Қарағанды кәсіпорындары елдің басты салалық премияларының жеңімпаздары атанды
Бүгін Астанада жылдың басты бизнес шарасы – «Қазақстанның үздік тауары», «Іскер», ТМД сыйлығы, «Кәсіби маман» кәсіби премиясы және «Парыз» әлеуметтік премиясы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтуде. Қарағанды облысының бірқатар кәсіпорындары үздіктер қатарынан көрініп, бірнеше маңызды номинацияда марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы және оған ілеспе салалық конкурстар отандық компаниялардың сапа деңгейі мен стратегиялық тиімділігін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі саналады. Соңғы 20 жыл бойы бизнес-сектордың дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік кәсіпкерлер жыл сайын осы премиялар арқылы марапатталып келеді.
Қарағанды облысының кәсіпорындары да аталған конкурстарға белсенді қатысып, лайықты нәтиже көрсетуде. Мәселен, республикалық «Қазақстанның үздік тауары» конкурсында халыққа арналған ең үздік өнім ретінде WEC Trade компаниясы марапатталды. Кәсіпорын биоыдырайтын тұрмыстық химия өндіреді, оның сапасы импорттық баламалардан кем түспейді. Бүгінде компанияның өнім желісінде 28 атау бар.

«Бұл марапат – экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қазақстандық өнімнің нарықта бәсекеге қабілетті екенінің дәлелі. Біз биоыдырайтын тұрмыстық химияны көптеген жылдар бойы дамытып келеміз және өнім сапасына ерекше назар аударамыз. Бұл жеңіс бізге ассортиментті кеңейтіп, Қарағандыда жасалған өнімге деген сенімді нығайтуға қосымша серпін береді», – деді «WEC Trade» ЖШС директоры Вячеслав Цой.
«Іскер» премиясының жеңімпаздарының бірі — QazTehna ЖШС. Машина жасау саласындағы бұл ірі кәсіпорын тұрақты өсім көрсетіп, инновация енгізу және отандық өндірісті дамыту бағытында айтарлықтай үлес қосып келеді. Зауыт толық цикл бойынша жұмыс істейді: қаңқаны дәнекерлеуден бастап, соңғы сынақтар жүргізуге дейін. Конвейерлік жүйе бойынша бірнеше ондаған автобус өндіріледі. Бір автобустың толық шығу циклі – 10 күн, зауыт тәулігіне орта есеппен 4 дайын автобус шығарады.
Облыстың ең ірі машина жасау кәсіпорны — «Maker» ЖШС ТМД сыйлығының лауреаты атанды. 80 жылдан астам тарихы бар зауыт тау-кен, энергетика және мұнай-газ салаларына арналған жабдық өндіруде көшбасшы мәртебесін сақтап келеді. Сонымен қатар, «Кәсіби маман» кәсіби премиясында кәсіпорынның екі қызметкері — металл конструкцияларын жинау слесары Александр Исупов және кәсіпорын басшысы Жанибек Байгабелов жеңімпаз атанды.
Әлеуметтік жауапкершілік саласындағы «Парыз» конкурсында аймақтың екі компаниясы марапатталды. Rapid ЖШС қызметкерлерді қолдау бағдарламалары, қайырымдылық бастамалары және еңбек жағдайын жақсарту жобалары үшін марапатқа ие болды. Ал «QARMET» АҚ еңбекті қорғау, қауіпсіздік стандарттарын енгізу және әлеуметтік жобаларды іске асырудағы жүйелі жұмысы үшін премиямен марапатталды.
Айта кетейік, «Парыз» — Қазақстандағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша ең ірі мемлекеттік премия.
.jpeg)
Қарағанды облысы кәсіпорындарының ұлттық және халықаралық конкурстардағы жеңістері өңір индустриясының жоғары даму деңгейін, заманауи стандарттарды енгізудегі жүйелі жұмысын және ел экономикасына қосқан үлесін растайды.
«Қарағанды облысының бизнес-қоғамдастығы атынан жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге тұрақты өсім, жаңа жобалар және табыс тілейміз. Сіздердің жоғары әлеуметтік жауапкершіліктеріңіз – барлық кәсіпкерлер үшін үлгі. Қоғамның дамуына қосқан үлестеріңіз өздеріңізге кәсіптеріңіздің өркендеуі мен табысы болып оралсын!» – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: