«Атамекен» ҰКП Төралқасының Энергетика комитеті: 2025 жылдың қорытындысы мен алдағы міндеттер
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Энергетика комитеті 2025 жылғы қызметінің қорытындысын шығарды. 2025 жыл сала үшін күрделі болғанымен, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайту және нақты шешімдер әзірлеу тұрғысынан мазмұнды әрі нәтижелі кезең болды.
Жыл бойы Комитет энергетиканың негізгі жүйелік мәселелеріне арналған 12 отырыс өткізді. Отырыстарда электр және жылу энергетикасының дамуы, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), сондай-ақ саланы цифрландыру мәселелері қаралды. Комитет нақты нарықтық проблемалар мен оларды шешу тетіктері талқыланатын тиімді жұмыс алаңы ретінде толық қалыптасты.
2025 жылы атқарылған жұмыстар
Комитеттің басты назарында тарифтік саясат, өңірлік электр желілік компаниялардың қаржылық тұрақтылығы, кассалық алшақтықтар, нарық қағидаларын жетілдіру, көтерме және теңгерімдеуші нарықтардың жұмыс істеуі, бөлінген генерацияны дамыту, энергия жинақтау жүйелерін енгізу, желілерді жаңғырту және саланы цифрландыру мәселелері болды.
Бірқатар бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Комитет алаңында қалыптастырылған бизнес ұсыныстары нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру барысында ескерілді, бірқатар бастамалар іске асыру сатысында тұр. Энергетика министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, KEGOC, КОРЭМ және өзге де нарық қатысушыларымен тұрақты әрі сындарлы диалог жолға қойылды.
2025 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Энергетиканы жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру аясында генерация мен желілік инфрақұрылымды жаңарту үдерісіне қазақстандық өндірушілердің қатысуы аса маңызды. Комитет саланы жаңғырту жергілікті өндірісті, кооперацияны дамыту және нарыққа қолжетімділіктің ашық қағидаттарымен қатар жүруі тиіс деген ұстанымды жүйелі түрде қорғап келеді.
Осы тұрғыда отандық тауар өндірушілердің қатысуы аса қажет және экономикалық тұрғыдан тиімді салалар айқындалды. Атап айтқанда, жылу-механикалық жабдықтар, электротехникалық өнімдер және электроэнергетикаға арналған цифрлық шешімдер. Бұл бағыттардағы жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады.
Бизнеске арналған цифрлық құралдар тақырыбы да маңызды орын алды. Комитет eGov-Business платформасы мен бизнестің цифрлық картасын энергетикалық компаниялардың сұранысы мен отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін ұштастыратын тиімді тетіктер ретінде дамытуға қолдау білдіреді. Бұл тәсілдер Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес келеді және кәсіпкерлер үшін анағұрлым ашық әрі болжамды орта қалыптастырады.
2026 жылға арналған жоспарлар
Жыл қорытындысы бойынша Энергетика комитетінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Ол салалық күн тәртібінің барлық негізгі бағыттарын — стратегиялық жоспарлаудан бастап реттеу мен инвестициялаудың қолданбалы мәселелеріне дейін қамтиды.
Басым бағыттар қатарында электр энергетикасын дамытудың бас схемасын әзірлеу, тарифтер жөніндегі кеңес құру, өңірлік электр желілік компаниялардың жұмысын тұрақтандыру, ЖЭО-ларды жаңғырту, есепке алу құралдарын және АСКУЭ жүйелерін дамыту, технологиялық қосылу рәсімдерін жеңілдету, теңгерімдеуші нарықты жетілдіру, жабдықтарды локализациялау мен бөлінген генерацияны дамыту бар.
Сондай-ақ, 2026 жылы энергия жинақтау жүйелері, ЖЭК-ті энергожүйеге интеграциялау, нарықты цифрландыру және кадрлық мәселелер, соның ішінде инженерлік мамандар тапшылығы мен салалық ғылымды қайта жандандыру жеке бағыттар ретінде қарастырылатын болады.
Энергетиктер күні қарсаңында
Комитет отырысы елімізде 22 желтоқсанда атап өтілетін «Энергетиктер күні» қарсаңында өтті. Жыл қорытындысын шығару аясында энергетика саласының дамуына қосқан үлесі, кәсібилігі мен көпжылдық адал еңбегі үшін сала қызметкерлеріне алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Энергетика комитеті 2025 жылғы бірлескен жұмыс үшін Комитет мүшелеріне, салалық қауымдастықтарға, сарапшыларға, мемлекеттік орган өкілдеріне және «Атамекен» ҰКП серіктестеріне шынайы алғысын білдіреді. Бизнес пен мемлекеттің сындарлы өзара іс-қимылы энергетика саласы мен жалпы ел экономикасының орнықты дамуының басты шарты болып қала бермек.

Комитет жұмысы 2026 жылы да отандық бизнесті қолдауға, практикалық шешімдерге және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға басымдық бере отырып жалғасын табады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: