер қажет», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Кәсіпкерлердің басты наразылығы – «әдіснамалық тығырық». Аванстық төлемдерді қалай жүргізу керек? Сыйлық сертификаттарын қалай есепке алу қажет? Бір чекте тауарлар мен қызметтерді қалай бөлуге болады? Бұл сұрақтар әзірге жауапсыз қалып, осының салдарынан келешекте болуы мүмкін сот дауларына қатысты қауіп тудырып отыр.
.jpg)
Орталық ұстанымы – санкция емес, диалог
Өз кезегінде мемлекеттік органдар ымыраға келуге дайын екенін байқатуда. СИМ Цифрлық трансформация департаменті директорының орынбасары Дәулет Утенов нарық қатысушыларын сабырға шақырып, мемлекет бизнеске кедергі қоюды мақсат тұтып отырмағанын жеткізді.
«Біз көбіне жазбаша жауап береміз, алайда қазір кешенді әдіснама қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Ешкімді жазалау ойымызда жоқ, өтпелі кезең біртіндеп болады. Бизнесті бұл үдеріске жеңілірек қарауға шақырамыз – бұл әлемдік тәжірибе, біз оны өз жағдайымызға бейімдеп жатырмыз», – деді Утенов.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов та бұл ойды қолдап, 2026 жыл сынақтық пайдалану кезеңі болатынын атап өтті.
«Тауарлардың басым бөлігі каталогта бекітілген кезде ғана жүйе өнеркәсіптік кезеңге өтеді. ҰТК кодтары болмағаны үшін электронды шот-фактуралар бұғатталмайды. Мемлекеттік кірістер комитеті жазалаушы емес, проактивті өзара іс-қимылға бағдарланған», – деп сендірді Тұрысов.
Қазір Қаржы министрлігімен және Сауда және интеграция министрлігімен келіссөздер үдерісі жанданды. Тараптар бизнес-қауымдастық мүддесін міндетті түрде ескере отырып, Ұлттық тауарлар каталогын дамыту бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеуге келісті.
Қаржы министрлігінің басшылығы кәсіпкерлермен апта сайын немесе екі аптада бір рет тұрақты кездесулер өткізу туралы бизнес ұсынысын қолдады. Ведомство дерегінше, жүйеде шамамен 15 млн тауар позициясы тіркелген, олардың 750 мыңы модерация кезеңінен өтуде.
Осыған байланысты Қаржы министрлігі бизнес өкілдерін жүйе операторымен белсенді өзара іс-қимылға шақырады.
Мәселенің техникалық бөлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығының (ЦЭДО) мойнына жүктелген. Цифрлық сервистер департаментінің директоры Іңкәр Құсайынова қызықты жайттармен бөлісті: жүйеде миллиондаған позиция бар, ал модерацияны жасанды интеллект жүргізеді. Алайда «машинаға» адами фактор кедергі келтіріп отыр.
(1).jpg)
«Халықаралық брендтердің (мысалы, LC Waikiki, Procter & Gamble, Gloria Jeans) отандық өндірушілерге қарағанда белсендірек екені өкінішті. Қазір өз карточкаларын небәрі 200-ге жуық қазақстандық компания толтырды», – деді ол. Сондай-ақ, кейбір қолданушылар карточка атауларына әдейі «бейәдеп сөздер» жазатынын атап өтті.
«Ақылды» жүйелерден ауыл дүкендеріне дейін
Magnum сияқты ірі желілер үшін салмағы өлшеніп сатылатын тауарларды техникалық интеграциялау айтарлықтай проблема болса, шалғай өңірлерде мәселе әлдеқайда қарапайым.
Жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету қауымдастығының президенті Владимир Быковтың айтуынша, интернет тек биік жерлерде ұстайтын ауылдарда әрбір жеке кәсіпкер үшін қымбат сканерлер мен смартфондар сатып алу – орындалуы қиын міндет.
Бұл тұрғыда ШОБ дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Кариннің ұстанымы бәрінен қатаң болып шықты. Ол реттеушілік вакуумды және нормативтік базаның әлсіздігін сынға алды.
«Үш беттен тұратын бұйрық мыңдаған кәсіпорынның өмірін реттей алмайды. Біз ҰТК-ны міндетті түрде енгізуді 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ресми түрде шегеруді талап етеміз. Бизнес жұмыс істемейтін жүйенің қателіктерін өз есебінен түзетпеуге тиіс», – деп түйіндеді ойын Карин.
Тәсілдер әртүрлі болғанымен, кеңес қорытындысы көңілге үміт ұялатады. Тараптар өзара айыптаулардан «Жол картасын» қалыптастыруға көшті. Үкімет шағын бизнеске арналған жабдықты субсидиялау мүмкіндігін қарастыруда, ал «Атамекен» ҰКП техникалық мәселелер бойынша нақтылаушы сұрақтар пакетін дайындап жатыр.
Келесі кездесу жақын уақытқа жоспарланған. Онда кәсіпкерлер Сауда және интеграция министрлігінен тікелей жауаптарды күтуде. Қазақстандағы сауданы цифрландыру ұзақ әрі күрделі келісімдердің нәтижесі болатыны анық.
Мемлекеттік органдармен өткізілген кеңестің толық нұсқасын сілтемеден көруге болады



Пікір қалдыру:
Пікірлер: