«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы «Заңгер кеңесі» жобасын іске қосады

2025 жылғы 17 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
193 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнеске арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық жоба - «Заңгер кеңесі» жобасын іске қосады. Жобаның мақсаты — кәсіпкерлерге құқықтық мәселелерде жақсырақ бағдарлануға, өздерін сенімді сезінуге және өз мүдделерін уақтылы қорғауға көмектесу.

Күн сайын ШҚО Кәсіпкерлер палатасына шағын және орта бизнес өкілдерінен көптеген өтініштер келіп түседі. Талдау көрсеткендей, проблемалардың едәуір бөлігі заңдық рәсімдер мен құқықтарды қорғау тетіктерін жеткілікті деңгейде түсінбеуден туындайды. Жаңа жоба осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.

«Заңгер кеңесі» - бұл Палата мамандары күрделі құқықтық тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіретін, тәжірибеден алынған нақты жағдайларды талдайтын және практикалық ұсынымдар беретін тұрақты жарияланымдар топтамасы. Нәтижесінде кәсіпкерлер күнделікті жұмысында пайдалана алатын құқықтық білім қоры қалыптасады.

Жобаның алғашқы материалы азаматтық сот ісін жүргізудегі жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізуге арналған. Бұл - кәсіпкерлер соңғы уақытта жиі бетпе-бет келіп жүрген өзекті тақырып.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Алыстан Маратов келесі мәселелерге жан-жақты тоқталады:

  • жеңілдетілген іс жүргізу деген не және ол қандай жағдайларда қолданылады;

  • тараптарды шақырмай, істерді жедел қараудың артықшылықтары;

  • қандай даулар жеңілдетілген тәртіппен қаралуы мүмкін;

  • егер сот шешімі шығарылып, заңды күшіне енсе, кәсіпкер не істеуі керек;

  • өз құқықтарын алдын ала қорғауға көмектесетін превентивті шаралар.

Соңғы жылдары кәсіпкерлер сот шешімінің бар екенін тек атқарушылық іс жүргізу кезеңінде, яғни жеке немесе мемлекеттік сот орындаушылары іс қозғағаннан кейін ғана біліп жататын жағдайлар жиілеп кетті. Әдетте мұндай шешімдер тараптардың қатысуынсыз, дәл осы жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қабылданады.

Жоба аясында Палата заңгерлері бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін, шешімдер қандай мерзімде қабылданатынын, соттың тараптарды қалай хабардар ететінін, сондай-ақ кәсіпкердің сот актісінің күшін жою немесе оған шағымдану үшін қандай заңды құралдары бар екенін түсіндіреді.

Тәуекелдердің алдын алуға да ерекше назар аударылады: ҚР Жоғарғы Сотының «Сот кабинеті» сервисінде тіркелу және деректерді өзектендіру, хабарламаларды бақылау, сот құжаттарына уақтылы әрекет ету мәселелері кеңінен қарастырылады.

«Заңгер кеңесі» жобасының басты мақсаты - ШҚО кәсіпкерлеріне өз құқықтарын сауатты қорғауға, құқықтық тәуекелдерді азайтуға және мемлекеттік органдармен әрі контрагенттермен өзара іс-қимылды сенімді түрде құруға көмектесетін практикалық құралдар ұсыну.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастықты жарияланымдарды қадағалап отыруға шақырады - алда көптеген өзекті әрі пайдалы тақырыптар бар.
Кәсіпкерлер өз сұрақтарын да Палатаға жолдай алады: ең өзектілері «Заңгер кеңесі» жобасының келесі шығарылымдарында талқыланатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174