«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің Ұлттық слёті өтті

2025 жылғы 19 Қараша
580 просмотров

Астанада Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің алғашқы Ұлттық слёті өтті. Іс-шараны Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Форумға еліміздің барлық өңірінен келген 400-ге жуық қатысушы — шағын және орта бизнес өкілдері, жас кәсіпкер әйелдер, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары қатысты.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атынан құттықтау сөзін Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жолдады. Ол әйелдер кәсіпкерлігінің тұрақты экономикалық өсудің маңызды драйвері және өңірлердің дамуының негізі екенін атап өтті.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өз сөзінде әйелдер көшбасшылығының қоғам мен ел дамуына тікелей ықпал ететін маңызды мәдени-əлеуметтік құбылыс екендігін атап өтті.

«Мемлекет әрқашан әйел азаматтарын қолдайды. Бүгінгі жиынға өңірлерден келген түрлі кәсіпте жүрген әйелдердің барлығы еліміздің нығаюына үлкен үлес қосуда. Сіздер кәсіпкерлікпен қоса, отбасы институтын сақтауға бірден бір үлес қосып жүрген азаматсыздар. Бүгінде өзекті мәселелердің бірі – отбасы және ұлттық құндылықтардың дұрыс дәріптелуі. Осыған байланысты аталмыш проблемаларды біз жұмыла шешуіміз керек», – деді Аида Балаева.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов өз құттықтауында әйелдердің ел экономикасының тұрақты дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

«Барша қазақстандық бизнесте жүрген нәзік жандыларды Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күнімен құттықтаймын! Бұл — біздің екінші 8 наурыз мерекеміз десем артық емес: сондай жылы, шабыттандыратын, көркем мереке. Құрметті әйелдер, үйдің де, жұмыстың да тірегі — сіздер. Кәсіпкерлік саласында әйелдерден жауапты жан жоқ. Сіздер — тек отбасының қуаты емес, біз, кәсіпкер ер азаматтар үшін де үлкен шабыт сыйлайтын күшсіздер. Сіздерге мықты денсаулық, жаңа идеялар, батыл шешімдер және зор табыс тілеймін. Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен жеңістерге бастау болсын! Сіздердің энергияларыңызға, еңбектеріңізге және көшбасшылық қызметтеріңізге алғыс айтамын!» – деді Райымбек Баталов.

Слёт барысында келесі негізгі бағыттар бойынша панельдік сессиялар өтті:
• «Білім. Бизнес»
• «Қаржыландыруға қолжетімділік»
• «Әйелдер. Бизнес. Саясат»
• «Цифрлық маркетинг және даму технологиялары»

Спикерлер әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетін арттыруға, нарықтарды кеңейтуге және инновацияларды енгізуге бағытталған аналитикалық материалдар, үздік тәжірибелер мен кеңестерін ұсынды. Сарапшылар өзекті трендтерді, қаржылық құралдарды, цифрлық шешімдер мен тиімді бизнес басқару модельдерін талқылады.

Слёт барысында ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан, әлеуметтік жобаларды дамытуға ықпал еткен және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен кәсіпкер әйелдерге Алғыс хаттар табысталды.

Форум қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін алаң болды.

«Бүгін біз кәсіпкер әйелдердің алғашқы слётіне қатысып отырмыз. Ақтөбе қаласының Іскер әйелдер кеңесі белсенді дамып, барлық бағытта жұмыс жүргізуде. Біз бизнесте жүрген әйелдерге оқыту тренингтерін, мастер-кластарын өткіземіз, оларға әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетеміз. «Атамекен» палатасының жанында салалық кеңестер де жұмыс істейді және осы алаңдар арқылы біз бизнес-қауымдастықтағы әйелдердің өсуіне, мүмкіндіктерін кеңейтуіне және кәсіпкерліктегі позицияларын нығайтуына жәрдемдесеміз», – деді слёт делегаты Дина Кенжебаева.

«Атамекен» ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрағасы Лейла Күленова слёттің елдегі әйелдер бизнес-қауымдастығын дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгін біз үшін өте маңызды күн – кәсіпкер әйелдердің алғашқы Ұлттық слёті өтіп жатыр. Бұл идея ұзақ уақыт бойы пісіп-жетілді және қысқа мерзімде біз оны табысты жүзеге асырдық. Қазақстанның барлық өңірінен белсенді көшбасшы әйелдер жиналып, тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетуге келді. Іс-шараның басты мақсаты – Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің ресми ашылуы. Комитет барлық әйелдердің бастамалары үшін ашық, өзара қолдау мен дамудың алаңы болады. Мақсатымыз – бірін-бірі қолдайтын, ел дамуына нақты үлес қосатын мықты қауымдастық қалыптастыру. Слёт жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналып, жыл қорытындысын шығаратын, жаңа бағыттарды айқындайтын күн болатынына сенімдімін», – деді Лейла Күленова.

Слёт қорытындысы бойынша жаңа бірлескен бастамалар құрылып, іскерлік байланыстар нығайды және Қазақстан экономикасының болашағындағы әйелдердің жоғары рөлі айқындалды.

Айта кетсек, «Атамекен» ҰКП әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында білім беру бағдарламалары, консультациялық сервистер, ШОБ-ты дамыту құралдары және экономикадағы әйелдердің рөлін күшейтуге бағытталған жобалар бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174