Ақмола облысында жаңа демалыс орталығы пайда болды
Астрахан ауданы Новочеркасское ауылында белсенді демалуға арналған жаңа орын ашылды: мұнда кәсібін енді бастаған кәсіпкер Валентина Баймағамбетова құрған Пейнтбол клубы ашылды.
Жоба Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Астрахан филиалының қолдауымен жүзеге асырылды. Филиал сарапшылары Валентинге мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес берді, жобаны құру барысында сүйемелдеу көрсетті.
Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде мемлекеттік грант алды. Осы қаражатқа ол 10 пейнтбол маркерін, камуфляж формасы, маскалар мен сауыт-саймандарды сатып алды. Ал жалға алынған алаңды мұнаралары мен баспаналары бар әскери орын стилінде безендіріп, нағыз тактикалық ойын атмосферасын жасады.
Клуб жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтары арасында тез танымал болды. Пейнтбол жарқын эмоция сыйлап қана қоймай, сонымен қатар командалық рухты дамытады, корпоративтік байланысты нығайтып, командада жұмыс істеуді үйретеді.
«Еске салсақ, мемлекеттік грант — бұл жаңа бизнесті бастауға және дамытуға арналған бір реттік өтеусіз қолдау. Оны тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер (үш жылға дейін тіркелген) атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары санаттарынан ала алады» , - деді ӨКП Астрахан филиалының директоры Асхат Бейсенбенов.
Гранттар мен кәсіпкерлікті қолдау туралы толық ақпаратты Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы және оның филиалдарынан алуға болады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: