«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да кәсіпорындар үшін тәлімгерлік бойынша тренер-мультипликатор даярланды

2025 жылғы 15 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
476 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында енді кәсіпорын мамандарын тәлімгерлікке  оқытатын сертификатталған тренер-мультипликатор бар. Бұл, әсіресе, ШҚО колледждерімен дуальды оқыту жүйесі аясында жұмыс істейтін компаниялар үшін аса маңызды.
Оқудан ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Асет Адылхан өтті. Ол Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған арнайы курстан өткен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының 20 өкілінің бірі атанды.
Оқу бағдарламасын «Атамекен» ҰКП Адами ресурстарды дамыту департаменті директорының орынбасары Лязат Шонаева әзірледі. Бағдарлама «Өндірістегі оқыту тәлімгері» кәсіби стандартына негізделіп, 10 күнге созылды. Қатысушылар 8 модульден өтті, онда құқықтық аспектілер, тәлімгерліктің заманауи әдістері, коучинг құралдары, білім алушыларды ынталандыру және өндірісте кадр даярлаудың практикалық тәсілдері қамтылды.
Сабақтарды сертификатталған бизнес-тренер Людмила Серекбаева жүргізді.
«Алғашқы күннен бастап ұлттық біліктілік жүйесімен егжей-тегжейлі танысу ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жүйеде ҰКП, жұмыс берушілер, салалық біліктілік шеңберлері, кәсіби стандарттар мен сертификаттау орталықтарының рөлі нақты айқындалғаны анық көрінді. Кадр даярлаудың негізгі тапсырыс берушісі – кәсіпорындар екені, ал дуальды жүйе бизнес пен Кәсіпкерлер палатасының тығыз өзара іс-қимылынсыз мүмкін еместігі белгілі болды», – деп атап өтті Асет Адылхан.
Оның айтуынша, дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық базасын зерделеу Қазақстандағы жүйенің логикасын, дамыған елдердің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып қалыптасқанын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«НҚА-ді нақты білу өңір кәсіпорындарын дуальды оқытудың тиімділігіне сендіруде, сондай-ақ мемлекет пен ҰКП тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын түсіндіруде анағұрлым нәтижелі болуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Қатысушыға SAT-NS холдингіне жасалған іссапар ерекше әсер қалдырды, онда нақты жұмыс істеп тұрған тәлімгерлік жүйе таныстырылды.
«Онда негізгі рөлді HR-қызмет атқарады. Ол колледждерді, тәлімгерлерді, менеджерлерді және студенттерді жүйелі түрде біріктіреді. Дәл осындай тәсіл кәсіпорынның нақты қажеттіліктеріне сай кадр даярлауға мүмкіндік береді», – деп бөлісті Асет Адылхан.
Курста «Жұмыс орнында оқыту» бағдарламасына және тәлімгерлерді даярлау әдістемесіне ерекше көңіл бөлінді.
«Мультипликатор ретінде оқудан өту барысында кәсіби көкжиегімді кеңейткен бірегей тәжірибе алдым. Бағдарлама тәлімгер үшін аса маңызды қасиеттерді дамытуға көмектесті: ынталандыру, тыңдай білу, қолдау көрсету, оқу процесін жоспарлау және бақылау», – деді ол.
2026 жылы Шығыс Қазақстан облысында дуальды оқыту жүйесі аясында колледждермен жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін шамамен 100 тәлімгерді оқыту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде компаниялар бағдарламаға қатысу үшін 8-777-273-74-37 телефоны арқылы өтінім бере алады. Оқу 2026 жылдың көктемінде басталады.
Алынған білім мен тренер-мультипликатор мәртебесі өңірде тәлімгерлікті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге, кадр даярлау сапасын арттыруға және ШҚО-ның экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174